Балақайлар Қазақстанда өз күшімен әйгілі бола ала ма?
Елімізде өнерлі өрендер аз емес. Соның ішінде көпшіліктің көзіне түспей, бақтары жанбай жүргендері қаншама. Жалпы, Қазақстан бойынша жас жеткіншектерді қолдау ісі қандай деңгейде? Бүгінгі әңгімеміз дәл осы сұрақтың жауабы жайлы болмақ.

Қазіргі таңда Қазақстанда 8-13 жасар балалар арасында өтіп жатқан екі ірі байқау туралы хабардар боларсыз. Олар: «Bala Turkvizyon» және «Аялаған Астана 2015». Алғашқысын өткізуге Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры ұйытқы болып отыр.
2014 жылы «Аялаған Астана» жобасына еліміздің Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Қостанай, Орал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Семей, Көкшетау, Петропавл, Астана сынды 16 қаласынан 1000 бала қатысқан болатын. Биылғы жылғы үміткерлер саны бұдан аз емес.

Іріктеу кезеңінен өту – сайыстың бастамасы ғана. Жүзден жүйрік шыққан өрендер ән, би, актерлік шеберлік сияқты машықтарды тереңдеп игеруге күш салады. Қазылар алқасының сыншылдығы мен қатал талаптары да жеткіншектерді тез ширатады. Болашақта үлкен сахнаға төрінен көрінгісі келген балақай үшін бұл ыстығы мен суығы мол күшті мектеп болмақ.

Ұлттық сайысты ірі бұқаралық ақпарат көздері қолдайтыны аса маңызды. Бұл - финалға өтетін үміткерлер мен жеңімпазды бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұртшылық тамашалайды деген сөз.

Сонымен, жоғарыда айтылған сайыстарды саралай келсек, эстрада сахнасының жұлдызы болу үшін келесі кезеңдерден өту керек:
- Жобаға іліну;
- Іріктеу кезеңінде өзін барынша көрсету;
- Беделді адамдармен қызметтік байланыс орнатуға тырысу;
- Байқау біткен соң, мүмкіндігінше, халықаралық байқауларға жол тарту. Мәселен, Астана қаласында «BALA Turkvizyon-2015» ұлттық іріктеу байқауының жеңімпазы Қазақстанның атынан халықаралық «BALA Turkvizyon-2015» байқауына қатысады. Ал былтыр «Аялған Астана» байқауының жеңімпазы Қазақстанды халықаралық деңгейде айшықтайтын ресейлік «Детская Новая Волна» байқауына жолдама алған еді. Оған қоса, шығармашылық жолын ынталандыру мақсатында бөлінген 1 милллион теңгесі және бар.

«Аялаған Астана» байқауының 2014 жылғы жеңімпазы Мұхаммедәли Жүгінісов әнші Әнел Әріновамен бірге
Айта кететін бір жайт, танымал болу үшін жалғыз басты топ жару – жалғыз мүмкіндік емес. Кейбір балақайлар байқау соңына қарай бірлескен соло, дуэт, ансамбльге бірігіп, сәтті топтар құруы да ғажап емес. Өз кезегінде оларды жұлдызды жетекшілердің өзі үйрететіні тағы да нұр үстіне нұр.
Түптеп келгенде, Қазақстанда эстрада жұлдыздарын жастайынан қолпаштау үшін барлық жағдай жасалған. Баланың дарыны мен үлкен сахнаға деген ұмтылысы шынайы болса болғаны. Жоғарыда аталған байқаулардан өту арқылы тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейдегі әнші болуға мүмкіндік баршылық. Тек, Абай атамыз айтпақшы, тетігін тауып қалану керек.

Қазақтың музыка өнерінде әлемдік деңгейге жеткен тұлғалар аз емес.
Кезінде атақты әнші Әміре Қашаубаевтың сонау Париж төрінде ән салып, сондағы жұртты таңдай қақтырғанын әлі күнге дейін аңыз қылып айтамыз. Бүгінгі заманда да әлемдік сахналарда өнер көрсетіп, төл мәдениетімізді дүние жүзіне танытып жатқан өнерпаздарымыз баршылық. Бұл ретте келесі бейнені назарларыңызға ұсынамыз:
"SOUNDS OF THE GREAT STEPPE" бағдарламасы
Құрметті оқырман қауым! Аралаңызда осындай байқауларға қатысқандар бар ма? Ойымызды ортаға салайық.
