Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Балалар денсаулығының бағбаны

Медицина саласы- жауапкершілік, төзімділік, табандылық пен батылдықты талап ететін өте күрделі дүние. Ал, медицинаның жүрегі мен тынысына айналған дәрігерлердің орны мүлде бөлек. Бұл сала қателіктерді кешірмейді. «Қамыстың қысқа сабындай» болған мына өмірде қателіксіз адам жоқтың қасы. Алайда, түзеуге келетін және келмейтін қателіктер тізгіні болатынын естен шығармау жөн. Мысалы, журналист немесе мұғалім қағаз бетіне түсірген дүниелерін өзгерте немесе түзете алады. Ал, дәрігерлер үшін бұл мүмкін емес. Адам өмірінің арашасы болған мамандар үшін қателіктің құны бір адамның өміріне тепе тең. Ақ халатты абзал жандардың осындай ауыр жүкті көтеріп, төзімділігімен және аса батылдығымен ерекшеленетіні сөзсіз. Бұл мамандықтың жүгін кез келгені арқалай алмайтынының да себебі осы. Алайда, қиындыққа төтеп беріп, қорқыныштың артынан ермей, әрбіріміздің денсаулығымыз үшін күресетін абзал жандар аз емес.

Қордай ауданы Алға ауылында дүниеге келген Қайрат Дидар Қайратқызы батыл мамандардың қатарында. Білікті маман дәрігерлік жолын С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінде бастаған. Оқуды бітіре салысымен, 2008 жылдан бастап Қордай АОА-ға жұмысқа қабылданып, 2016-2021 жылдар аралығында Балалар кеңесі бөлімшесінде меңгеруші қызметін атқарып келеді. 13 жылдық тәжірибесі бар аға педиатр өте үлкен жауапкершілікті алғашқы күнінен-ақ сезінгенін айтады. Маман індет өршіген тұста күнделікті жұмыс күнін таңғы 08:30-дан бастап 18:00-ге дейін науқастарға медициналық, әрі моральдық көмек көрсетуге арнайды. Педиатр маманы күнделікті балалармен арпалысып, диагнозын қойып, оны емдеуге асығады. Жұмыс барысында Дидар Қайратқызы өзінде психологтарға тән қасиеттің бар екендігін байқамаған да екен. Өйткені, әңгіме барысында маман тек балалар науқасын емдеуді ғана емес, әр балаға тән мінездерін де бірден байқап, соны ескере отырып жұмыс жүргізуді үйренген. Балалар дәрігерінің сөзінше, әр баланың өзіне дарыған мінезі, қылықтары болады. Сол себепті, әр баланы емдеу үшін түрлі тәсілдер қолдану керек. Педиатр маманының жұмысындағы қиындық мұнымен бітпейді. Дидар Қайратқызы балаларға маманданған дәрігер болса да, ересек адамдармен жұмыс жасауына да тура келеді. Яғни, әрбір келген баланың ата-анасына түсіндіру, ем қабылдауға көндіру, сендіру уақыт пен төзімді жүйкені талап етеді. Осы тұста педиатр мамандарының арқалаған ауыр жүгінің салмағын сезінгендей боласың...

Аталған қиындықтарға қарамастан маман өз ісін сүйіп істейді. Әрбір айтылған сөзінен, балаларға деген жылы ықыласынан жұмысына деген махаббаты сезіліп тұрады. Бір ғана нәзік жан ауданымыздағы қаншама балақайдың денсаулығының арашасы болып жүргенінің өзі батылдық емес пе? Дидар Қайратқызы педиатр маманы болу үшін адамның бойында төзімділік, жауапкершілік және балаларға деген қамқорлық, әрі махаббат сезімі болу керектігін мәлімдейді.

0
0
139

Осы тақырып бойынша

Балалар денсаулығының бағбаны - Yvision.kz