БҚО-да шаруалар ЕХРО-2017 нысандарын көгалдандырмақ
Батыс Қазақстан облысының шаруа қожалықтары ЕХРО-2017 нысандарын безендіру мен көгалдандыру ісіне атсалысуды көздеп отыр.
Мәселен, Улановтар отбасы декоративті өсімдік түрлерін өсірумен 20 жылдан бері айналысып келеді. Көрмеге қажет болады-ау деген өсімдік атаулыны алдынала зерттеп, сұранысқа сай сапалы өнім дайындауға қазірден бастап кіріскен.
Шаруашылыққа тиесілі жылыжайдан сәндік тал-шілік пен гүлдің 250 түрін кездестіруге болады. Бастапқыда тек гүл өсіріп сатумен айналысқан Улановтар кейін бұл кәсіпті отбасылық бизнеске айналдырды. Бүгінгі күні тек раушан гүлінің елуден астам түрі өсіріледі. Таяу арада контейнер үлгісіндегі тәлімбақтың құрылысы басталады. Осы арқылы көшеттерді жылдың кезкелген маусымында егуге мүмкіндік бар. «Ал басты мақсатымыз – ЕХРО-2017 көрмесіне үлесімізді қосу», - дейді кәсіпкер.
Елена Уланова, «Уланов» шаруа қожалығының басшысы:
- Біз ЕХРО көрмесінің қажеттіліктерін зерттедік. Мысалы, биіктігі 4-5 метрге дейін жететін өсімдік түрлері бізде өсіріледі. Сондықтан оны қазірден бастап дайындауға кірістік.
Суару жүйесін жетілдіру арнайы бағдарламаға сәйкес жүзеге асады. Бұл істе Нидерланды елінен шақырылған мамандардың кеңесі ескеруге тұрарлық.
Руд Маасвинкел, сарапшы:
- Біз автоматты суару жүйесінің бірнеше тәсілін қарастырдық. Соның ішінде суды үнемдейтін және декоративті өсімдіктерді өсіруде жақсы нәтижеге жеткізетін жоба көңілден шығып отыр. Голландияның климаты жылы, онда су көп. Сондықтан суару ісінде қиындық болмайды. Ал қазақстандық гүл өсірушілерге бұл бағытта қосымша қаржы шығындауға тура келеді.
Шаруашылыққа тиесілі жердің жалпы көлемі – 50 гектар. Жылыту жүйесімен қамтылған 15 жылыжай бар. Әрбір көшет ерекше күтіп-баптауды қажет етеді. Топырағын уақтылы ауыстырып, тыңайту шараларын жүргізбесе, нәтижеге жету мүмкін емес. Маусым кезінде мұнда 80 адам жұмысқа тартылады. «Маман жетіспейтін болғандықтан, көп нәрсені нақты іс жүзінде үйренеміз»,- дейді шаруалар.
Александр Кравец, өндіріс директоры:
- Агроном мамандығын меңгергендердің дені дәнді-дақылдар мен бақша өсімдіктерімен айналысады. Ал ағаш өсіру ісі бойынша маман тапшы. Сондықтан өз тәжірибемізге сүйенуге тура келеді. Әрине, мына секілді сарапшылардың ақыл-кеңесі біз үшін өте құнды. Бұл істе ғаламтордың да көмегі тие бермейді.
Жаңа жобалардың қатарында жеміс-жидек дақылдарын өсіру де бар. Қазір ауылшаруашылық тәжірибе стансасының мамандары алма ағашының 12 сұрпын аудандастыруға кірісті. Таяу жылдарда оралдықтар жергілікті климатқа бейімделген көшеттерді сатып ала алады.
http://gbpp.org/kz/2015/12/12728
