Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау
Әлемдік статистикалық деректерге сүйенсек күніне шамамен 370 мың бала дүние есігін ашады екен. Өмірге келген сәбиге қазіргі таңда мемлекет пен біздің тарапымыздан қандай көмек қолы созылуда? Әртүрлі атқарушы органдарға жүгіру, оның табалдырығын тоздырып, қажетті анықтама алу үшін неше мәрте барудың шешімін қазіргі таңда үйде отырып немесе «бір терезеден» алу мүмкіндігі туралы ата-аналар хабардар ма? Балаға туғанда тағайындалатын жәрдемақылар туралы не білеміз? Оны тағайындау ерекшеліктері қандай деген сұрақтарға жауап беріп көрсек. Ол үшін келесі қызметті талқылап көрейік. Ол - «Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау» мемлекеттік қызметі.
Көрсетілетін қызметті қолдану үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына
1) жеке басын куәландыратын құжат (оралмандар үшін - оралман куәлігі);
2) баланың туу туралы куәлігі немесе тууы туралы актілік жазбадан үзінді көшірме;
3) тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат;
4) жәрдемақыларды беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтер бар құжаттарыңызды алып келіп, өтініш толтыру қажет.
Ал егер қызмет алушының электронды сандық қолтаңбасы (ЭСҚ) болған жағдайда, www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы да жәрдемақыны тағайындау туралы хабарламаны алуға болады. Қабылдау алдын ала жазылусыз және «электрондық кезек» тәртібінде жүзеге асырылады. Қызмет алушының қалауы бойынша портал арқылы электрондық кезекті «броньдауға» да болады.
Қызмет алушы жәрдемақы туралы хабарламаны тегін және 7 жұмыс күні ішінде ала алады. Егер бұл қызмет жайлы толығырақ кеңес қажет болса, бірыңғай байланыс орталығына 1414 қоңырау шалуға болады. Байланыс республика аумағында тегін.
