«Бүгін түнде қандай түс көрдің?», басқаша айтқанда «Сен маған сенім білдіресің бе?»
Жақында бір құрбым маған кенеттен мынандай сұрақ қойды – «өміріңдегі ең алғаш көрген түсің есіңде ме?» Сонда біраз ойланып, былайша жауап қайтарғаным бар: алғаш рет апама айтып берген түсім есімде, ол оны жақсыға жорыған болатын.
Сегіз жасар мен түсімде аспаннан жерге нөсердей төгіліп жатқан тиындардан қайда тығыларымды білмей жаттым. «ақша деген сөз, сен біреудің ащы тілінен аман қалдың, дұрыс болды тиын термегенің» деді апам. Мен сонда өз-өзіме ырза болғаным-ай. Ұйықтап жатып-ақ жөндем шешім қабылдағаныма қуандым. сонан бері мынаны жақсыға жоруға болады-ау деген түстерімді ғана апама айтып жүрдім. Әдетте мақтау сөзді аз еститін бала осылайша апасының мақұлдауын сезіну үшін көрген түстерін іріктеп, кейде өзгертіп те айтып беретін. Кей-кезде бәрі ойдағыдай шықпайтын, өйткені түстерімнің мағынасы апамның көңіл-күйіне де байланысты болатын.
Апамның осы жылы о дүниеге аттанғалы бері түс жору тақырыбы мені ерекше қызықтыра бастады. Апамның қолында өскеніммен, біз өте сирек сөйлесетінбіз. Ол дастархан үстінде көп адамды әулетімізге атам заманда басынан өткерген оқиғаларын баяндауды сүйгенімен, маған келгенде екеуіміз отырсақ тіс жармайтын едік. Сол күйі жақын болмай өттік. Мен одан қорқатынмын және оның мені жақтырғанын армандайтыным бар еді. Ал тұра салып түсімді апама айтып беруді жақындаса кетудің бір амалы деп білетінмін. Қазірдің өзінде көрген түсімді санаулы-ақ адамға айтамын. Бөліспесем де болады ғой, келісесіз бе? Неменеге өзге біреу менің қалай түні бойы отсөндірушінің киімінде жүріп қанатты мысықтармен арпалысқанымды білу керек екен? Одан әлдеқайда шытырман әрі қызық түстерім бар ғой, бірақ сонда да...
Оны қоя тұрып, қазір біреуге түсіңізді айтудың және оны қосылып жорудың пайдасын талқылайық.
1. Көбінесе түстер естен шығып кетеді, ал біруге айту арқылы оларды өзіңізден бөлек тағы бір адам есте сақтайды.
Кеше ғана түсімде бір ғажайып жаңалық ашқан сияқты едім, құрбыма сол күні айтқанымда қазір сізбен бөлісер едім, әттең!
2. Түс күндіз бастан өткізген оқиғалармен тікелей байланысты, яғни түсіңізді айта отырып өзіңізді күндіз толғандырған жәйттермен бөлісе аласыз.
Ұйқы кезінде ми белсенді жұмыс атқарып, ояу кезде алынған ақпаратты талдап жіктейді емес пе? Кейбір түстер қанша миға қонымсыз бір түрлі болғанымен, олар қорқыныштарыңыз бен қалаулаларыңыздың нышаны. анау түні аспанға қалықтап жатқаныңызда сіз жақтырмайтын бір кісі ұшып жатқан жеріңізден құлатқаны туралы айтып жатып, анау күні сол кісінінің жетістіктерін көре алмағаныңыздың есіңізге түседі. Мұны тыңдап отырған адам басын изеп, сізді қолдады ма? Ана кісі барып тұрған оңбаған екенін растады ма? Сізбен қосылып жамандаса, ол адамға сенім білдірге болатын шығар. Сөзіңізді жеткізіп бармайтынына көз жеткізіңіз, не дегенмен.
3. Түс атаулы бұрынғының ұлы адамдарын шабыттырған болатын. Кім біледі, мүмкін сіз осылай бір данышпан бизнес идеяға тап боларсыз?
Миыңыз әрбір түн бойы сізді таң қалдыруға тырысып жатады, онысы бекер емес болу керек. Түсіңізге енген ерекше бір адамзатқа пайдалы затты өңіңізде неге іске асырмасқа? Сізбен бірген түсіңізді жорып отырған адам идеяны дамытуға көмектесе алуы әбден мүмкін. Сол идеяны ол ұрлап кетпесе болғаны...
Бастысы, миллиардер болып кетсеңіз, маған алғыс айтуды ұмытпаңыз :)
