Қазақстанда терроризммен күрес аса маңызды мәселеге айналды, деді Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров «Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары» атты дөңгелек үстел барысында.
«Біздің бүгінгі кездесуіміз жаһандық заманның ең маңызды мәселелерінің бірі экстремизм және терроризммен күресу мәселесін қаузап отыр. Өкінішке қарай, бүгінде экстремизм мен терроризмнің ауқымы мен географиясы кеңейіп келеді. Қазақстанда терроризммен күресу аса маңызды мәселелердің бірі», - деді Б.Бекназаров.
Ол айтып өткендей, халықаралық терроризм мен экстремизмнің қауіпі өскен сайын заңнаманың сапасына талап күшейе түседі.
«Халықаралық дәрежеде Қазақстан БҰҰ терроризмге қарсы күрестің 14 әмбебап тұжырымдамасына қосылып, бірқатар келісімге қол қойған болатын. Жақында әрекеттегі заңнамаға бірқатар өзгертулер де енгізілді. Терроризмге қарсы операциялар өткізу шешіліп, қаржы мониторингінің ауқымы кеңейе түсті, ішкі қадағалауды өткізу әдістері өзгерді», - деді депутат.
Заңнамалық базаны жетілдіре отырып, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланысты нығайта түскен жөн, деді Б.Бекназаров.
«Сондықтан, бүгінгі дөңгелек үстелге қоғамдық бірлестіктер мен діни ұйымдардың қатысуы өте маңызды», - деді ол.
«Соңғы жылдары сан алуан террористік акциялардың алдын алу шаралары атқарылып, жүздеген адамның xалықаралық лаңкестік ұйымдарына қосылуына жол берілмеді. Алайда, елде кей жағдайлар орын алды. Алматы мен Ақтөбеде болған оқиғалар әлі де жадымызда сақталған. Соңғы бес жылдың ішінде сан алуан мақсаттағы 64 террористік және экстремистік акциялардың жолы кесілді. Ал ағымдағы жылы ондай 9 әрекет әшкереленді», - деді Н.Белісбеков.
Оның айтуынша, адамдардың бұқаралық жиналу орындарында террористік шабуылдар болған жоқ, сондай-ақ, құқыққорғау органдары мен арнайы мемлекеттік органдарға шабуыл жасау тосқауылданды.
«Ауғанстан, Ирак пен Сириядағы әскери қақтығыстар басталғалы бері xалықаралық террористік ұйымдардың белсенділігі арта түсті. Осы уақытқа дейін террористік лагерьлерден 45 Қазақстан азаматы депортацияланды. Өз еркімен оралған адамдар да аз емес», - деді ол.
Жалпы, бес жылдың ішінде 445 адам сотталды. Жыл басынан бері 25 адамға қатысты үкім шығарылды, тағы 50 жуық адам уақытша қамау изоляторында отыр.
Ақпарат көзі: strategy2050.kz