Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

ҚазМұнайГаз: жалынды жастар –жарқын болашақтың кепілі

Бүгінгі мақсат –  елдің тұтқасын ұстайтын, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ тәрбиелеу, елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын көшбасшылар шоғырын қалыптастыру.

Бүгінгі таңда  елдігімізді күшейту, болашаққа деген сенімді нығайту, жастар саясатына байланысты маңызды жобалардың бірі - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамына қарасты компаниялар жанынан құрылып жатырған Жас мамандар кеңестері. 30 шілде күні «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жастарының басын бір ортаға тоғыстырған Жас мамандар кеңесіне бір жыл толды. Осыған орай оқырман назарына Кеңес  төрағасы Бауыржан Ходжаевпен сұхбатты ұсынамыз.

Бауыржан, ең алдымен өзіңізді және Компаниямыздың барша жас мамандарын, жалпы ұжымдастарымызды Кеңестің бір жылдығымен құттықтаймын! Сұхбатымызды  Жас мамандар кеңесін құру идеясы және  Кеңесті құрудағы алға қойған мақсаттарыңыз қандай деген сұрақтан өрбітсек?

–Жалпы қандай мәселе болмасын өзінің бұйырған уақыты болады. «Сабақты ине сәтімен» дейді қазақ. Негізі, осы іспетті қауымдастық құру көптен көкейде жүрген мәселе болатын. Кеңес құрылғанға дейін де жастар болып, бірге оқығанымыз бар, бір қызметте жүргеніміз бар, ауық-ауық жиналып тұратынбыз. Алайда, бүгінгідей ресми статус, бүгінгідей мүмкіндіктер болған жоқ. Тағы да бір түрткі болған жағдай, сол кездері «Қаражанбасмұнай», «Өзенмұнайгаз» секілді мекемелерде белсенді жұмыс жасап жатырған жастар кеңесі болды. Осылай, жастардың өзінің бастамасымен Басқармаға «Кеңес құрсақ» деген ұсыныс жолдаған едік. Бұл бастамамыз Басқарма тарапынан қызу қолдау тапты. Нәтижесінде - өткен 2014 жылдың шілде айында компания қабырғасында басшылықтың қатысуымен жастар конференциясы болып, сол жерде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Жас мамандар кеңесінің құрылуы туралы ресми түрде жарияланды. Осыдан сәл кейін, қыркүйек айында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамынан да жастар кеңесін құру туралы тапсырма келіп түсті.

Ал мақсат біреу – ол мынау өзіміз қызмет етіп жатырған компаниямыздың көркеюіне, еліміздегі ең озық озық өндіріс кәсіпорынның қатарынан көрінуі жолында қызмет ету.

Осы өткен бір жылда нендей жұмыстар атқарылды? Жалпы

көзделген мақсаттар, жасалған жоспарлар жүзеге асырылып жатыр ма?

–Аспан астындағы мұражай атанып кеткен 362 әулиелі Маңғыстауда тұрып, оның тарихи, рухани, мәдени жәдігерлерін дәріптемеу, көңіл бөлмеу біз секілді жастар қауымдастығы үшін үлкен ағаттық болар еді. Тарихы жоқ елдің өзі де жоқ!

Ықылым заманнан  «өлі жебімей, тірі байымайды» деп әруағын адамынан артық құрметтеген, өлісін еш уақытта ұмыт қалдырмаған халықпыз. Осы аталардың салтынан айнымай біз де шаруамыздың шымылдығын «піссіміллә» деп Маңғыстау сәулет өнерінің жәдігері   «Қараман ата» қорымына барып сенбілік өткізумен аштық. Қорым басындағы тозығы жеткен түнеухананы жаңғыртып, қорымды айнала қоршаған тас қорғанның құлаған жерлерін қайта қалап, садақамызды тарқаттық. Ел амандығы мен халық бірлігін тілеп дұға оқыдық, елін-жерін қорғаумен өткен би-батарларымызға, әулие-әмбиелерімізге арнап құран шығарттық, бастап жатырған шаруамызға Алладан медет, берекет сұрадық. «Жастың тілегі қабыл» , сол сапарымыздың оңынан оралғаны болар - бір жылдан бері Кеңесіміздің жұмыс ауқымын кеңейтіп, қызметімізді дөңгелентіп келеміз.

Жүйелі түрде жүргізіліп  жатқан шараларымыз туралы айтар болсақ,  өткен жылдың желтоқсан айынан басталған «Үлкенге құрмет – жасқа міндет» атты шарамыз бар. Бұл шараның негізгі мақсаты - ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғау, рухани байланыс орнату, жасы үлкенге деген құрметті, сыйластықты өнеге қылу. Шара барысында жастар компаниядан еңбек демалысына шыққан, аз қамтылған зейнеткерлеріміздің үйлеріне барып, хал жағдайларын біліп, тұрмыстық мұқтаждарына жәрдем берді. Жігіттер жағы аула жинау, отын шабу сияқты ауыр жұмыстарды атқарса, қыздарымыз үйлерін жинасып, ішкі тазалыққа араласып жатады.     Биыл - Ұлы Жеңістің 70 жылдығы .  Жыл басында «Өзім үшін және сол боздақ үшін» атты акциясын жарияланып,  оған үн қосқан компания мұнайшылары 1 миллион теңгеден астам қаржы жинады. Бұл қаражат есебінен осы жеті ҰОС ардагерінің әр қайсысына 100 000 теңге, 4 тыл ардагеріне 50 000 теңге көлемінде  көмек жасадық.

Акцияны толықтай соғыс және  тыл ардагерлеріне арнаған болатынбыз. Осы шаралардың нәтижесінде зейнеткерлер тізімінде тұрған Өтеген  Өзденбаев, Қамқа Үмбеталина, Виктор Нечаевтың сынды ардагерлеріміздің пәтерлеріне күрделі жөндеу жүргізілді, Николай Григорьевич Скороходтың  үйінің дуалын салып  жатырмыз. Жас мамандар кеңесінің жастары асар жасап,  ауласын жөндеді. Мұндағы мақсатымыз - бүгінгі  бейбітшілігіміз бен тәелсіздігіміз үшін қолына қару алып толарсақтан қан кешкен, қан майданнан оралып еңбек майданына араласып, елді аяғына тұрғызған қаһарман ата-әжелеріміздің алдындағы өтелмес борышымыздың титтей де болса қайтарымын беру, ерліктерін, еңбектерін ұлықтау, өскелең ұрпаққа насихаттау болатын.

Рахмет Бауыржан, қызықты сұхбат болған секілді. Елін сүйген, өзіңіздей елгезек жастарымыз көп болғай. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

 
0
0
561

Осы тақырып бойынша