"Бөл де, биле" саясатына тойтарыс - бірлікте
Тайпалар тағдыры
Еуразия сахарасында көптеген көшпелі, жартылай көшпелі түркі-моңғол тайпалары мекендеген. Кейбіреулерін атап өтейік: басмылдар (арғындар), наймандар, керейіттер, татарлар, меркіттер, қарлықтар, қырғыздар, қоңыраттар, ұйғырлар, үйсіндер, оңғыттар (уақтар), таңғұттар, маңғыттар, жалайырлар, қияттар, боржігіндер, тайшуыттар, жатжираттар, барластар, кидандар, қарақытайлар, қимақтар, қыпшақтар, тамалар, қаңлылар, алшындар, бұлғарлар, косогтар, хазарлар, шеркештер, буряттар, сахалар, ойраттар, халхалар, тывалар, қатағандар. Үлкенді-кішілі тайпалардың нақты саны бұдан еселеп көп. Уақыт өте бір тайпалар жұтылып, екінші тайпалар бөлініп, үшінші тайпалар атауларын өзгертті. Тілдері ұқсас болғандықтан кейбір тайпалар бірігіп, одақ құрып та тұрды. Мысалы: ұйғырлар 15 тайпаның одағы болған. Сол сияқты, 1206 жылы Шыңғыс хан құрған «Еке моңғол ұлысы» – көптеген тайпалардан құралған мемлекет. Бұл жерде «моңғол» этнонимі тайпаның аты емес, жаңа құрылған тайпалар одағының атауы. Әр түрлі пікір бар: моңғол-мың қол, моңғол- мәңгі ел. Ондай ұқсастық басқа да түркі-моңғол тілдерінің диалектілерінің ішінен табуға болады. Қазіргі «моңғол», « моңғол тілі», «моңғол ұлты» этнонимдері XVI ғасырда халха тайпасының ламаизм дініне кіргенінен кейін қабылданған.
XIX ғасырда Ресей империясы Алтын Орда қирандысында пайда болған тәуелсіз мемлекеттерді жаулауды аяқтады. Қазан, Астрахан, Қырым, Сібір, Қазақ, Қоқан, Бұхар, Хиуа хандықтары қарудың күшімен Ресей империясының құрамына кірді. Ресей идеологтары бірден халық санасынан мемлекетшілдік идеясын жоюды қолға алды. Шыңғыс хан әулеті ел билеу құқығынан айрылды. Халық серкелері, ру басылары шен-шекпен таратудың арқасында орыс патшасына қызметке алынды. Мұндай әрекеттерге көнбегендердің көздері жойылды. Басқарусыз қалған халық, мал тәрізді, қайда айдасаң, сонда жүреді. Сонда да патша билігінің соңғы кездеріне дейін Орталық Азияда ортақ түркілік, мұсылмандық ерекшелік сақталды, жаңа заманның халықтың мүддесін ойлайтын сауатты жаңа көшбасшылар пайда болды.
Кейбір тайпа аттары этнос аттары болып әлі де сақталуда. Олар «ұйғыр», «татар», «қырғыз», «болгар», бірақ бұл этнос атаулары ежелгі тайпа атауларымен сайма-сай келмейді. Қазіргі ұйғырлар ежелгі «үлкен ұйғыр» тайпасының бір бөлігі ғана. Орталық Азияда тұратын халықтардың бәрі өздерін «үлкен ұйғыр» тайпасынан тарадық деп айтуларына болады. Еділ татарлары Ресей билігінің алдында талай рет атауымызды «бұлғарға» өзгертеміз деген мәселені қойды. Бірақ Ресей билігі бұл талапқа үзілді-кесілді тыйым салды. Обь пен Енисей өзендерін мекендеген қырғыз тайпасы Алтын Орда заманынан кейін Орталық Азияға көшіп, сол жердегі тайпалармен араласып кеткен. Орыстар қазіргі «қазақ» аталатын түркі халқын қырғыз атаған. Ол атау 1731 жылдан 1925 жылға дейін ресми құжаттарда сақталған. 1920 жылы құрылған ВКП(б)-ның арнайы орта азиялық Бюросы қырғыздарды екіге бөліп, бірін «қара қырғыз», екіншісін «қырғыз» атаған. Одан кейін «қара қырғыздар» мекендеген жерлерге «Қара-Қырғыз Автономиялық облыс», «қырғыздар» тұрған бөлігіне «Казак Автономиялық Республикасы» атауы берілген. Кейін 1936 жылы бұл атаулар тағы да өзгеріске ұшыраған. Қазіргі болгарлар бабалар тілін ұмытып, славян тілінде сөйлейді.
Империялар
Адамзат тарихында Месопотамияда пайда болған алғашқы империя – Аккад патшалығы, Египет империясы екінші, Хараппа үшінші империя саналады. Содан бері көптеген империялар пайда болып, халықтарды жаулап, одан кейін ыдырап кеткен. Белгілі климаттық, тарихи және географиялық жағдайда қарудың күшімен құрылатын империялардың басы да, соңы да болады. Оған мысал, Македонскийдің империясы, Ұлы Рим империясы, Араб халифаттары, Алтын Орда, Осман империясы, Испан империясы, Британ империясы, Ресей империясы. Империяның титулды ұлты, басты идеологиясы, иерархиясы болады. Иерархияның ең төменгі сатысында қаналған, кішкентай «жұмысшы құмырсқалар» орналасады. Империяның өрлеуі, құлдырауы, күйреуінде өзіндік заңдылықтары болады.
Империя құрсауынан шыққан Қазақстан және басқа да жаңа тәуелсіз мемлекеттер бұрынғы метрополияның идеологиясына, тарихына сыни көзбен қарамай, сараламай толық егемендікке жете алмайды. Бұған империяның титулды ұлты болған орыстардың, олардың Қазақстанда тұрып қалған ұрпақтарының, орыстілділердің ешқандай қатысы жоқ. «Жұмысшы құмырсқалар» империя көсемдерінің ғасырлар бойы істеген әрекеттері үшін жауап бермейді және олардың жасаған қылмыстары үшін өздерін кінәліміз деп санамауы тиіс.
Алпауыт мемлекеттер өздерінен кіші әлсіз халықтардың тарихын қалауларынша жазады. Мұнда басты қағида: империя көсемдерінің отарлау саясатын ақтау, империяның ғұмырын қалай да болсын ұзарту. Ол үшін қол астында болған халықтардың тарихындағы ащы айғақтарды, анық деректерді манипуляциялау әдісі қолданылады. Маңызы зор болған уақиғалар жасырылып, сипаты бүркемеленеді. Кездейсоқ болған жеке дара деректердің дәрежесі көтермеленіп, бұрмаланып, заңдылық деп көрсетіледі. Мысалы, Қазақстан тарихында болған уақиғаны алайық. Бейбіт керуенді тонап, 500 саудагерді себепсіз қырып салған Отырар қаласының билеушісі Қайыр хан қаһарман ретінде сипатталады. Керісінше, халықаралық сауда заңын бұзған Қайыр ханды жазалауды – қылмыс, қатыгездік деп атайды. Отарлаушы елдің идеологтары өз елінің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күрескен отарланған елдің адамдарын қылмыскер, нашақұмар, арамтамақ деп жариялайды. Біртұтас халықтар сатқындар, ұлтшылдар, фашистер аталады. Өз қарындарының тоқтығы, мансап, байлық үшін елінің, халқының мүддесін сатқындарды батыр дейді.
Отаршылдықтан арылған мемлекеттер империяның тарихына сыни көзбен қарағанның өзінде әртүрлі кезеңдерді әділ бағалау тиіс. Өйткені, метрополияның отарлық территориялардың дамуына қосқан позитивті жақтары да болады. Титулды ұлтқа сын айтқанның өзінде империяның идеологиясына басқа да бұратана халықтардың өкілдерінің рөлі болғанын ұмытпауымыз керек. Қызыл империяның қалаушысы болып Владимир Ленин (Ульянов) саналады. Лениннің әкесі Илья Ульяновтың отбасында неміс мәдениеті мен рухының, атасы Александр Бланктың ықпалы басым болғаны белгілі. Лениннің биографы Мариэтта Шагинянның айтуы бойынша, ұлтына қатысты бір ғана сауалнамада «великоросс» деп толтырған. Империяның екінші көсемі, кейін қуғынға ұшырап, серіктестерінің тапсырысымен Мексикада ажал құшқан Лев Троцкий (Бронштейн) – еврей, үшінші көсемі Виссарион Сталин (Джугашвили) –грузин. Бүгінгі Ресей тарихнамасында Ресей империясы, большевиктер туралы сыни мақалалар мен тарихи еңбектер жазылып жүр. Көптеген тарихи тұлғалардың сипаты өзгеріп, қала аттары, ескерткіштері, көше атаулары алынып тасталынып жатыр. Қазақстандық орыстілділер елде болып жатқан ондай өзгерістерге қарсылық білдіруде. Неліктен екені түсініксіз. Бұл өзгерістердің орыстілділерге ешқандай қатысы жоқ. Әлде бұл утопия деп танылған коммунизмді аңсау ма? Бүгінгі орыстілділер өткен заманда ата-бабаларының таңдап алған Отаны Қазақстан екенін ұмытпау керек. Арғы атасы қай этностың, қай діннің өкілі болса да, әр қазақстандық– халқымыздың ажырамас бөлігі. Сондықтан әр азамат, өзін бөтен санамай, қазақ тілін меңгеріп, ортақ Отанымыздың дамуына өз үлесін қосып, қоғамымыздың төрінен орын алуға тырысуы – парызы. Қазақ тілін білу міндет дегеніміз, орыс тілін ұмыт деген емес. Әр азаматымыз мемлекеттік тілді, орыс тілін, ағылшын тілін, бабаларының этникалық тілін білсін – полиглот болсын. Мемлекеттік тілді үйренуді бала бақшадан бастау керек. Одан әрі мектеп тілін таңдау, қай елдің азаматы болу, әр адамның өз ырқында.
Мұсылмандардың өз құқығы үшін күресі
Николай II кезінде Ресей билігінің ішкі саясатында жылымық пайда болды. Ол ақылдастық құзырмен бөлінген, сайланатын Мемлекеттік Думаның құрылуы. Ресейде алғаш жүргізілген 1897 жылғы санақ бойынша халықтың 11,1% мұсылмандарды құрады. Қаналған көп халықтардың, оның ішінде мұсылмандардың да Петерборда өз өкілдері пайда болды. I Дума- 25 депутат, II Дума-37 депутат, III Дума-10 депутат, IV Дума-7 депутат. III және IV Мемлекеттік Думада Мұсылман фракциясындағы депутаттардың саны азаюы, кейбір депутаттардың Трудовиктер және кадеттер фракцияларына ауысуына байланысты. Мемлекеттік Думаның құзыры өте төмен деңгейде болды, патша ешкіммен өз билігін бөліскісі келмеді. Мұсылман-депутаттардың үлесі Думадағы депутаттар санының 5% ғана құрады. Думаға қазақтардан Бөкейханов А., Беремжанов А., Көшегулов Ш., Кальметьев, Тынышпаев М., Аллабергенов Т., Кулманов Б., Наракунев, Каратаев С., Атласов Г., Бадамшин Г., Зейеалов З., Мессагутов Х., Недметдинов А., Хасанов К., Биглов М., Сәлімгерей Ж., Алпысбай К., Дәуіт ноян Тұндық, Нұрекеев Темірғали, Молда Тайынұлы дегендер сайланды (кейбіреулерінің тегі орысша жазылған тізімнен алынған). Думаға сайлау жүйесі әділ болмады. Мысалы, халықтың 90% құрайтын Орта Азия мұсылмандары 6 депутат сайлады, 10% құрайтын переселендер 7 депутат сайлады. Мұсылман депутаттар үш бөліктен тұрды: Еділ бойы, Орталық Азия, Кавказ аймағы. Мұсылман фракциясы поляк, финн, литва, белорус ұлттық депутаттар топтарымен ықпалдасып жұмыс істеді. Өйткені империяның шеткі аумақтарының, бұратана халықтардың шешілмеген проблемалары бірдей болатын. Мемлекеттік Думаның мұсылман аймақтардың саяси белсенділігін арттыру үшін маңызы зор болды. Думаның құзыры шектелген болса да, мұсылман депутаттар өздерін сайлаған халықтың мәселелерін биліктің алдында қоя білді. Әлихан Бөкейханов өзінің белсенділігі үшін сотқа тартылып, депутат болу құқұғынан да айрылды. Николай II 4 Думаның төртеуін де таратып, Ресейдің демократия жолына түсуіне жол бермеді. Патшалық биліктің заманға сай еместігін 1917 жылы болған ақпан революциясы көрсетті. Билікке Уақытша Үкімет келді. 1917 жылдың маусым айында I жұмысшылар және солдаттар депутаттарының съезі өтті. «Большевиктер» өздерін халықтың көпшілігінің өкілдеріміз деп жариялады. Шын мәнінде олай болмады. I бүкілресейлік жұмысшылар және солдаттар депутаттар съезінің 1090 қатысушылырдың ішінде съезде «большевиктер» тек 13,5% құрайтын (105 депутат), көпшілігін эсерлер мен меньшевиктер құрады, сәйкесінше 285 және 248 депутаттан. Соған қарамастан депутаттардың көпшілігін қуғынға ұшыратып, Уақытша Үкіметтің бейбіт реформаларын күтпей, большевиктер Ресей мемлекетінің билігін күшпен тартып алды. Ол 7 қарашада болған төңкеріс.
Түркістан автономиясы
Дәл осы сценарий Орталық Азияда да қайталанды. 1917 жылдың 22 қараша күні большевиктер Ташкентте Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесін құрды. 14 мүшесі бар бұл үкіметтің құрамында жергілікті халықтың 90% құрайтын мұсылмандардан бірде-бір өкіл болмады. Бұл жаңа биліктің отаршылдық сипатынан арылмағанын көрсетті. Жауап ретінде Түркістан өлкесінің мұсылмандар кеңесі 26 қараша күні Қоқан қаласында IV Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезін шақырды. Бұл съезге Мұстафа Шоқай, Махмұт Бехбуди, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Убайдулла Қожа, Саломон Герцфельд, Камал қазы, Насырхан төре, Ташболатбек Нарботабеков, Әбдірахман Оразаев тағы басқа өлке серкелері қатысты (Ары қарай «Түркістан», «Түркістан өлкесі» дегенді Орталық Азия деп түсіну керек).
250 делегат қатысқан, үш күнге созылған съезд, 28 қараша күні Түркістан өлкесін Түркістан Мұхтарияты (Автономиясы) деп жариялады. Саяси билік заң шығарушы орган болып сайланған Түркістан Ұлттық Кеңесі және Түркістан уақытша үкіметінің билігіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылдады. Түркістан Уақытша Кеңесі құрамына барлығы 54 адам енді, 36-сы мұсылмандар, 18-і өзге ұлт пен дін өкілдері еді. Сол 54 адамның ішіндегі 32-сі Түркістаннан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар болатын. Бұлардың арасында негізгі тұрғындары қазақтардан тұратын Сырдария мен Жетісу облыстарынан 11 өкіл бар еді. Кеңес құрамында, Қоқан қаласының өзін-өзі басқару ұйымдары съезінің 4 өкілі, түрлі өлкелік еуропалық ұйымдардың 13 өкілі бар болатын. Түркістан Уақытша Кеңесі 12 адамнан тұратын Уақытша үкіметті бекітті. Съезд Түркістан өлкесіндегі барлық халықтардың құқығын сыйлап, қорғайтындығын мәлімдеп, өлкенің барлық мұсылмандар, переселендер, басқа да тұрғындарын Түркістан автономиясы төңірегіне топтасуға шақырды. Түркістан Мұхтариятының бас қаласы болып Ташкент жарияланды, мемлекеттік байрақ, елтаңба қабылданды. Ташкентті орыс большевиктері иеленіп алғандықтан Түркістан Ұлттық Кеңесі мен Уақытша үкімет Қоқан қаласында орналасты. Уақытша үкіметтің төрағасы және Ӏшкі істер министрі болып Мұхамеджан Тынышбаев бекітілді, Сыртқы істер қызметіне Мұстафа Шоқай тағайындалды. Осылай 10 миллионнан астам түркістандықтардың мүдделерін қорғайтын шешім қабылдап, 4-ші съезд өз жұмысын аяқтады. «Жасасын, Түркістан Мұхтарияты!» деген ұран айналаны жаңғыртып кетті. Көптеген делегаттар көздеріне жас алды. Мұсылман еместер құшақтасып, бір-бірімен қол алысты. Көп ұзамай Автономия үкіметінің төрағасы Мұстафа Шоқай болды. Түркістан автономиясының құрылуын Түркістан өлкесінің жергілікті халықтары зор қуанышпен қарсы алып, оған қолдаушылық танытуға даяр екендіктерін білдірді. 6 желтоқсан күні Ташкентте “Шуро-и-ислам” ұйымының ұйымдастыруымен Түркістан автономиясын қолдау көрсетуге арналған 60 мыңнан астам адам қатысқан митинг болды. Социал революционерлер (эсерлер) Қоқан қаласында өлкелік съезін өткізіп, Түркістан автономиясына қолдайтындықтарын, оның үкіметімен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Түркістан автономиясының жариялануын Ташкенттегі еврейлердің “Бунд” пен Қоқандағы “Вайнер” қоғамдары құттықтап, оған көмек беретіндігін айытты. 13 желтоқсанда Қоқан қаласында өткен мұсылман жұмысшылары, солдаттары мен диқандарының съезінде Түркістан Автономиясының Уақытша үкіметін қолдау жөнінде шешім қабылданып, оның құрамына мұсылман жұмысшыларынан, дихандардан және солдаттардан өкілдер енгізу жөнінде ұйғарым жасалды. Автономия жетекшісі Мұстафа Шоқайдың пайымдауынша, бұл тәуелсіз қазақтардың, қырғыздардың, өзбектердің, ұйғырлардың, түркімендердің, тәжіктердің, еврейлер мен переселендердің біртұтас жергілікті мемлекеттік құрылымы болу керек еді. Түркістан өлкесіндегі қосбилікті, анархияны, қан төгісті тыю үшін Мұстафа Шоқай Мәскеуге Совнарком төрағасы Лениннің атына жеделхат жолдады. Жеделхатта Ташкенттегі большевиктер кеңесін жоюды Түркістан Уақытша Кеңесі мен Уақытша үкіметіне сенім беру қажеттілігі айтылған болатын. Өкінішке орай жеделхатқа жауап келмеді. Мәскеудің нұсқауымен Ташкент большевиктері ұсынған келіссөзден бас тартып, Түркістан Автономиясын және оның Уақытша үкіметін заңнан тыс деп жариялады. Большевиктер Түркістан автономиясын құрту мақсатымен Қоқан маңатына 11 эшелонмен Қызыл гвардияшыларды, Ташкент әскери гарнизонын, армян құрамасын (дашнактарды), австровенгерлік соғыс тұтқындарынан құрылған әскери бөлімді топтастырып Қоқанды қанға бөктірді. Өзін қорғайтын не армиясы, не офицері болмаған Түркістан автономиясы большевиктердің жойқын күшіне төтеп бере алмады. Оның үстіне пошта, телеграф, теміржол жаудың қолында болды. Үш күнге созылған қырғын, тонаудан кейін 150 мың тұрғынның 80 мыңы өлтіріліп, зеңбіректермен атқыланған қала өртке оранып, қирандыға айналды. Уақытша үкімет пен Ұлттық Кеңестің 54 мүшесінің 30-ы тұтқындалды. Осылайша халық тілегіне сай құрылған Түркістан Автономиясы Мәскеу билігінің қаруымен құлатылды. Ауыр соққы алған автономияшылар ұлт – азаттық күресін тоқтатпады. «Басмашы қозғалысы» атанған партизан соғысы 10 жылдан астам уақыт қаһармандықпен жалғасты. Автономия көсемі Мұстафа Шоқай өзінің тәуелсіз Түркістан үшін күресін 1941 жылға дейін жүргізді, ақыры уландырылып өлтірілді.
Ұлттық межелеу – «бөл де, биле» тәсілінің көрінісі
Орталық Азия халқы түбі бір, діні, тарихы, мәдениеті ортақ біртұтас халық болатын. Кеңес өкіметі билікке келгенде халық сарттар, ортаазиялық парсылар, құрамалар, қыпшақтар, хорезмдіктер, бұқарлықтар, қашқарлықтар, сібір және Алатау қырғыздары болып бөлінетін. Орталық Азияда ұлт-азаттық күрес толастамады. «Басмашылармен» соғыс ұзаққа созылып кетті. «Басмашылардың» мақсаты Орталық Азияда біртұтас мемлекет құру еді. Бұндай сценарий қызыл отаршылардың жоспарына қайшы келді. Большевиктер бұрыннан сыннан өткен отаршылардың «бөл де, биле» тәсіліне көшті. Отралық Азияда жаңадан қалыптасып келе жатқан ұлттың негізін прагматикалық қостілді, түркі-парсы тілдес сарттар құрайтын. Ұлтты қалыптастыру үдерісін тоқтату үшін пантюркизм мен панисламизммен күресу қаруға алынды. Ресей империясында 1897 жылы жүргізілген толымсыз халық саны бойынша Орталық Азияда ең ірі этнос сарттар болып шықты. Толымсыз дейтініміз тіпті 1926 жылы жүргізілген санақтың өзінде көптеген елді мекендер тізімде де, карталарда да болмай шықты. Сарттардың саны 1917 жылғы төңкерістен кейін 3 миллионнан асып жығылатын. Мұндай өсіп келе жатқан мұсылман ұлты ұлы орыс империясының қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деп санаған большевиктер «сарт» этнонимін қолдануға тыйым салды. Сарттар барлық аймақтарда тұратын ғылыми ізденістерде, ұсталықта, суармалы егіншілікте, құрылыста, қоғамдық тамақтануда , саудада, мәдениет пен дін салаларында басты рөл атқаратын. Сарттар Орталық Азия халқының саны жағынан ең ірі ұйымдастырушы және өсетін ұлт болатынын түсінген Қызыл империя идеологтары, КСРО-ға қауіп төндіреді деп санап, таратуға кірісті. Бұл жоспарды жедел түрде іске асыру үшін ВКП(б) – ның орталық азиялық арнайы Бюросы құрылды. Бюроның ішінде бірауыздық болмады. Бүркенішке Бюроның құрамына әр региондардан жергілікті халықтардың өкілдерін кіргізді. Бірақ та, нақты шешім қабылдағанда олардың пікірлері ескерілмеді.Академик В.В.Бартольд басқарған ғалымдар тобы Орталық Азияны бөлшектеуге қарсы болды. Ұлттық территориялық межелеу, жасанды түрде әкімшілік шекаралар қою ғасырлар бойы қалыптасқан байланыстарды үзіп, аймақтың экономикалық дамуына теріс, орны толтырылмас нұқсан келтіреді, қоғамның дамуын көп жылдарға артқа тастайды деп санады. Сарттарды бөлшектеу де ішкі экономикалық байланыстарды үзіп, ғылыми, мәдени прогресті тежеу болады деген пікір айтты. Бұқар хандығы, Хорезм хандығы, Ферғана сияқты ірі өнеркәсіп орталықтарында тұрып жатқан әр этностан құралған халықтар жеке-жеке ұлтпыз деп санайтын: өздерін бұқарлықтар, хорезмдіктер, ферғаналықтар деп атайтын. Межелер белгіленді, өйткені бұл саяси бөліс еді. 1924 жылдың 15 қыркүйегінде Түркістан, 19 қыркүйегінде Бұқар, 29 қыркүйегінде Хорезм республикалары таратылып, бөлшектенді. Орталық Азияда межелеу үдерісі 14 жыл, 1934 жылға дейін жүрді. Жаңа құрылған «ұлттық» территориялар шекаралары КСРО ыдырағанға дейін өзгеріп тұрды. Қазірдің өзінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан араларында шешілмеген анклав мәселелері бар. Межелеуді тереңдету үшін шағатай тілінің негізінде әр диалектілерден құралған әдеби қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түркімен, әзірбайжан «ұлттық» тілдері құрылды. Бұл тілдерді құрғанда басты қағида: тілдерді бір-бірінен ажырату, алшақтату болды. Бөлшектеу нәтижесінде пайда болатын ұлттарға анықталған жаңа категориялар қабылданды. Бұрынғы атаулар күшпен жойылып өзбек, тәжік, түркімен, қарақалпақ, қарақырғыз, бадахшан деген жаңа этнонимдер енгізілді. Бізге ХV ғасырда Мұхамед Хайдар қойып кеткен «қазақ» атауы бұйырды, кезбе, көшпелі өзбек деген мағынаны білдіреді. Сарттардың көпшілігі өзбек болып, қалғандары тәжік, қазақ, қырғыз, түркімен, қарақалпақ деп жазылып кетті. Бұл тәжірибе КСРО-ның басқа аймақтарында да қолданылды. Солтүстік монғолдар – бурят, батыс монғолдар – қалмақ атанды. Адыгтар үшке бөлінді: Адыгея, Черкесия, Кабарда. Бестаулықтар екіге бөлінді: Балкария, Карачай. Шығыс румын – молдован атанды. Тұтасып қалған елді межелеу, қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарды үзу, ирригациялық жүйелерді бөлшектеу мал өсірушілердің интенсивті жолдарын өзгерту оңайға соқпады. 1920- 1934 жылдары белсенді түрде жүргізілген бөлініс нәтижесінде 5 «егеменді» одақтас, бір автономиялық республика, бір автономиялық облыс құрылды. Олардың арасына ешқашан болмаған әкімшілік- территориялық шекара қойылды. Республикаларда бұрынғы ортақ шағатай тілінен барынша алшақтатылып, жаңа «ұлттық» тілдер енгізілді. Жаңа тілдердің алшақтықтарын ұлғайту үшін жазуды араб графикасынан латыншаға, одан кейін жаңа тілдерді «байытып», орыс сөздерін қосып, жергілікті диалектерді қолданып, кириллицаға көшірді. Айналасы бір тауды қырғыздар «Алатоо», қазақтар «Алатау», музыкалық аспапты қырғыздар «қомыз», қазақтар «домбыра» дейтін болды. Қызыл отаршылар қойылған мақсаттарына жетті. 1934 жылы Орталық Азия Бюросы таратылды. Бөлшектеу экономикалық жағынан әділсіз, қажетсіз, зиянды болғандықтан, қойылған ұлттық – территориялық межелер 1942 жылға дейін талай өзгертілді. Бүгінгі күнге дейін «сарт» ұғымы халықтың есінен жойылған жоқ. 32 миллион Өзбекстан азаматтарының 16 миллионы іштей өздерін «сартпыз» деп санайды, қазақ ішіндегі сарт руы жүзге кірмейтін ру болып есептеледі.
«Жергілікті ұлтшылдық» деген ұғым пайда болды.
Бұрынғы мақсаттарын, жаулары кім болғанын ұмытқан республикалар өзара таласқа көшті. Дау тақырыптары жеткілікті: жер дауы, су дауы, тарих дауы, тарихи тұлғаларға таласу, мәдениет дауы ... Жаңадан өніп шыққан республикалық деңгейдегі «көсемшелер» төрелікке Мәскеуге жүгінетін болды. Әрине, Мәскеу дауды империялық тұғырдан шешетін. Түймедей дауды, түйедей қылып қоздырып, республикалардың арасындағы жікті тереңдете білді. Кеңес билігі қандай да әрекеттерге барса да, империяны сақтап алып қала алмады. 1991 жылы түркі халықтары тәуелсіздікке қол жеткізді. Әлемдік мұхиттан тыс жатқан түркі республикаларына тығыз экономикалық, мәдени байланыстар ауадай қажет. Империя ыдырағаннан кейін де 74 жыл ішінде дайындаған «құнды кадрлар» жазған жалған тарих беттері, қойылған межелер бауырлас елдердің бір-бірімен ықпалдасуына әлі күнге дейін кедергі болып тұр. Кешегі тарихшыларымызды еске алып, жаңа әлемге кіру, жаһандану заманында адамзат көшінен қалмау, ғаламдағы құрылымнан өз «кетігімізді» табу – бүгінгі ұрпақтың басты міндеттері. Бұның бәрі өткенімізді білмей, баянды тәуелсізх мемлекет құру мүмкін еместігін айту үшін керек. Бабаларымыз тар жол, тайғақ кешуден өтіп, бүгінгі егемен елімізді құрып отыр. Келешекте бабаларымыз жасаған қателер қайталанбауға тиіс. Елімізге, жерімізге көз салып жүрген агрессияшыл топтар алпауыт елдерде әлі де жеткілікті. Ресей империясының ыдырауы тұлғалардың қателігі, КСРО-ны қалпына келтіреміз деп, империяны көксейтін саяси күштер әлі де баршылық. «Қазақстан деген мемлекет тарихта болған емес», «қазақтар елі, жері болмаған, мал тұяғы басқан жерден еріп жүрген жабайы кезбелер» деген пікірлерді көрші державаның әжептәуір лауазымы бар шенділері әлі де айтып жүр. Өмір көрсетіп жатыр алпауыт елдер өздері қолдарын қойған халықаралық шарттарды аяғымен кесе-көлденең басып, әлсіз көршілерінің шекарасынан өтіп, барған жерін соғыс өртіне айналдыруда. Аннексиялау, елді бөлшектеу, шағын елдердің ішкі ісіне қол сұғу әдетке айналып бара жатыр.
Ешбір халық жоқтан пайда болмайды. Біздің жерімізде көне заманнан ғұндар, сақтар мекендеген. Жеріміз – Алтын Орда қалдырған мұра. Бұл жерді талай ұрпақтар қан төгіспен, жан беріспен сақтап бізге аманат етті. Келешек ұрпақ та бұл қасиетті аманатын ешкімге бермейді. Тарихта «Номад», көшпенділер атанғанымыз рас. Бұл біздің бабаларымыздың шөлейт аймақтарда мал шаруашылығын жүргізу әдісін білдіреді. Сулы, нулы аймақтарда қалаларымыз болған, суармалы егіншілік, қол өнері, ғылым, мәдениет дамыған, металл балқытылып, теңге соғылған. Қалалар арқылы «Ұлы Жібек Жолы» өтіп, Шығыс пен Батысты байланыстыратын сауда-саттық дамыған. Тарихта талай ірі тұлғалардың, абыздардың, қағандардың, хандардың есімдері қалған. Жерлеріміздің көбі шөлейт болғандықтан, көшпелі мал өсіру шаруашылығы дамыған. Көш белгілі бағдарлама бойынша, тиесілі жерлерде өтетін: қыстау, көктеу, жайлау, күзеу. Бұл әдіс өсімдіктердің тамыр жүйесінің зақымдануынан сақтайтын. Қазірдің өзінде Австралияда бұл әдіс кеңінен пайдаланылады. Күзгі уақытта қалалардың маңында жәрмеңкелер өткізілетін. Менің аталарым (әкелер жағынан) «Ашамайлы», «Тарышы» Шыңғыс хан заманынан Сарыарқаның Солтүстік Шығысын мекендеген, аттары кәсібін білдіреді, мал өсірген, тары еккен. Отаршылар жермен-жексен еткен Шымға, Іскер қалалары туралы әлі де ақсақалдар аңыз қылып айтып жүреді.
Орталық Азия мемлекеттері Дүниежүзілік Мұхиттан алшақ, күрт континенталды аймақта орналасқан. Жерлерінің басым бөлігі– шөлдер, шөлейттер, таулар. Келешекте аймақта ауыз су тапшылығы мәселесі пайда болуы мүмкін. Бұлардан басқа да экономикалық және әлеуметтік дамуда кедергі болатын жағдайлар жеткілікті. Әрине, даму деңгейі жағынан экваторлық, ауа райы жылы аумақтарда, мұхит жиегінде орналасқан елдерден асып кете алмаспыз. Баспанамызды, өндіріс орындарын жылыту керек, жыл мезгілдеріне сәйкес әр түрлі киімдер қажет, мұхит өнімдерін шет елдерден сатып алуымыз керек т.т. Сонда да адамзат көшінен қалуға болмайды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр, ол үшін аймақтық ықпалдастық керек, мұхиттарға шығатын дамыған тұрақты сауда жолдары қажет. Тарихы, мәдениеті, тағдыры бір Орталық Азия мемлекеттері (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан) , Әзірбайжан, мүддесі бізбен ортақ Грузия бірлесіп Еуропа Одағының үлгісімен экономикалық бірлестік құру– заманның талабы. Ұйымның атын «Жібек Белдеу» деп қоюға болар еді. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы қауіпсіздік үшін керек болса, жаңа ұйым егемендігіміздің кепілі болар еді. Халқы жағынан ең үлкен мемлекет Өзбекстан болады, ықпалын жүргіземін дейтін ірі державалар болмайды. Бұл одақ Орталық Азия халықтарының бірлігін армандаған Түркістан Автономиясының, Алаш қозғалысының қайраткерлеріне жасалған ескерткіш болар еді. Одаққа Қытайдың, Ресейдің, Үндістанның, Пәкістанның, Иранның, Түркияның, Батыс Еуропаның, Қара теңіз елдерінің, Үнді мұхитының базарларына жолдар ашылар еді. Одаққа кіретін елдердің арасында бәсекелестік болу керек, бірақ бұл түркілердің ескі дерті «бақ таластық, тақ таластыққа» айналмау керек. Халқымыздың көпшілігі түркілер мен мұсылмандар болғандықтан, пантюркизм мен панисламизм идеялары бізге жат болмауы тиіс. Сонда бүгінде шешілмей жүрген региондық мәселелер өзінен-өзі шешілер еді. Оның ішінде Арал мәселесі, жерлеріміздің құнарсыздануы, ауыз су және экология мәселелері, кедейшілікпен күрес, азық-түлік қауіпсіздігі.
Алпауыт державалар өз ықпалын жүргізу үшін көрші шағын елдердің бір болғанын қаламайды. Тәуелсіздігімізді, ұлттық ерекшелігімізді сақтау үшін бізге бірлік керек, сонда ғана ұлы державалардың қысымына қарсы тұра аламыз. « Бөл де, биле» саясатына лайықты тойтарыс – тағдырлас елдердің бірлігі.
Амангелді Елтін, зейнеткер.
\���H1�
