Балаңыз оқуда жетістікке жетсін десеңіз...
Күн батты ма, түн келді ме, таң атты ма қайтадан,
Құдіретті тірлігіңе кірістің бе қайта, Адам? – деп, Мұқағали жырлағандай, күнделікті күйбең тіршіліктің шегі мен шеті бар ма? Таң атар атпастан балаңызды көлігіңізге не автобусқа салып алып, бір нәрседен құр қалғандай, жарысқа түсесіз. Өзіміз ғана жарысып қоймай, бұл «ойынға» балаларымызды да қосып әлекпіз. Табиғатпен жаны бір, кішкентай ғана тіршілік иесі, өзінен адамдардың не қалап, не талап ететінін түсіне алмай, бірде ата-анасының, бірде балабақшадағы тәрбиешінің көңілінен шығам деп, бұл ерекше байланыстан кол үзе береді, үзе береді. Бірақ бұл тек бастамасы ғана. Алда кішкентай періштені жарыстың көкесі күтуде...
Осы мәселені неге көтерді деген сұрақ көкейіңізде туындаған болар. Жоғарыда айтып өткен балабақшадағы «миды ашытатын» тәрбиешінің бірі мен едім. Иә, иә, жаңылыспадыңыз, оларға оқу мен жазуды, қосу мен алуды үйретіп қана қоймай, қазақ пен орыс, ағылшын тілдерін де үйреткенмін кезінде. Нақтырақ айтсақ мен ата-аналардың талабын орындауға тырысатынмын. Алдыма келген ата-ананың әңгімесінен «балам жарыстан озып шықпаса, адам болмайды» деген қорқынышқа толы ойлардың лебі сезілетін. Ол кезде табиғатпен құдіретті байланысымды саналы түрде сезіне алмаған мен, барынша баланы біліммен «қаруландыруға» тырысатынмын. Алайда нәтиже ойлағандай болмады басында. Баланың жас ерекшелігін ескере отырып, сабақтарды ойынға толы қылып өткізсем де, олар білімін ата-анасының алдында көрсете алмайтын. Сыныпта менің көзімше ашық әңгіме айтып, талабы мен талантын көрсететін бүлдіршін, ересектердің алдында қорқып, үн-түнсіз қалатын. Сонда менің ойыма «Құдай-ау, неге бұлай болды?! Мен дұрыс оқытпайтын болғаным ба?!» деген ойлар оратыла беретін. Содан ізденіс басталды дейсің...
Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан демекші, Табиғаттың өзі менің сұрақтарыма жауап берді. Дәл сол күндері Алматы жазғы жауын-шашыннан көз аша алмай жүр еді. Мен «урааа, енді бақшадағы қызанақ пен бұрышты ұзақ уақыт суармауға болады» деп қуанып жүрдім, тура соны өзім суаратындай)) Әні-міні дегенше жауын да аяқталып, күн шуағын шаша бастады. Бірақ бақшадағы көкөністердің өнім бермек түгілі, өсетін ойы да болмады ғой. «Бұл қалай? Неге егін өнбей жатыр?» деген сұрақтармен әкеме жүгіндім. Папам: «Қызым, егінге өзің көңіл бөліп суармасаң, жаңбыр мен шуағын шашқан күнге қарамастан, өнім дермейді» деді. Дәл осы әкемнің айтқан сөздері санамның көкжиегін кенеттен кеңейте түсті. Бір сөйлем арқылы кез келген істе қалай табысқа жетуге болатынын айқындап бергендей.

Яғни егер сен белгілі бір істе жақсы нәтижеге қол жеткізгің келсе, оған бүкіл назарың мен ынтаңды салып, істің сәтті болатынына сенімді болуың керек. Ұғынғанымды істе қолдана бастадым. Бұл менің бұрын соңды балаларды оқытуда ынта салмайтынмын деген сөз емес, дегенмен олардың бірденнен бәрін игеріп кететіндігіне күмән келтірген сәттерім болғаны рас. Олардың уақыт өте келе барлығын да үйренетініне шүбәсіз қарай бастағаннан кейін, жұмысымда жаңа толқын байқалды. Шәкірттерім бірінен бірі өтіп, нәтижелерімен қуанта бастады. Осымен барлығы мақсат-мұратына жетті деп ойласыз ба?)) әсте олай емес)) балаларым әлі де ата-анасының алдында қорқақтайтын. Тағы қай жерде гәп бар деп ойға шомылып, жағдайды жан-жақты сараптай бастадым. Оқу процесінде бәрі өз орнында, сонда проблема қай жерде?
Сіз бен біз білетіндей, баланың өміріне әсер ететін ең басты әлеуметтік институттың бірі – отбасы. Бүлдіршінге отбасында қолдау көрсету арқылы, сіз оның болашақ өмірінің берік іргетасын қалайсыз. Ал қолдау көрсету деген не? Қолдау - шыдамдылық таныта отырып, балаға сенім арту. Оның жіберген қателеріне қарамастан, ерте ме кеш пе жетістікке жететініне шүбәсіз сену. Иә, болашақ өмірде білімнің ойнайтын рөлі зор. Алайда бала сол білімді өзінің күшіне деген сенімділіксіз игілігіне қолдана алмайды. Тарыдай болған бала таудай болып өскенше «ойын ережелері» талай ауысатыны сөзсіз. Сондықтан, құрметті менің оқырманым, балаларымыз өмірден өз орнын тапсын десек, оларға күмән келтірудің орнына, сенім артайық. Себебі әрбір адамның бойында өзінің өмірін жақсы арнаға бұра алатын орасан зор күш бар. Тек сабырлық танытып, бала қандай жағдайға тап болса да, сене білейік.
