Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Азуын айға білеген қашқын

БТА Банктен қаржы жымқыруға байланысты сот процесі басталғалы бұрынғы олигарх Мұхтар Әблязов саяси қызметін жандандырды. Шетелде бас сауғалап жүрген банкир  Қазақстандағы билікті төңкеруге күш салуда. Банкирдің ойынша қазақстандықтар оның кегін қатару үшін қарсылық акциясын ұйымдастырады.

Соңғы үш жылын Әблязов Франция түрмесінде өткізді. Өткен жылдың 6 желтоқсанында босап шыққан бұрынғы банкир енді кегін Қазақстанда төңкеріс жасап қайтаруға бекінген сияқты.

Банкир  қазақстандықтар  оның  қуғында жүрген жылдары мен жымқырылған қаражатының орнын толтыру үшін қарсылық акциясына шығу керек деп есептейді. Оны Фейсбук, Инстаграмм әлеуметтік желілері арқылы елді митингіге шығару үшін не істеуге болады деген сауалдарынан көруге болады. 31 наурызда Фейсбуктағы парақшасында «Қазақстан бойынша, тым болмаса 5-6 қалада митинг ұйымдастыру бойынша. Біздің азаматтар қарсылық акциясына шығу үшін барлығын толғандыратын, кілт болып табылатын тақырып керек. Азаматтарымызды бәрінен бұрын не алаңдататын білу үшін тақырыптар ұсыныңыздар. Негізінде барлығын толғандыратын бір тақырып болса» деп жазады. Яғни, қарсылық ұйымдастыру үшін халықты қандай да болсын желеумен көшеге шығару керек дейді.

Шетелде қашып жүрген қаржыгер өз жақтастарын көбейту үшін арнайы «Қазақстанның демоктартиялық таңдауы» деген қозғалыс құрды. Қозғалыстың бағдарламасына келіскен кез-келген жан оған мүше болады. Бағдарлама әдеттегідей, кез келген партияының бағдарламасынан өзгешелігі жоқ, кезекті жоба.

Олигархтың жазбаларына қарап отырып, келмеске кеткен Кеңес үкіметінің саяси әдістерін қолданатынын байқадық. Оны фейсбук қолданушыларының «Қазақстандық Ленин» деп атауы да тегін емес. Оған, фейсбуктағы 5 сәуірдегі жазбасы дәлел. «Оппозицияға берілген халық көп екендігін білсе батыл келеді. Бұл үшін олар кезінде большевиктер жағасына алқызыл бант таққан сияқты белгі тағуы керек. Өзіндік символ, сырт пішінді бұзбайтын, қолжетімді белгі жасау керек. Ағылшын түйреуішін, болмаса шляпадан көрініп тұратындай есікті қаптайтын декоративті шегені түйреуге болады. Халық ФБ-та талқылап, өзі таңдау жасасын. Болашақта бірлескен қарсылықтың символы болу керек» ,-дейді банкир.

Суға кеткен тал қармайды дегендей, Мұхтар Әблязов қазақстандықтарды өз мақсатына пайдалану үшін фейсбукта күніне бірнеше пост жазады. Жымқырған қаражатты қайтармаудың бір амалы - Қазақстандағы бейбіт өмірді шайқалту, соғыс өртін тұтандыру. Ол үшін олигарх Ресейдегі Навальныйдың әрекетін қайталағысы келетінін жасырған емес.

2 сәуірдегі жазбасында Мұхтар Әблязов Навальныйдың қарсылық акциясын ұйымдастыру тәжірибесін талқыға салады. «Оппозициялық процесті ұйымдастырушылар халықты жаппай митингке келтіру үшін не ітеуі керегін түсінгім келеді» деп бастайды олигарх. «Қарсылық акцияларының көшбасшылары болуы керек деген ойлар айтылды. Ресейде қарсылық акциясы бір мезгілде 97 қалада өтті.  Навальныйдың барлық қалада штабы болған жоқ. Митингіге көпшілік Мәскеудегі көшбасшыларсыз шыққаны белгілі. Белсенділер мен көшбасшылар митинг болған күні пайда болды. 26 наурыздан кейін аймақ қалаларында өткен митингілерге де халық өз бетімен шықты» дейді банкир.

Елінен жырақта қашып жүрген банкирге халық төңкерісті қалай ма, жоқ па, бәрібір. Ең бастысы, кезінде өзі шайқап ішкен мол байлыққа оралу. Мақсаты сырт мемлекетте отырып, халықты билікке айтақтап, ел іргесі шайқалған кезде  қайтадан қазынаға қол салу.

Қырғызстанда, Украинада болған сценарийді Қазақстанда қайталауды армандайтын қаншама саяси қашқын бар. Олар Қазақстанда билік басында отырғанда қарапайым халықтың жағдайы алаңдатпаған еді. Енді ақша жымқырып, қуғынға түкенде, елді, жерді ойлағыш болып, тыныштықты бұзуға барын салуда.

«Қарсылық акцияларын өткізуді қолға алатын белсенілер іздеймін» деп жалғастырады банкир. «Әрине оларды тыңғылықты дайындау керек. Митингілер тез басылып қалмау үшін неғұрлым көп адам шығару керек. Менің жекеме, электронды поштама жазыңыздар. Осында, фейсбукта өз ұсыныстарыңыз бен қауіптеріңізді билік тарапынан қуғындалуға себеп жоқ болса ашық бөлісуге боалды»,-дейді Әблязов мырза. Сонда митингі ұйымдастырам деп хат жазғандарды Франциядағы батыр қалай қорғамақ? Олардың істі болмайтындығына, митингі кезінде жарақаттанбайтындығына қалай кепіл бермек? Неге қарапйым халық қайдағы бір қашқын банкир айтты екен деп көшеге шығуы керек? Әлде Әблязов белсенділерге ақша төлей ме? «Адасқан елге арамза молданың» кейпін киген қашқынның  өлердегі сөзіне алданып, еруі мүмкін жандардың өміріне банкир жауаптымын деп отырған жоқ.

Шет мемлекетте ақ нанға уылдырық жағып жеп отырған олигарх қарапайым қазақтың не қалайтындығынан хабарсыз. Қазақ үшін ақша мен байлық емес, бір тұтам жердің амандығы қымбат екендігін білсе, елді митингіге шығару үшін бір тақырып тауып беріңдер деп жар салмас еді. Әблязов қарапайым қазақты не алаңдататынын білмейді. Қазақ аш болса да ертеңіне тәубе қылып өмір сүретін халық. Қазақты тек ары мен намысы ғана көшеге шығара алады. Оны өткен жылғы Жер мәселесі дәлелдеді. Жер мәселесінде халық жалақым аз, күнкөрісім қиын деп емес, жерімді өзгеге басыбайлы етпеймін деп көтерілді. Және көтерілгеннің бәрі қазақ тілді қазақтар. Әблязовтың ең үлкен қателігі өзінің соңынан орыс тілді қазақстандықтарды ертіп төңкеріс жасаймын деп қиялға берілуі. Қазақстанның орыс тілді бөлігі ешқашан көшеге қарсылық акциясына шықпайды. Себебі олардың жағдайы біршама тәуір. Ал, қазақ тілді қазақтар өз елінен жеріп, сыртта бас сауғалап жүрген бай қаржыгердің соңынан ермейді. Кезінде қазаққа пана бола алмаған адам енді кімді көгертпек. Қазақты соңынан оның тарихы мен мәдениетін бойына сіңірген адам ғана  ерте алады. Мұхтар Әблязовтың қазақы дүниетанымнан алыс адам екендігі қазақтың жүзге бөлінуі туралы жазған мысқыл постынан айқын аңғарылады. 11 сәуірде «ЖҮЗ ТУРАЛЫ! деп айғайлатып ат қойған жазбасында «Франция миграциялық қызметінде қай жүзден екендігімді сұрады. Қазақтар танысқанда қай жүзден деп сұрайды, сіз қай жүзденсіз деп сұрады. Ал мен оларға Қазақстан туралы сіздерге қате түсінік берген деп айттым. Инстаграмда жастар да осы сұрақты маған жиі қояды. Мен Қазақстаннан кеткен 8 жылдың ішінде барлығы өзгеріп кетті ме?» дейді. Мұхтарға қарағанда француздар қазақы танымды зерттеп-білген сияқты. Әйтпесе, танысып-біліскенде руы мен жүзін сұрасу ата-бабадан қалған әдет емес пе.

Бүгінде Әблязов пен оның жақтастарына қатысты Ресейде, Украинада және Қазақстанда 11 бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.  Оларға 12 млрд АҚШ доллары көлемінде ақша жымқырды деген айып тағылып отыр. Ал, Мұхтар Әблязов БТА Банкке қатысты сот процесінен ел назарын су тасқынына, латын қарпі мәселесіне аударуға тырысып бағуда. Тіпті, Қазақстан Үкіметі су тасқынының алдын алу туралы мен жазғаннан кейін ғана мәселені шешуге кірісті деп жазды. 6 мамырдағы постында «Осыдан бірнеше апта бұрын мен елде су қоймалары жүйесін салып, су тасқыны мен ауыл шаруашылық жерлерін суару мәселесін шешу туралы ұсыныс жасағанмын. Міне, Қазақстан үкіметі қозғалып, 22 жаңа су қоймасын салу туралы мәлімдеді» деп жазады. Не деген жанашырлық. Алыста отырып ақыл айтқан әрине оңай. «Бұл мәселе «Қазақстанның демоктартиялық таңдауы» жаңа оппозициялық күші пайда болған соң ғана барып шешімін таба бастады» деп мақтанышпен жалғастырады псевдосаясаткер.

Фейсбук желісіндегі жазбаларында еркін көсілген банкир ертегі ойлап табуға да кірісіпті. Әсіресе, «ҚЫТАЙ, 2030 ЖЫЛ. Пекин Мемуниверситетінің студенттеріне арналған дәріс» деген ертегі жазады. «Қытайлықтар 2030 жылы өз студенттеріне «Біз Қазақстаннан 1 млн га жерді жалға алдық. Қазақстанда 15 млн ханьға арналған қала тұрғыздық» деп дәріс оқып тұр» деген ойға симайтын дүниелер жазады. Қайраңға шығып қалған балықтай, басын тауға да тасқа да ұрған бұрынғы банкир болмағанды болғандай етіп айтатын жағдайға жетіпті.

13 сәуірде жазған постында латын қарпіне көшу туралы Елбасы ұсынысын сынға алады.  «Латын қарпіне көшсе қазақ тілін  үйрену жеңілдеп кете ме? Бірден елде қазақ тілін үйрететін тегін оқу курстары ашыла сала ма? «Қазақстандқтардың барлығы қазақша сөйлеп кете ме? деп ел ішіне шоқ тастайды. Мемлекеттік тілді меңгеру мәселесінің ушығып тұрғанын пайдаланған банкир осының барлығы қазақ тілін күштеп үйрету үшін жасалып жатыр дегенді меңзейді. Әрі қазақ тілін білмейтіндерді латын қарпін енгізуге қарсы қояды. «Латын қарпі мемлекетті он жылға кері шегіндіреді» дейді банкир. Европада тұрып жатқан азаматтың латын тілінің әлемдік өркениетке ілесетін төте жол екендігін білмеуі мүмкін бе? Соңғы 100 жылда басылған кітаптарды келешек ұрпақ білмей кетеді дегенді алға тартады. Қазақстан мектептерінде орыс тілі «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы аясында міндетті түрде оқытылады. Онда келешек ұрпақ киррилицаны білмей кетеді деп күмән туғызып, байбалам салудың не қажеті бар?

Қашып жүрген банкир Қазақстанда төңкеріс жасау үшін күні-түні әлеуметтік желілерде пост жазып, «азуын айға білеп отыр». Тек елді соңынан ерту үшін қазақты сүю керек. Қазақты сүю үшін елге қызмет ету керек.

0
0
1286

Осы тақырып бойынша

Азуын айға білеген қашқын - Yvision.kz