Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Бәрің бірдей тойшы болсаң ...»

Бүгін №2 колледж (Шымкент қ.) студенттерінің “Кәсібім-мақтанышым” атты шығармашылық жұмыстарының көрмесінде болудың сәті түсті.
52 жылдық тарихы бар оқу орнының түлектері Кеңес заманында қаламыздағы тұрғын үйлер мен мемлекеттік кәсіпорын ғимараттарының үлкен бөлігін тұрғызғаны есімізде. Сол дәстүр әлі өз жалғастығын тауып келе жатқанының куәсі болдық. 
Колледждің материалдық-техникалық базасы мығым, студенттері білікті екенін көзімізбен көрдік. Көрмеде студенттер қолынан шыққан бұйымдар ғана көрсетілген жоқ, жастар өз ұстаздарынан үйренген білім-біліктерін тікелей жұмыс орындарында көрсетті. 
Аралас мектептің мұғалімі ретінде мүмкіндік болған жерде қазақ жастарының жұмысшы мамандықтарын таңдауға құлықсыздау екенін айтып жүрміз. №2 колледж студенттерінің де басым бөлігі өзге ұлт балалары секілді.
...Бірауық ойланыңыздаршы, неге қазақ баласы кәсіптік-техникалық мектепке барғысы келмейді?
Ия, әркімнің де өз баласын «жоғары білімді» азамат ретінде көргісі келетін ниеті құптарлық іс, бірақ сол ниет баланың лайықты білімімен ұштасып жатса ғана игі.
Жыл сайын жаңа жылдан бастап, қаламыздағы осындай кәсіптік-техникалық мектептердің (КТМ) мамандары мектептерге келіп, 9-сынып оқушыларын өз оқу орындарына тарту шараларын жүргізеді. Өз шәкірттерінің шама-шарқын білетін мектеп ұстаздары да оларға көмектесуге тырысады. Бірақ, қазақ сыныптарында оқитын оқушылардың ілуде біреуі ғана КТМ-ке баруға тілек білдіреді. Осы тұрғыда балалардың ата-анасымен сөйлессең, олардың кейбірінен «КТМ-ке өз балаңды оқыт» деген сөзді естіп қаласың. Ал, орыс сыныптарындағы жағдай мүлдем өзгеше, ондағы қыз балалар «шаштараз», «аспаз», «кулинар», ер балалар «электрик», «токарь» «слесарь», «дәнекерлеуші» мамандықтарын таңдап жатады. Ерте бастан өмірден өзінің орнын табуға тырысып жатқан жасөспірімдерді көріп, әуесің келеді. Оның үстіне кез-келген жарнама газеті мен теледидардағы «жүгіртпе жолдарды» қарап отырсаңыз, осы мамандық иелеріне сұраныс та көп.
Қазақстанның еңбек нарқы маман-жұмысшыларға зәру!
Қазір БАҚ беттерінде сапасыз құрылыстар туралы мақалалар жетерлік. Мұндай нысандар өз қаламызда да жетерлік. 
Ол нысандардың құрылысын кім жүргізіп жатыр?
Ол нысандардың көпшілігінің құрылысын Өзбекстандық гастарбайтерлер жүргізіп жатыр.

Өкінішке қарай, елімізде жұмысшы мамандықтарын насихаттау жағы кем тұрғаны анық. 
Еліміздің еңбек нарығы экономист, заңгер, банкир, кеденші мамандықтарына зәру емес. 
Осындай қос-қос дипломы бар азаматтарымыздың базарда, құлбазарда немесе такси айдап жүргенін өздеріңіз білесіздер.
Ендеше, дайын оқу орындары тұрғанда жастарымызды жұмысшы мамандығын таңдауға итермелеуге бізге не кедергі?
Мүмкін, арнайы мемлекеттік бағдарлама керек шығар?
Қазақстанда ЖОО Ассоциациясы бар екенін білеміз.
Мемлекеттік қана емес, тіпті жекеменшік жоғары оқу орындарына да бюджеттен қаражат бөлінетініне қарағанда Ассоциация өкілдері Үкімет пен парламентте бар секілді.
Олай болса, неге кәсіптік білім беретін колледжілердің осындай бір ұйымын құрып, тізе қосып әрекет етпеске? Сосын проблеманы бірге зерттеп, Үкіметке ұсыныспен шығу керек секілді.
Ондай ұйым құрыла қалса, жалпы білім беретін мектептер де тыс қалмас еді. Бүгінгі күні мектеп оқушыларын кәсіптік колледждерге тарту жұмысын тек мектеп пен колледждер ғана атқарып жүр. Баланы құрғақ сөзбен тарта алмайсың. Сондықтан мемлекет осындай оқу орындарынан қаражатты аямау керек. Студенттерге шәкіртақыны көбейтіп, басқа да әлеуметтік жағдайлар жасап, қызықтыру керек. Қалай болғанда да, жұмысшы мамандығы Қазақстанға ауадай қажет. Қытай өзінің 51 кәсіпорынын Қазақстанға көшіретіні рас болса, инженер-техник қызметерлерді өздерімен әкеліп, өзге жұмысқа жергілікті азаматтарды тартары анық. Соған дайын тұруымыз қажет. 
Мәселен, 2-колледжде дайындалатын төмендегі мамандық иелері еліміздің қай өңірінде болмасын, жұмыссыз қалмасы белгілі. Олай болса, осы жолдарды оқыған әрбіріңіздің ағайын - туысыңыз, көрші - көлеміңіз немесе ауыл - аймағыңыз бар деген секілді, жұмысшы мамандықтарын дәріптей жүріңіздер. 
* Электргазымен пісіруші;
*Автомобиль кранының машинисі;
*Автокөліктердің электр құрылғыларын жөндеуші элктрик;
* Автокөлікті жөндеу слесарі;
* Көркемдеу- әсемдеу жұмыстарын жүргізуші;
*Электрондық есептеу машиналарының операторы;
*Жиһаз жинақтаушы; 
*Ағаш ұстасы;
*Радиоэлектрондық жабдықтарды жөндеу және оған қызмет көрсету жөніндегі радио механик (Радио, теле, аудио, бейне);
*Электромонтер;
*Сылақшы...

 
0
0
645

Осы тақырып бойынша

«Бәрің бірдей тойшы болсаң ...» - Yvision.kz