Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Бұғауға түскен бағалар (былтырғы жылы жазылған)

Тұмау тиген адамдай күз жетпей Қазақстан қаржы нарығының температурасы көтеріле бастады. Қанша антивирус орнатып, терафлюдің пашка-пашкасын ішсең де алқымнан алған ауру түрі тыныс дертінен айықтырар емес. Бұл дертке шабандоз болып мініп жүргендер әлі күнге дейін індетті ауыздықтар күш таппай келеді. Бірі сырттан көмекке инвестиция тартса, енді бірі ел ішіндегі орта буынның кәрі-құртаң болғанда талғажау етерміз деп жүрген зейнетақы қорына қол салды. Сөйтіп, кәсіпкерлердің қалтасын, тозығы жеткен жұмыс орындарының жыртығын жамады. Бірақ, бұл дерт қанша шипалы май жаққанымен алқымнан алуын тоқтатар емес. Айдалаға апарып су сепкендей сіңіп, ел есінде ізі қалып, банкте шүпірлеген сандар сайрап қалды. Жыл сайынғы жаңа жыл қарсаңындағы жолдаудан кейін білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау саласында пайыздық үстемелер өскенімен, өмірдегі ұяттық құны күшеймей тұр. Оған дәлел түрлі әлеуметтік желілерде кең таралған саудагерлердің сауда орындарында арам пиғылмен айласын асырып, түлкібұлаңға салынуы. Тіпті, мемлекеттік қызметкерлерге арналған заң қатайса да, ЖОО-ғы ұстаздардың ұяты мұнай бағасының құны сықылды құлдырап, пара сұрауы өрши түсті. Базар жағалай қалсаң көзге түрпідей тиетін жоғары бағалардан жау көргендей көз қашырсақ та, амал жоқ етіміз үйреніп кетті. Қазақ хандығының 550 жылдығында еліміз енді-енді бұғаудан арылды десек, өзіміздің қара нанымыз да доллар бұғауына түсіп, теңгенің титығы құрып, жыланша «ыс-ыс» деп ысқырған АҚШ ақша бірлігіне анда-санда аш мысықша «мияу-мияу» дейтін болып барады.

Шапағат СЕРДӘЛІҚЫЗЫ

 
2
0
1024

Осы тақырып бойынша