1. «Бейнеу - Бозай - Ақбұлақ»
Өзбекстаннан келетін «Газли - Шымкент» магистральдық газ құбыры арқылы тағы да 385 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл облыстың «Даму» бағдарламасына енгізілген Шымкент қаласы және Сайрам, Қазығұрт, Түлкібас, Сарыағаш, Төлеби, Мақтаарал, Шардара аудандарының елді мекендері. Нәтижесінде, аталған магистральдық газ құбырынан 616 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.
«Бейнеу - Бозай - Ақбұлақ» магистральдық газ құбыры арқылы облыстың Түркістан, Кентау, Бәйдібек, Созақ, Отырар, Ордабасы, Арыс, Сайрам, Түлкібас аудандарынан 230 елді мекеніне табиғи газ беру жоспарда тұр.
«Бейнеу - Бозай - Шалқар - Ақбұлақ» магистральдық газ құбырының құрылысы 2010 жылы желтоқсанда басталып, 2015 жылы аяқталады. Оңтүстік Қазақстан облысы аймағы арқылы өтетін газ құбырының ұзындығы - 264 шақырым. Газ құбыры арқылы пайдаланатын болжамды жылдық табиғи газ мөлшері жылына - 749,4 млн м3. Бұл жүйе бойынша 9 дана АГРС (автономды газ тарату стансасы) салынады. Газ құбыры құрылысының ерекшелігі, жаңа елді мекендерді табиғи газбен қамтумен қатар, Өзбекстанға тәуелді болып отырған Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының халқы да отандық отынмен қамтамасыз ететін болады.
2. Көгілдір отын... Көтерілген тұрмыс
2009 жылы республикалық бюджет есебінен «Жол картасы» бағдарламасы аясында газ құбырлары құрылысына 480,807 млн теңге бөлініп, Сарыағаш, Сайрам, Төлеби, Түлкібас аудандарында барлығы 17 елді мекенде табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Облыстық бюджеттен елді мекендерді таби-ғи газбен қамтамасыз ету құрылысына 146,497 млн теңге қаржы бөлініп, 39,0 мың адам табиғи газбен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек 91,1 млн теңге бөлініп, 54 елді мекенді газдандырудың жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Нәтижесінде 2010 жылдың 1 қаңтарына облыстағы 900 елді мекеннің 148-і газдандырылды. 2010 жылы «Жол картасы» бағдарламасы аясында газ құбыры құрылысына 1,3 млрд теңге қаржы бөлініп, Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас, Шардара, Ордабасы ауданында барлығы 25 елді мекенде табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысы жүргізіліп пайдалануға берілді.
Сонымен бірге облыстық бюджеттен елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысына (15 елді мекен) 628,3 млн теңге қаржы бөлінген. Оның 2 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталды. 90,0 мыңдай адам табиғи газбен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, 61,1 млн теңгеге 25 елді мекенді газдандырудың және Сарыағаш ауданында ГРС салудың жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. 2010 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ОҚӨФ-ы жаңғырту бағдарламасы аясында 4,2 млрд теңге бөліп, Шымкент қаласындағы 45,0 шақырым және Мақтаарал ауданы Жылысу ауылындағы 7,0 шақырым газ құбыры мен қондырғылар ауыстырылды, 130,0 шақырымдық газ құбыры жаңаланды. Нәтижесінде 2011 жылдың 1 қаңтарына облыстағы 900 елді мекеннің 175-сі газдандырылды.

2011 жылы облыстық бюджеттен 4,4 млрд теңге бөлініп, 44 елді мекенде және 1 ГРС (газ реттегіш стансасы) газдандыру құрылысы жүргізіліп, оның 35 елді мекенін-де құрылыс жұмыстары аяқталды. 9 елді мекендегі және Сарыағаш ауданындағы ГРС құрылысы 2012 жылға қалдырылды. Нәтижесінде 2012 жылдың 1 қаңтарына 900 елді мекеннің 210-ы табиғи газбен қамтамасыз етілді.
2012 жылы республикалық бюджеттен 3 666,8 млн теңге, облыстық бюджеттен 1 770,6 млн теңге қаржы бөлініп, 60 елді мекенде газбен жабдықтау құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, 21 елді мекенде газбен жабдықтау құрылысы аяқталып, 48 255 тұрғын халық газбен қамтамасыз етілетін болады. Қалған 39 елді мекеннің құрылысы 2013 жылға қалдырылмақ. Нәтижесінде, 2013 жылдың 1 қаңтарына 900 елді мекеннің 231-і газдандырылады.
3. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай»
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізін қайта салу мемлекет басшысы Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы қолға алынды. Аталған көлік дәлізінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өтетін учаскесін қайта салуды жобалау барысында жол бойына жақын орналасқан елді мекендерге көлік қатынасына кедергі келтірмеу мақсатында жобалаушылар 50 көпір мен жол өтпелерін салу қажеттігін ескерді. Қазіргі уақытта 30 көпір мен 13 жол өтпелерін тұрғызу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Оңтүстік Қазақстан облысының аймағымен өтетін учаскесінің ұзындығы 418 шақырымды құрайды, соның 353,7 шақырымы цемент бетонды жабынды болады. Бұл жол транзиттік автокөліктің көп болуына байланысты бірінші техникалық санатқа сай келетін 4 жолақты болып салынады. Бүгінде құрылыс жұмыстары жалпы ұзындығы 239 шақырымды құрайтын 7 учаскеде жүргізілуде. Алғашқы 55 шақырымы өткен жылы салынды, ағымдағы жылы 142 шақырым жол құрылысын аяқтау жоспарлануда. «Ғасыр жобасы» атанған көлік дәлізін салу барысында облыста жұмыссыздық төмендеді. Құрылыс жұмысына 4221 адам тартылса, олардың 3927-сі жергілікті тұрғындар.
4. Көксарай суқоймасы
«...Оңтүстікке су ауадай қажет. Керек десеңіз, елді ауызсумен, ағынсумен қамтамасыз ету - еліміздің қауіпсіздігін нығайту. Сондықтан Көксарай - еліміздің қауіпсіздігін нығайтатын құрылыс. Жыл сайын көктем шыға дарияның су тасқынынан қорқып, Оңтүстік пен Қызылорда облыстарының халқы жандарын шүберекке түйіп отырады, миллиардтаған теңге бөгет, тоспа салуға дария жағалауын бекітуге жұмсалады. Көрші елге кетіп жатқан суды Аралға жеткізіп, оны қалпына келтіруіміз керек. Негізінен алғанда, Көксарай Оңтүстік Қазақстан үшін емес, Қызылорда халқы үшін салынып жатқан құрылыс. Су тасқыны қаупін жою үшін, Аралға су жеткізу қажет. Қыста жиналған таудың таза суын жаз айларында Қызылорда халқы пайдалануы керек. Көксарайды салуды 2 жылда бітіруіміз қажет. 2010 жылы 1 млрд текше метр, ал 2011 жылы реттегіштің құрылы-сын бітіріп, 3 млрд текше метр су жинап, Қызылордаға береміз».
Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл пікірді Көксарай су реттегішін салу туралы жиында 2008 жылдың көктемінде айтқа-ны белгілі. Бұл дұрыс шешім болды. Сыр суы 40 мыңнан астам тұрғыны бар 50-ден астам елді мекенге жылда қауіп төндіріп отырды. Елбасы ел қауіпсіздігін ескере отырып, дана шешім қабылдады. Сырдың аяғында отырған қызылордалықтар жыл сайынғы су апатынан құтылды. Елбасына осы шешімі үшін қос аймақтың тұрғындары алғысын білдірді. Көксарай жобасының арқасында жыл сайын Арал арнасы шамамен 1-2,2 миллиард текше метр сумен толмақ.
- Көксарайдың құрылысы Елбасының жеке бақылауындағы алып құрылыс ретінде тарихта қалады. Ол - Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген, - деп атап көрсетті облыс әкімі Асқар Мырзахметов. Сонымен, Елбасының тікелей тапсырмасымен үш жылда салынған Көксарай суқоймасының маңызы неде? Ол Кіші Аралдың су деңгейін көтереді, Шардара ГЭС-нің қуатын арттырады. Сыр өзені бойындағы экологиялық жағдай жақсарады. Халық жыл сайынғы су апатынан құтқарылды. Демек Президент тапсырмасымен аяқталған құрылыстың стратегия-лық мәні жоғары болды.
5. Елбасы назарындағы оқу орны
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президенті:
- Университеттің халықаралық дәрежесі болғандықтан ол қатардағы оқу орны болмауы тиіс. Біздің алға қойған басты мақсатымыз - түлектері кез келген жерде сұранысқа ие болатын жоғары деңгейдегі университет құру.
Абдолла ГҮЛЬ, Түркия президенті:
- Бүгінгі таңда Қожа Ахмет Йассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті түркі әлеміндегі мемлекеттерінің географиялық қашықтығын қысқартып, туысқан елдер арасындағы байланысты жақындатты. Ал білімге салынған инвестицияның мәні зор. Халықаралық дәрежедегі мәртебесі бар білім ордасы Орта Азиядағы іргелі оқу орнына айналуы қажет.
Қожа Ахмет Йассауи атындағы қазақ-түрік университеті 1991 жылы 6 маусымда Президент Жарлығымен құрылды. Университет - түркі тілдес мемлекеттер арасында ең алғаш халықаралық мәртебеге ие бірден-бір оқу орны. Мұнда әлемнің 32 түркі тілдес елінен жастар білім алуда. 300 гектар жерді алып жатқан университет қалашығында ботаника бағы, профессорлық оқытушылар құрамына арналған тұрғын үйлер, оқу корпусы, тағы басқа ғимарат орналасқан, шаруашылық, кілем тоқу, үлгілеу, тігу, шаштараз цехы жұмыс істейді. Еуропалық үлгідегі мәдениет сарайы мен қонақүй, 80 пәтерлік 10 коттедж бар. Университетте алғашқыда небәрі 332 студент оқуға қабылданған болса, қазіргі таңда 10 мың студент қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілінде білім алуда. Президент Назарбаев пен Түркия премьер-министрі Демирельдің кездесуінде «халықаралық университет» мәртебесі берілді. Халықаралық қазақ-түрік университетінің кеңеюіне екі ел басшылары барынша назар аударып келеді. Қазіргі кезеңде 400 мыңдық кітап қоры мен жабық бассейні бар. Үкіметаралық келісімге сәйкес, түркі елдерінің жастарын оқыту үшін 200 грант бөлінеді. Бүгінгі таңда Қожа Ахмет Йассауи атындағы қазақ-түрік университетінде 1006 оқытушы, 87 профессор, 16 философия докторы (PhD), 343 ғылым кандидаты мен доценттер, сонымен қатар Түркияның 40-қа жуық пофессорлары мен оқытушы құрамы сабақ береді. Университет түлектері Қазақстанда ғана емес, ТМД, Азия, Еуропа және Түркия елдерінде еңбек етіп жүр.
Білімді бағалау жөніндегі агенттіктің мәліметі бойынша университет 2011 жылы көпсалалы университет арасында жетінші орынды жеңіп алып, алғашқы ондыққа енді.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы халықаралық дәрежедегі мәртебесі бар оқу орны, Жамбыл, Қызылорда аймағының, сонымен қатар республиканың өзге де өңірлеріне болашақ маман дайындап беріп жатыр. Елбасы назарындағы оқу орнының көкжиегі кең, мақсаты биік...
Берiк БЕЙСЕНЏЛЫ