Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Балаңыз ағылшынша сөйлесін десеңіз...

Еліміз  «Үш тұғырлы тіл» саясатын  ұстанған  күннен бастап,  «Балам қалай 3 тілдің барлығын бірдей меңгереді? Оқытуды қашан бастаған абзал?»  деген сұрақтар әрбір ата-ананы мазалайтыны сөзсіз.  Жахандану заманында әлем жыл санап емес, күн санап өзгеруде. Соған сәйкес білім мен ақпарат та геометриялық прогрессияда өсуде.  Және бұл өзгерістердің басым көпшілігі ағылшын тілінде таратылады. Яғни көтеріп отырған мәселе тек біздің басымызға түскен жағдай емес, әлемнің барлық елдерінің  көкейкесті мәселесі.

 

 

Еліміздің қазіргі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырза TedXAlmaty сахнасындағы  сөзінде  айтып өткендей, бұл жерде ескеретін ерекше жайт бар. Министрдің пікірінше, біз өткенімізге үңіліп, кім болғанымызға емес, болашақта кім болғымыз келетінімізге ден қоюымыз қажет. Сағадиев мырзаның айтуынша, мәдени тәрбие мен білім беруді шатастырмаған жөн. Екеуі де маңызды , алайда екі бөлек дүние. Ұрпағымызды мәдени тұрғыдан тәрбиелеу арқылы біз түп тамырларымызбен байланысты орнатсақ, оларға білім беру арқылы болашағымыздың қандай болатынын анықтаймыз.  Қазіргі таңдағы білім берудің мақсаты –  теориялық білім мен тәжірбиелік дағдыларды қатар игеріп қана қоймай, технологияларды жетік меңгерген, өзін, балаларын, елін асырай алатын бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу.  Ал мәдени тәрбиенің алдындағы мақсаты –  тілі мен тарихы арқылы түп тамырлармен байланысты сақтау. Мәселені түсіндіру  үшін Сағадиев мырза келесі әңгімені өрбітті. Абайдың заманында білімді адамның қатарына кіру үшін, білуге тиіс дүниелер тек Қазақстан мен қазақтар жайлы болса, Ресейге қосылғаннан кейінгі индустрияландыру заманында, бұл ақпарат көлемі көбее түскен. Ал жахандану заманында жоғары білімді адамның білуге тиісті ақпарат пен білімнің 95 % қазақтар мен Қазақстанға қатысы жоқ. Мәселен, химия, физика, биология және т.с.с. заманауи теориялық және қолданбалы ғылымдар. Құнды мәліметтер мен білімнің ағылшын тілінде таратылуы, тіл білмейтін қауымда қиындықтар тудырып отыр.  Түсінгеніңіздей,  ағылшын тілінің маңызы кез келген тұрғыдан алып қарағанда зор. Жарайды, бұл мәселені біршама түсініп алдық.

Енді ойландыратыны, балаларды ағылшын тіліне қанша жастан бастап оқытқан дұрыс?  Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында, Ustudy онлайн тестілеу орталығының ағылшын тілі мұғалімі Омер Орен мырзаның пікірін білдік. 15 жыл бойы ағылшын тілін оқытумен айналысқан Орен мырза, шет тілді балаға қанша жастан оқытқан жөн деген сауалға, келесідей жауап қайырды:

-       Әлемдегі халықаралық стандарт бойынша баланы 5 жастан бастап шет тіліне үйрете беруге болады. Бұны өз тәжірбиемде қолдандым. Балаларымды 5 жастан бастап ағылшын тіліне үйреткенмін. Нәтижесі қуантарлық. Қазір үлкен ұлым 12 жаста. Алматыдағы ағылшын тілінде білім беретін  мектептердің бірінде үздік нәтижелер көрсетіп оқуда.  Ұлымның ана тілін білу деңгейі өз қалпында. Оны түсініп қана қоймай, ойын еркін білдіре алады.

Түсінгеніңіздей, 5 жастан бастап шет тілін үйрену, оңай әрі тиімді.  Бірақ  кейбір «көштен» қалудан сақтанатын ата-аналар бүлдіршіндерін  3 жастан бастап ағылшынша «сайратуда».  Бұған  тіл маманы ретінде менің  айтарым,  кез келген шетел тілін үйрену үшін, адамның санасында белгілі бір тілдің (ана тілдің) іргетасы болуы керек. Сол базаға сүйене отырып, салыстыру мен салғастыру арқылы тіл оңай меңгеріледі. Алайда ана тілінің құрылысы мен сөздерін біршама түсінбеген кішкентай  санасы, өзге тілді меңгермек түгілі, өз тілін ұмыту қауіпі бар. Кейде тіпті шала тілді болып қалатын жағдайлар да кездеседі. Себебі біздің алдымызда екі тілде жетік сөйлеу мақсаты емес, үш тілді игеру мақсаты тұр. Буыны қатпаған баланың миында не болып жатқанын тіпті елестету қиын. Тәжірибемде  бірде бір тілде таза сөйлей алмайтын балалар  да жолыққан. Олар сөйлемдерді қазақша, орысша сөздерден ғана құрап, ешбір тілдің грамматикалық ережелеріне сай қолдана алмайтын.  Осы сынды  жағдайда  ата-анаға баланы оқыту мен үйде сөйлесу үшін тек бір тілді таңдауды ұсынамыз. Олай болмаған жағдайда,  баланың психикасына да зиян келетіні анық. Мектеп табалдырығын аттамай тұрып, кішкентайыңыздың тілін бір қалыпқа келтіріп алсаңыз, оның мектепте өзге тілдерді оңай меңгере алатыны сөзсіз. Бұл тек қазақ тілді ортада өсетін балаға ғана емес,  орыс тілді ортада өсетін балаларға да қатысты. Олардың санасындағы тілдік іргетас бір тілде қаланғандықтан өзге тілдерді біршама оңай игереді. Неге қазақ тілін меңгеру деңгейі төмен деген сұраққа айтарым, барлығы үйрету құралдары мен әдіске байланысты. Қазақ тілінде балаларға арналған қызықты, жоғарғы сападағы мультиктер мен әндер тым аз. Біздегі мультиктер қоры орыс не ағылшын тілдерінде  көптеп шығарылатын мультиктер қорымен бәсекеге әзірше түсе алмайды. Ал бала «мынау қажет», «мынау қажет емес» деп бөліп жармайды. Ол барлығын «қызық» не «қызық емес» деген призмалар арқылы көреді.

Қорытындылай келе айтпағым, құрметті оқырман, қазіргі таңда ағылшын тілінің маңызы ақталған. Ол бәсекеге қабілетті ел болу үшін керек. Және бұл тілді өзінің ана тіліне сүйене отырып үйрену, әлде қайда тиімді болмақ. Біріншіден, ол өз ана тілін біліп өседі, ал екіншіден, өзге тілді оңай меңгереді. Сондықтан балаңыздың алғашқы өмір жылдарында бір тілді, яғни ана тілін мейлінше меңгеруіне  көңіл бөліңіз. Бұл дегеніңіз, барлығы сізге байланысты, құрметті ата-ана. Балаңызбен мейлінше жиі сөйлескен сайын, оның жаны да тыныш, санасы да таза.

 
5
2
1874

Осы тақырып бойынша

Балаңыз ағылшынша сөйлесін десеңіз... - Yvision.kz