Бала құқықтарын қорғау — ел болашағы!
Бала құқығын қорғауда ювеналдық соттардың атқаратын рөлі орасан зор, дегенмен жалғыз өзі жеткіліксіз. Бұл себептен еліміздің жасөспірімдерге байланысы бар басқа да мемлекеттік құрылымдар мен органдар да өздеріне түсетін үлесті кәсіби атқарулары қажет. Соның ішінде ішкі істер бөліміндегі кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекциясы жұмысын құқық бұзғаннан кейін ата анасына әкімшілік хаттама толтырмай, балалардың құқық бұзуларын алдын алумен көбірек айналысулары керек, білім беру бөліміндегі балалар мүддесін қадағалайтын орган кәсіби мамандардан құрылуы қажет. Прокуратура қызметкерлерінің ішінде де жасөспірімдер бөлімі немесе бала істері жөніндегі көмекшілердің белгіленуі мен бірге кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстарды сотта қарау барысында айыптау жағынан прокурорлардың қатысуының қаншалықты қажет екендігі де қарастырылу мүмкін.
Сонымен қатар ювеналдық сотта қызмет атқаратын судьяларға да қойылатын талап қатаң болу керек деп ойлаймын. Өйткені бала тағдырын шешу, баланың ата анасымен қатынасын сараптау, жасөспірімнің қылмыс жасаудағы себебін сот отырысы барысында анықтау үшін тек қана балалар мен отбасына байланысты құқықты білу жеткіліксіз. Ол үшін ең алдымен бала психологиясын ғылым ретінде жеке зерттеп, жасөспірімнің ішкі дүниесін түсіне білетін жағдайға жету керек. Неке және отбасы деген ұғымнан хабардар болмаса, шығарған шешімі заңды болғанмен әділдігі күмән туғызуы мүмкін. Сондықтан ювеналдық соттарға судья тағайындау барысында олардың ішінде құқық білімімен қосымша педогогикалық, писхологиялық білімі барлары немесе бала оқытуы және тәрбиесімен айналысқан мамандарды таңдаған дұрыс па деп ойлаймын. Ал ең бастысы ювеналдық судьяның өзі отбасы иесі болуы шарт, өйткені баланың қамын тек қана балалы біледі.
