Бүгін СҚО-да «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің үшінші кезеңі өтеді
7 мамыр күні Петропавл қаласында «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің үшінші кезеңі өтеді.
Облыстық біріншілік финалына өңірдегі 13 аудан мен қалалардан барлығы 32 спортшы қатысады. Көпшілік оны облыс орталығындағы орталық алаңнан сағат 16.00-де тамашалай алады.
«Бірінші орынға — 300 мың теңге, екінші орынға — 200 мың, үшінші орын үшін 100 мың теңге тағайындадық. Төрешілер алқасында қазақ күресінен спорт шебері Бауыржан Құлжанов бас төреші болады», — дейді СҚО Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин.
Республикалық турнирдің өткізілу барысы туралы елордадан келген Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Марат Шәмшінұров егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды sports.kz.
«17 мамырға дейін барлық облыстық кезеңдер аяқталады. 20-23 мамыр аралығында додаға қатысушылар Алматыға жиналып, жаттығуларға қатысады. Одан кейін 29 маусымнан 2-3 күн бұрын турнир финалына әзірлік басталады», — деді М.Шәмшінұров.
Басты сөздер: Солтүстік Қазақстан облысы , Спорт
АСТАНА. ҚазАқпарат

