Балаңыз батыл болсын десеңіз

Сіз балаңыздың өз пікірін білдіре алмайтын, жасық, қорқақ, сылбыр, әлжуаз, өз-өзіне сенімсіз, күдікшіл, тым ұялшақ, семіз, тұйық, қабілетсіз болып өскенін қалайсыз ба?
Мен қаламаймын. Еш ата-ана баласының бойынан аталған қасиеттерді көргісі келмейтін шығар.
Алайда, екі жасар қызымды қыдыртып қайда барсам да, жоқ дегенде, 3-4 маманың қылықтарын көріп қайран қалып келемін. Әсіресе, далаға (аулаға) шыққанда "ештеңе деп қоймайыншы" деп аузыма әрең ие болып келемін.
Айналайын, құрбылар, аяулы аналар, сүйкімді сіңлілер!
Төрт қабырғаға қамалған қаланың баласының бір сергіп мәз болатын жері - аула емес пе? Алысып-жұлысып, қағысып-тебісіп, асыр салып ойнамаса, қыста қар ұстап, сырғанақ теппесе, жазда топыраққа аунап, доп қуаламаса бала бала бола ма? Баланың құмары қана ма?
Ойын баласы ойнау керек. Олар ойынмен өседі, физикалық жағынан жетіледі. Баланы тек интеллектуалды жағынан дамыту - біржақты әдіс, қазақша айтқанда, дұрыс емес.
Баланың әр қимылын аңдып, "үйтпе, бүйтпе" деп зекіріп, үсті-басын қаққыштап, қолын ылғал майлықпен сүрткіштеп, сипалай бергеннен ойынның да, баланың да берекесі кетеді. Үстімді былғап алмайын деп қорынған бала да емін-еркін көсіліп ойнай алмайды, жалтақтап мамасына қарай береді. Қандай аянышты. Балаға бостандық беру қажет (әрине, шектен шығармай). Қазір дене бостандығын көрмеген бала кейін ой бостандығын, еркін пікір, сана бостандығын қайдан біледі? Жалтақ, қорқақ, ез болып өспей ме? Шешім қабылдай алмайтын, тәуекелге бара алмайтын, сылбыр адамдардан қандай тұлға, қандай лидер шығады?
"Жығыласың", "құлайсың", "өлесің, ойбай", "үстіңді былғайсың", "шықпа", "тиіспе", "жап аузыңды", "тух, қақсамашы", "тыныш отыр", "жүгірме", "секірме", "сұрай берме" деген тиымдарға әуес болмайықшы, қыздар.
Әрине, баланы бетімен жіберіп қою да қателік. Тым тасыраңдап, тәртіпсіз болып өскен бала өмірде көп қиыншылықтарға ұшырайды. Бірақ ол туралы басқа блогта пікірлесерміз. Бүгінгі айтпағым, жанайқайым - асты-үстіне түсіп, өбектеп өсірген бала өлік болып шықпасын, абайлайық.
