Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Қазыналы Оңтүстік» облыстық байқауы үшін..

АЛҒЫ СӨЗ

«Қазыналы Оңтүстік» облыстық байқауын ұйымдастырушыларға алғысымызды айта отырып, «ШЕЖІРЕЛІ ОҢТҮСТІК» (Оңтүстіктің тарихы мен шежіресін, тарихи мұра, мәдени орындар, түрлі тарихи оқиғалар мен шайқастары өткен жерлер туралы үздік жазбалар) номинациясы  бойынша байқауға қатысуға шешім қабылдадым.

Жазбаларды бет алды тықпалай бермей, оқырманға түсінікті болу үшін уақыт кезеңдерін жүйелі түрде сақтай тырысып, сонау тас ғасырынан жаңа заманға дейінгі кезеңді қамтып, ел көзінен тасалау қалып келген өлкемізге қатысты тарихи оқиғалар мен аңыз-әңгімелерді  назарларыңызға ұсынсам деген ниетім бар.

Номинацияның шеңбері тар болғанымен, мен өзімнің азамат және  ұстаз ретінде алдыма қойған мақсаттарым бар. Байқауды пайдаланып, өңіріміздің тарихы ғана емес, қолымнан келгенше, оқырмандарды  өлкеміздің табиғаты, ата-бабамыздың мәдениеті мен салт-дәстүрінен де хабардар  еткім келеді.

Әрине, байқаудың өз талаптары бар. Барлық дереккөздерді көрсетуге мүмкіндік жоқ.  Сондықтан, плагиаттық жасады деп сөге көрмеулеріңізді өтінемін. Мені автор емес, құрастырушы деп түсінгендеріңіз жөн.

Тарихты түсіну үшін алдымен география мен топонимиканы  жақсы білу керек.

Олай болса, алғашқы жазбамызды өңір географиясы мен топонимикасына арнаймыз.

Осы жазбамызда  бұл күндері ұмытыла бастаған кейбір  географиялық атауларды келтірдік. Ол туристер үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де  керек.

Қателескен немесе ұмыт қалдырған тұстарымызды пікір ретінде қалдырып отырсаңыздар, алғыстан басқа айтарымыз жоқ!

Өлке тарихын бірге жаңғыртайық.

 

1. Өңір географиясы мен топонимикасы

(Қысқаша шолу)

 

ЖАЗЫҚТАР

(Жазық — жер бетінің аз тілімденген, тегіс немесе белесті болып келген кең алқабы)

 

БЕТПАҚДАЛА – Шу өзенінің солтүстігінен Сарыарқаға дейін созылып жатқан жазы ыстық, қысы қатал,  таты айтып тұрғандай табиғаты адам тіршілігі үшін жайсыздау салыстырмалы түрде айтсақ жазық дала. Кейбір зерттеушілер бұл атау сұрықсыз қалпына қарай, парсы тілінің «бадбахт» немесе «байдбах» сөзі арқылы жасалған дейді.

Бетпақдала шығысында Балқаш көлі, батысында Сарысу өзенінің төменгі ағысына дейін көсіліп,  Қарағанды,  Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын шектестіріп  жатыр.

Қысы-жазы аң-құсы өріп жүретін Бетпақдала аңшылықпен әуестенетіндер үшін таптырмас өңір деуге болады.

МЫРЗАШӨЛ – Сырдың сол қанатынан батысқа қарай Фариш тауларына дейін созылып жатқан жазық дала. Солтүстігі  Шардара су қоймасы мен Айдаркөл, Арнасай, Тұзкен көлдеріне барып тірелсе, оңтүстігі  Өзбекстанның Гүлстан даласымен шектесіп жатыр. Аты айтып тұрғандай жері өте құнарлы, ертеден егіншілік мәдениеті жақсы дамыған өңір. Мырзашөлдегі Мақтаарал, Шардара аудандары елімізде өндірілетін мақтаның барлығын дерлік, қауын-дарбыз және өзге де бақша өнімдерінің үлкен бөлігін береді. Сондай-ақ , кейбір шаруашылықтарда ішінара күріш дақылы өсіріледі.

ҚЫЗЫЛҚҰМ шөлі - Солтүстік-батысы Арал теңізіне, оңтүстік-шығысы Өзбекстандағы Зеравшан аңғары мен Нұрата  тауларына ұласады. Шығысы Сыр өзеніне тіреліп, облысымыздың Шардара, Отырар, Түркстан аудандарының біраз бөлігін қамтып жатыр..

ТАУ ЖОТАЛАРЫ

Бір шеті сонау  Қытайдың  қақ  ортасында жатқан  Құбының (Гоби шөлі) құмымен  шектесіп жатқан қазақтар Тәңіртау деп атайтын, Тянь – Шань тау жүйесінің батысында, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын бойлай, солтүстік-шығыстан  оңтүстік-батысқа қарай көсіліп,  жергілікті халық «Алатау» дейтін  «Өгем»  жотасы жатыр.

ӨГЕМ -Тянь-Шань  тау жүйесінің батысындағы тау жотасы. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа  қарай 110 км-ге созылған, енді жері 30 км-дей. Ең биік жері - Сайрам шыңы (4299 м). Оңтүстік-батысы көлбеуленіп Шарбақ бөгеніне (Өзбекстан) тіреледі. Жер бедері әр түрлі; төменгі  шекарасы  шалғынды жазықтар. Жазық жайлауларында бұлақ, бастаулар мол. Биік жоталарды мұздықтар басып жатыр. Қазығұрт,Төле би аудандары аумағына Өгем жотасының солтүстігі мен оңтүстік-батысы кіреді. Құмкезең, Жалтыр, Көнекті, Жетіүңгір, Пиязды, Шымырбай, Азартеке, Мақпал жоталарынан, Торпақбел, Майдантал асуларынан тұрады. Өгемнің Талас Алатауымен  қиылысқан жерінде Ақсу -Жабағылы  қорығы орналасқан. Тау мұздықтарынан Өгемсу,  Бадам, Сайрамсу, Балдыбірек, Қасқасу, Сарыайғыр, Майдантал өзендері бастау алады. Таудың қоңыр, альпілік шалғынды топырағында, тау етегінде әр түрлі шөптесіндер, бұта аралас жеміс ағаштары, биіктік белдеуінде  аршаның түрлері, субальпі, альпі шалғыны өседі. Мұнда  аршаның  500-600 тіпті 4000 жылға дейін  жасайтын  кейбір түрлері кездеседі. Өгемсу  мен  Сайрамсудың бастапқы тұстарында ешбір жақтың қайыңдарына  ұқсамас, ғылымға «Түркстан қайыңы» деген атпен енген қазақы қайың өседі. Жабайы алма мен жабайы жүзімнің алуан түрі, өрік пен алша, сары  және  қызыл долана , жаңғақ, жиде, алмұрт сияқты жеміс ағаштары, шырғанақ, итмұрын, таупісте, қарақат, таушие сияқты емдік қасиеті көп жидекті, бұталы және шөптесін өсімдіктер де жетерлік! Сонымен қатар, тал-теректің көптеген түрлері, шетен, ұшқат, тобылғы секілді ағашьар мен бұталар өседі .

Халықаралық қызыл кітапқа кірген Грейг, Кауфман қызғалдақтары аталатын қызғалдақ түрлері өседі (Грейг қызғалдағы – 1873 жылы Ресей бағбандар қоғамының президенті  Самуил Алексеевич Грейгтің  (1827-1887) құрметіне аталған) Қазір  Голландиядан әкелініп, гүл дүкендерінде қымбат бағамен сатылатын шетелдік гүлдер, түрлі жолдармен осы гүлдің  пиязшықтарынан будандастырылып алынған.

Өгем тауында  өсімдік дүниесінің 1635 түрі, шөп жейтін сүтқоректілердің  59, құстың  300 түрі бар. Жануарлар немесе хайуанаттар әлеміне келсек, қоңыр аю, қасқыр мен түлкі, қабан, тауешкі, арқар, елік, борсық, Мензбир суыры (тау тышқан), қар барысы  мен тағылан (жайра) мекендейді.

 

САЙРАМ шыңы  Өгем жотасының ең биік нүктесі - 4299 м.

Беткейлері  тік құлама  құзды.   А у м а ғы мұздықтармен құрсалған.

 

ТАЛАС  АЛАТАУЫ - Тянь-Шаньның батыс сілеміндегі жота. Қазақстан мен Қырғызстан жерінде. Орташа биіктігі -  4000 м, ең биік жері — Манас шыңы (4484 м). Қазақстандық бөлігінде  Ешкіөлмес, Алатау, т.б. бірнеше аласа тау сілемдеріне тарамданады, ең биік жері — Ақсуат тауы (4027 м). Талас Алатауының баурайынан Ақсу, Жабағылы, Жосалы, Бала Балдыбірек, Балдыбірек, т.б. өзендер бастау алады. Көп жылдық  қар жамылған мұздықтар  бар.

ҚАЗЫҒҰРТ  – Өгем тау қыраттарымен  Көкібел арқылы  батысқа қарай жалғасып жатқан  жота. Абсолютті биіктігі 1768 м. Аңыздарда Нұх пайғамбардың кемесі тоқтағаны  туралы айтылатын киелі Қазығұрт туралы аңыздар жетерлік. Оған кейінірек тоқталамыз.

ҚАРАТАУ жотасы

Қазақстан жеріндегі ең алғаш адам іздері табылған Қаратау туралы сағаттап айтуға болады. Жотаның  солтүстік-батыс бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысы аумағына сұғына кіріп жатыр. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 420 км-ге созылып жатыр. Ең биік жері Бессаз тауы (2175 м).

 

ТӨСКЕЙ  - Өгемнің  Талас Алатауымен қиылысқан, солтүстік-шығысында орналасқан Ақсу-Жабағылы қорығы  мен  батысындағы  әйгілі  Қазығұрт  тауының  аралығында  жатқан , аумағында - жазиралы, далалы алқаптардан бастап биік-биік Альпі шалғындарына дейін кездесетін, табиғатының сұлулығы мен  жануар-өсімдік дүниесінің әр алуандығы жағынан әлемнің айтулы деген аймақтарымен таласқа түсе алатын аймақты жергілікті тұрғындар ежелден  «Төс» елі (Төскей) деп атайды.

 

КӨКІБЕЛ белі – Өгем мен Қазығұрт жоталарын жалғастырып жатқан қырат.

 

БЕЛАРЖАҒЫ – Қазығұрт жотасынан Ташкент қаласына дейін созылып жатқан жазық

ШӨЛ – Қазығұрт жотасынан Арыс өзеніне дейін көсіліп жатқан шөлейтті аймақты халық арасында «ШӨЛ» деп атайды (Монтайтас, Шанақ ауылдары жағы).

 

ТЕРІСКЕЙ – Қаратау  жотасының  солтүстік-шығыс жағы.

 

ӨЗЕНДЕР

Оңтүстік Қазақстан облысының су кадастрында  297 өзен тіркелген.

Өлкедегі өзге өзендердің барлығы Сырдария өзенінің алабына  жатады. Олар тау мұздықтарынан басталады.

СЫРДАРИЯ өзені. Орта ағысы өлкеміздің оңтүстігі мен батысын кесіп өтетін Сырдария өзені көне грек жазбаларында Яксарт атауымен белгілі.

Б.з.д.  III –ғасырда Ескендір Зұлқарнайын әскерінің қолбасысы Демодам Мырзашөлге таяу маңда Ахангаран өзенінің Сырға құяр тұсында сақтардың жерін жаулап алуға  дайындалу  үшін «Александрия Эсхата» («Қиырдағы Александрия») атты қала салған.

Сырдария ортағасырлық араб  жазбаларында  жұмақтағы төрт өзеннің бірінің атымен «Сейхун» (سيحون) деп аталған.

Сырдарияның  жалпы ұзындығы – 2219 км,  қазақ жеріндегі  ұзындығы – 1400 км.

АРЫС өзені - 378 км.

АҚСУ - 133 км.

БАДАМ - 145 км.

МАШАТ - 60 км.

КЕЛЕС - 102 км.

САЙРАМСУ – 76 км.

Аталған өзендерден өзге де көктемде бұрқан-талқан тасып, жазда құрғап қалатын майда өзендер баршылық.

 

КӨЛДЕР

Қолда бар деректерге сүйенсек, өңірімізде  көлемі 1 гектардан асатын  1049 көл бар екен.

Осылардың ішінде көлемі 100 гектардан асатын 74 көл бар көрінеді..

Ол көлдердің ішінде ерекше бөліп алып, айтуға тұрарлық көл Қызылкөл.

ҚЫЗЫЛКӨЛ - Созақ ауданының оңтүстік- шығысында,  Құмкент ауылының батысында 7 км жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен 331 м биіктікте жатыр, ал көлемі 16,2 шаршы километр. Ұзындығы 18,6 километр.

Көл ағынсыз, тау аралығында ойыста орналасқан. Оның тереңдігі 10 метрден астам, батыстан шығысқа қарай созылып жатыр. Тұзды суы мен балшығының емдік қасиеттері мамандар тарапынан дәлелденген..

ЖАСАНДЫ СУ ҚОЙМАЛАРЫ

ШАРДАРА су қоймасы өткен ғасырдың 60 жылдары егін суару мен ГЭС  үшін салынған.  Өңірдің біраз бөлігін электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған Шардара ГЭС-і 1967 жылы пайдалануға берілді. Ауданы - 783 км², көлемі- 5,7 км³, пайдалы көлемі- 4,2 км³.

Су қоймасы 40 шақырымдық  құмды жаға жайымен туристерді қызықтырса, алуан түрлі балықтарымен  әуесқой балықшылар үшін де таптырмас орын.

 

БӨГЕН су қоймасы 1967 ж. пайдалануға берілген. Әу баста егін суару мақсатында салынған жасанды су қоймасындағы су құрамынан кейінгі кездері көптеген минералдық заттар анықталып, емдік қасиеттері белгілі болды.  Ауданы - 65 км², көлемі- 0,370 км³.

Су қоймасынан әуесқой балықшылар үшінде ермек табылады. Балықтың көптеген түрлері бар.

 

‪#‎ОN_Brand

 
0
0
2145

Осы тақырып бойынша

«Қазыналы Оңтүстік» облыстық байқауы үшін.. - Yvision.kz