Балық қорын қорғау шаралары жөнінде
2014 жылдың 18 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, аудандық прокуратура мен ішкі істер бөлімінің қызметкерлері балық қорын қорғау шараларын жүргізу барысында Зайсан көлінің Ақсуат учаскесінде жергілікті 2 тұрғынды балық аулауға тиым салынған мерзімде заңсыз балық аулағандары үшін ұстады.
Оқиға болған жерді тексеру барысында олардың жалпы салмағы 338,5 кг балық, оның ішінде көксерке, сазан және шортан балықтарын аулағандары анықталды. Қоршаған ортаға келтірілген зиян көлемі 187 мың 794 теңгені құрады.
Сол күні Атырау облысының Исатай ауданы аумағында «Бекіре-2014» кең ауқымды балық қорғау акциясы шараларын жүргізу барысында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағасындағы қамыс арасында жасырын браконьерлік базаны тапты. Онда жергілікті өндірістік кооперативтердің бірінде жұмыс істейтін балықшы бар екендігі анықталды.
Оқиға орнында жалпы салмағы 6 кг құраған кесектеліп бөлінген бекіре тұқымдас балығы, бекіре балығының 1,6 кг уылдырығы және моторлы қайық табылып, тәркіленді.
Жиналған материалдар аталған оқиғалар бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына тапсырылды.
ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі
