Бәйге талассыз болмайды
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қар-саңында облыс әкімдігінің қолдауымен, Атырау облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйым-дастыруымен Қазақстан Республикасы Гимні авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің бірінші республикалық байқауы өткізілді. Қазақ поэзиясының биігі Абай, Махамбет, Мағжан бастаған алыптармен өлшенер болса, одан кейінгі толқын Жұмекен Нәжімеденов бастаған сөз сардарларымен жалғасады. Азаматтық, философиялық, лирикалық өлеңдерімен қазақ әдебиетіне қайталанбас құбылыс болып келген жыр жұлдызы – ұлттық мақтанышымыз, жас ұрпақтың рухани айнасы. Қазақ поэзиясының биік шыңына айналған Жұмекен Нәжімеденов есімі Қазақ елі барда, әдебиет сүйер әлем барда ешқашан ұмытылмайды.

Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» өлеңіне белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың ән арнауы туындының ғұмырын мәңгілікке айналдырды. Ұлт бойындағы ұлы рухты ұйықтатпай, жарты ғасыр бойы тербеп келген осынау ән бүгінгі күні тәуелсіз Қазақ елінің Мемлекеттік гимніне айналды.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген республикалық «Жұмекен оқулары» тәуелсіз елдің асқақ Әнұранымен басталды. Одан кейін ақынның өмірі мен шығармашылығы сахнадағы үлкен экраннан көрсетілді. Қазақ сөз өнеріне, әдебиет қорына айшықты мұраларын қалдырған Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Интеллектуалды поэзияның бірі де бірегейі Жұмекен ақын – әлемдік деңгейдегі феномен. Күллі ғалам классиктерінің қатарында тұрған ақынның жырларын алты алаш баласы жете біліп, жата-жастана оқиды. Аз ғана ғұмырында әдебиет аренасында ренессанс жасаған Жұмекен Нәжімеденов прозада да кең көсілді. «Ақ шағылдар», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» секілді романдарымен күллі еліміздің қадір-қасиетін, толайым табысын толғап өтті. Оның әр жаз-ғаны өзі туып-өскен Қошалақтың құмындай жұмбақ, күрделі әрі мың бояулы. Бүгінде ақынның шығармаларын жатқа оқитын, жүрекпен түйсінер ұрпақ өсіп келеді. «Жұмекен оқулары» байқауына еліміздің әр өңірінен жиырмаға жуық үміткер қатысып, бағын сынады. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Оңтүстік, Солтүстік, Батыс Қазақстан облыстарының өнерлі жастары келді. Ал, Павлодар облысынан Жастар бастамаларын дамыту орталығының инспекторы, талантты жігіт Оразбек Бахатқан қатысты. Әрине, Оразбек батыс жұртшылығын өз өнерімен тәнті етті.

Қазылар алқасының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қажығали Мұхамбетқалиұлы үздіктерді анықтау қиынға соққанын айтты.
— Бәйге талас-тартыссыз болмайды. Осы сахнаға шығып, өлең оқудың өзі – үлкен күш. Жастардың қай-қайсысы да жақсы өнер көрсетті. Бірақ, «Жүйріктен жүйрік озар» дегендей, олардың еңбегін таза бағалауға тырыстық. Осындай жыр додаларын ұйымдастыратын, шығармашылық адамның бейнесін көрсетіп, олардың есімін ел ықыласына бөлейтін тұлғалар керек. Сонда ел болып, ақынды құрметтей аламыз. Бұл ретте, осы шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастамашы болып отыр. Бұған дейін аймақ басшысын әдебиетті, өнерді қолдайтын азамат ретінде жақсы танитын едім. Елдің алғысына бөленген осындай азаматтарымыз көп болсын, — деді Қажығали Мұхамбетқали-ұлы.

Жүлделі I орынды атыраулық Назира Әшім иеленді. Ақмола облысынан қатысқан үміткер Перизат Жаңғылышбаева мен Маңғыстау облысының үмітін үкілеп келген Айдос Жұмабаевқа жүлделі II орын бұйырды. III орын Шығыс Қазақстан облысы атынан қатысқан Арайлы Алтаева мен жерлесіміз Нұрдәулет Табылдиевке және Оңтүстік Қазақстан облысының қатысушысы Назерке Құлжабаеваға бе-рілді.
Байқау соңы атыраулық өнерпаздардың концертіне жалғасып, Жұмекен ақынның сөзіне жазылған бірқатар әндер орындалды.

дерексөз:http://atr.kz/ сайтынан алынды.
