Бұл жерде өліктер қайта өлмейді
Неге екені белгісіз Жүрсіннің қолы жып-жылы. Аппақ қар қара жердің лайымен баттасып, кешегі ызғардан мұздай болып қатып қалған. Ал Жүрсіннің қолы сол күйі жып-жылы…
***
- Әй, бері келіңдер! Жаңа ғана піскен нан. Ып-ыстық. Бір тістесең қарның ашпайды. Иісі… Құдай-ау, Қатипаш, қойсаңшы, кешегі қатып қалған қамырыңды жұртқа ұсынбастан!
- Немене? Қамыр емес, таза высшыыый сорттың ұнынан осы таңертең белімнің ауырғанына қарамастан…
- Ойбай, көмектесіңдер, көмек бере көріңдер. Ішім-ай, вышәй сорт дей ма? Ойбай-ау, ішім-ай...
“Дүйсенбінің базары күні осыларды Құдай қосып қалады екен”, - деп Жүрсін алдындағы өзінен екі есе үлкен арбаны бар күшімен қанша итерсе де, қараң кеткір арба орнынан қозғалар емес. Сол күйі күздің батпағына малынып бір орында қатып қалды. Жан перісіп, жан алысып жатқан мүшел жасына әлі толмаған қап-қара баланы бала деуге келмейді. Үстіне ілген қоңыр күртешесін жауып тұрған екі тұсындағы уақыт сынағынан аман қалған екі түйме мен суықты кіргізбесін дегендей белден екі айландыра байланған престің жібі. Қып-қызыл беттерін құрылыста киетін қырық тесік қолғаптарымен бір үйкеп, кезекті қалқаңдап тұрған құлақтарына береді. Сырттан қарағанда жұмысына етене кіріскен жұмысшымен шатастырып алу да қиындық тудырмайтындай. Мұның әлде бір нәрселерді сыбырлап, күбір-күбір етіп, зілмендей тұлпарын арлы-бері қинала итеріп тұрған күйіне базар бойы ілінген шатырлардың бірінің астында алдына қорапты қойып алып отырған жалғыз ғана көзі көретін Қармыс шал қарап отырып аң-таң.
- Қайда сонша асығып жан таласып тұрсың, Жүрсін? Түріңе қарасам бейне бір көкпардан қалып бара жатқандай, бұлқынып-бұлқынып қоясың ғой тегі, ә? Қарқ-қарқ күлгенде денесі арлы-берлі дәуіттей селкілдейтіні болған соң ба, тізесі қорабына тиіп кетіп, шашылған тиынның дауысы сарқ ете қалды.
- Не қылдыңыз, а, өз немереңіздей балаға күлемін деп? Беліндегі аппақ жіпті бел тұсына қайта түзеп алып, мұрнын бір сүртті де Жүрсін қарияның ісіне мырс етті.
- Бүгін, Қареке, сол күн. Мені ұзақ күттірген күн келіп жетті. Соған асығып барамын. Мынау құрғыр да шұңқырға түсіп кеткен бе өзі? Шығар емес қой. Бар күшін жинап, тағы бір итерген еді арбасы ары доңғалап, бала ет бетімен жерге құлай жаздаған-тын. Сақтағанда қос қолымен ауаны серпеп, жүгіріп келіп қаздай қайқая тұрып қалды. “Ух”, - деді ішінен, “Үсті-басым лайланбады ма екен?!” Бұл көріністің барлығын көз алдынан тиын теріп жүріп өткізіп алған Қармыс шал бетін бері бұрып:
- Ендеше, тездет. Әпкеңе қарияның сәлемі мен батасын жеткіз.
“Құп”, - деп жүгіре жөнелген Жүрсін үйректің жаңа ғана жұмыртқадан шыққан шөжектеріндей аяқтарын теңселе басып шауып барады. Ойында тезірек жету, уақыттан озу. Бұған қарашаның суығы да қарсы тұра алмайтындай.
Он екіден асқан баланы ерте ер жеткізген уақыт емес, оның жоқтығы тұғын. Бала болып ойнауға, көше кезіп, ауылдың өзге шағасындай инелік аулап, шаңында аунауға Жүрсіннің ешқашан уақыты болмады. Көзін ашып, есін білгелі екі қолында бір темір арба. Өзінше басқалар да оған қызықсын деп “тұлпарына” “Қаршыға” деп ат қойып алған. “Үстіңе не киіп алғасың? Қайыршымен ойнамаймыз”, - деген ауылдас өзімен жасты екі-үш балаларға “Сондай күшті болсаңдар, неге әлі тачкілерің жоқ? Мен ер жетіп қойғанмын. Сендер секілді ойын қуып жүруге уақытым жоқ.”, - деп мырс ететін. Базар болса да, бұл жер Жүрсінге туған үйінен де ыстығырақ. Ең дегенде үсті-басы көгерген анасы мен төсек бетінде жантая жатқан, арағының иісі бүкіл бөлмені алған әкесін көрмейді. Әкесі Исламның аты затына сай келмейтінін алғаш естігенде еш мән бермегенімен, ендігі ненің не екендігіне түсінігі жете бастаған қара домалақ бала да ішінен “Осыдан есейейін, көрсетермін әлі...” деген тұжырымға келіп тоқтаған. Кей кездері көшеде мектепке асығып бара жатқан оқушыларды, олардың ата-аналарын көріп, қызғанантын, “Неге мен қанша тырыссам да, мұның бірін көргенім жоқ?”, - деп қынжылатын. Дегенмен, жастайынан қасапшылықпен айналысқан әкеден қамшынынң сабауынан басқаны күтудің қажеттілігі жоқ-тын. Оны Жүрсін түсінетін. Исламды ауылдың бәрі таниды, не дегенмен, ес білгелі қасапханадан шықпаған, өмірден озса да қасапханадан озатындай. Мал сойып, сойғанда да балтасы не пышағымен етті бір соққанда шекесінің бір жері жиырылмайтын адам ретінде танымал. Ауыл арасында “Қасапшы болсаң Исадай бол” деген сөз тарап кеткен. Ешкім Ислам деп атын айтып шақырмайды.
Жүгіріп келеді, ентігіп келеді. Сол баяғы ирелең жолды “Аяғымды шалмасын” деген оймен жиегінде қалған шөп пен бетіне күз мезгілі түсе жайғасқан жапырақтарды басып, ертерек үйіне жетуді ойлауда. Дәл осы жолмен былтыр ғана әпкесін мектепке шығарып салған. Жүрсіннің бұл екі әпкесінің ішіндегі өзіне жас жағынан да, жылы естеліктерді бөліскен жылдар санынан да жақыны. Үлкенін әкесі бұл есін білмей жатып тұрмысқа беріп тастаған болатын. Жұрттың айтуына қарағанда ол кезде Ұлжан не бары он алтыға толмаған күйі Қазығұрттың ар жағында Түлкібаста қоныс тепкен Жаныс руына келін болған-мыс. Анасының сөзіне қарағанда әлі сонда жүр, ал төркініне келмеуінің себебі “ұят болады.” Бірақ Жүрсін осы сұрақты қойғаннан кейінгі анасының түкпір бөлмеге барып, дауысын шығармай жылауына қарап іші бір жамандықты сезетін. Сол сезім неге екені Ұлболсынның келер күні таяғанда да Жүрсінді жайына қалдырмады. Жүрегі бір жамандықты сезетіндей, “Неге аяқтарым осы кіп-кішкентай”, - деп жылдамдатқысы келіп барады.
Өткен жылдың қыркүйегінің аяғы болатын. Сол бұрынғыша әпкесін мектептен қайтар жолында күтіп тұрған. Өздерінің жоспарлары бойынша, үйдегілері Жүрсіннің мектептің орнына малдың артында болғанын қалайтындығын білгендіктен, тым құрығанда әріп танысын деген ниетпен әпкесі оқуынан оралған сайын не өткендерін, қай әріп қалай жазылатындығын Жүрсінге үйретіп өздерінше “болашақ Ұлболсын апайдың” сабақтарын өтетін. Бірақ, ол жолы Жүрсін әдеттегіден ұзағырақ күтті, күн болса ұясына батып барады. Күте күте амалы таусылған соң үйіне қайтып барса, тойға дайындық басталып кеткен. Он төртке толғанына жарты-ақ жылдың жүзі болған Ұлболсынды әкесі Иса көрші ауылдың қырықтан асып бара жатқан Қабанбай деген бойы мыртық тышқандай кісісіне қарызынан құтылу үшін бергелі жатқаны бүткіл Қараталға белгілі еді. Бұл күннің қайткенде де келерін біліп жүрген Жүрсін сәл кідіріңкіреп тұрды да, сәлден соң бірден ояна кетті. Не істеу керектігін білгендей әпкесін өзінше құтқармақшы болып, бөлмесіне қарай беттеген. Кенеттен кідіріп қалды да анасына қарады, ыдыс-аяқпен алысып жүрген анасына қарады. Аяқтары сол қатқаннан ары қарай жібермеген. Сол күні қанша еңіреп жылағаны белгісіз, бірақ түні бойы әпкесінің қасынан шықпаған, себебі де жоқ емес - қайта көрмесін сол кезде сезгендей.
Міне, бүгін таңертең базарда арба тасып, күнделікті шаруаларымен шапқылап жүрген кезінде көрші үйде тұратын туысқан бала келіп, “Сенің үйіңде бір нәрсе болып жатқандай. Әйтеуір, бәрі той болатындай дайындық үстінде. Дастархан жайып, ет асуда...”, - дегені сол еді “Ақыры келген шығар, көретін болдым-ау”,- деп әпкесіне асыққан тұғын. Әкесі сабамақшы болғанда өзін екі араға қойып кішкентай інісін қорғайтын, үйдегілерге дайындаған асынан бір кесесін кешке бірақ келетін інісіне жасырып қоятын әпкесін ертерек көргісі келді. Болашақта үлкен үй салып берем деп серт еткен бауырына асықты.
***
- Қарағым-ай! Қыршыныңнан кеттің-ау! Құлыным-ай! Құлыны... Құдай-ау, не жаздым саған?
Жәмиләнің екі қолын көрші келіншектер ұстап, бірге айқай сала еңіреп, әруақты шақырып жатты. Қақаған ызғарда қатқан батпақты басып дарбазаның ар жағында жайғасқан машиналардан адамдар бірінен кейін бірі түсуде. Бір-бірімен жайдарлы әңгіме айтып, тіпті, кейбіреулері күліп те қояды. Ауланың сыртында үш-төрт кісі шетке тығылып, шеңберлене орналасып алып арақты ішіп жатқандай өздерінше шүйіркелесіп тұр. Әлгінде келгендер ашық тұрған дарбаза есігінен өте бергені сол еді сынып қалған магнитафондай аңырады да қалды.
- Ойбай-ау! Көкешім-ау! Ойбай-ау! Көкешім-ау! Құдайдың берген құрсағынан кеттің-ау! Құлыным-ау! Жазмыш-ау!
Бұл көріністің бәрін қыраттың беткей тұсынан бұрылған үйіне апарар жолда тұрған Жүрсін көріп тұр. “Дыңңңң...” Әлде бір дыбыс Жүрсіннің құлағына шалынды. Қайтадан “дыңң...” Басындағы дыбыс барған сайын күшейіп жатыр. Қолдары дірілдей бастады, дегенмен бұл қыр-белеске қырау жапқан ызғырық тоңдырғандықтан емес, қайта сол ызғырық аяздан жалынды сезе бастаған адамның қалпы тұғын. Бүткіл дүниесі қарс етіп жерге түскен адамның кейіпі. Жүністің ойы мен көңілін шарпыған ашу емес, не болса да ашу емес, әділетсіздікке деген күйініш пен өміріне деген өкініштің арпалысынан туындаған басқа бір сезім. Алапат дауылдай бар жерді жайпап кетер сезім. Оның бет-әлпеті алдына енді келіп түскен жемтігіне тарпа бас салмақшы болып отырған жыртқыштың шыдамды кейіпіндей сабырлы күйге бөленген. Көздерінде ештеңе жоқ, жанарлары өмір отынан босаған, түбі көрінбес суалған құдықтай. Қап-қараңғы түнек. Біраз кідіріңкіреді де айқай мен у-шудың ортасына бет алды. Дәл сол сәтте бәрі де көз алдынан өтті - көрген қиыншылықтары да, төзген азаптары да, басына түспеген жанұя жылуы да. “Неге мен? Мен не жаздым? Неге Ұлболсын? Біздің сойылған малдан не айырмамыз бар?” Кенеттен тағы да сол дыбыс. “Дыңң...” Құлақтарын жарып бара жатыр. Басын көтере бергені сол еді көздері арақтың бөтелкесін пиялайға құйып отырған Исаға түсті. “Міне жауап. Міне менің жауабым.” Айналада қар жауа бастаған. Бәрі де сұрықсыз, тіпті түрлі түске боялған қирағалы жатқан шарбақтар да реңдерін жоғалтып алғандай, жапырақтарынан айырылған қарағаштардың қасында сұп-сұр болып, қарашаның сатырлатқан желінен теңселіп тұр.
Дыңңң… Бұл дыбыстан соң барлық әлем тынып қалғандай тып-тыныш болды да қалды. Жүніс тынысын терең алуда. Тек өз тынысын естуде. “Қызық, менің қолдарым қызыл. Жып-жылы.” Иса отырған жерінен қиралаңдап барып қардың бетіне қарай құлады. Құлаған жеріндегі аппақ қар ұлпаларынан қалған аралдар бірінен кейін бірі қызыл теңіздің астына шөгіп бара жатыр. “Өліктер қайта өлмейді.”
- Құдай сақтады, сақтап қалды!
- Тірі қалады, аман болады. Баланы алып кетіңдер. Әй, Қатира!
***
- Иа, тыңдап тұрмын. Иа, дұрыс айтасыз, бүгін біздің радиода, құрметті көрермендер, сіздердің оқиғаларыңызбен бөлісетін боламыз. Дәлірек айтсақ, туған жер тақырыбын өрбітудеміз. Хабарласуды ұмытпаңыздар. Дүние есігін ашқан өлкелеріңіз жайындағы ыстық-ыстық естеліктеріңізбен бөлісе отырыңыздар. Номерімі… Иа, дәл қазір бізге қоңырау сонау Қазығұрттан он үш жасар тұрақты тыңдаушымыз хабарласып тұр екен. Қайырлы кеш, сіз тікелей эфирдесіз. Аты-жөніңізді айтып, өзіңізді таныстырсаңыз.
- Қайырлы кеш. Есімім Жүрсін, жасым он үште.
- Өте қуаныштымын Жүрсін. Мұндай жасыңызда біздің тұрақты тыңдарманымыз болғаныңызға үлкен алғысымды айтамын…
- Бүгін туған жер жайында сөйлесіп жатырсыздар. Мен де солай еткім келіп тұр.
- Әрине, не бәрі мүшел жасқа келсеңіз де ересекпен сөйлесіп тұрғандаймын. Сонымен, қандай оқиғамен бөліскіңіз келеді?
- Бірақ, меніңше, кейбір адамдардың туылған жерлері жоқ.
- Ау?
- Білесіз бе, адамдар базардағы арба таситын балаларды қалай атайтынын?
- Ммм, жоқ. Қызық екен, қалай атайды?
- Өліктер. Радиода тыныштық орнады. Себебі, олар көздерін ашқалы, ес білгелі тірілердің санатынан алынып тасталған. Ата-аналарының таңдауы сол, жұрттың таңдауы сол. Сондықтан да, базарды аралағанда ешкім оларды көздеріне ілмейді. Ешкім байқамайды. Бейне бір көрінбейтін көлеңке, бұл әлемде орны жоқ елестер іспетті. Бұл оқиға сол менің туған жерімдегі тағы бір өліктің оқиғасы, туған жері жоқ жандардың оқиғасы...
