Азия чемпионатын жеңіспен бастадық
Бүгін Манилада (Филиппин) баскетболдан ерлер арасындағы ХХVІІ Азия чемпионаты басталды. Қазақстан ұлттық құрамасы алғашқы ойынын Таиланд тарландарымен өткізіп, 81:67 есебімен басым түсті.
Бүгін Манилада (Филиппин) баскетболдан ерлер арасындағы ХХVІІ Азия чемпионаты басталды.
Қазақстан ұлттық құрамасы алғашқы ойынын Таиланд тарландарымен өткізіп, 81:67 есебімен басым түсті.
Бұл ойында Антон Пономарев құрама қоржынына 21 ұпай, ал «жаңа қазақ»Джерри Джонсон 15 ұпай салды. Қалған ойыншыларымыздың техникалықкөрсеткіштері:
Рустам Мырзағалиев – 13 ұпай, Дмитрий Климов – 12 ұпай, Рустам Ерғалиев – 7ұпай, Виталий Лапченко – 6 ұпай, Константин Двирный – 4 ұпай, Александр Жигулин – 3 ұпай.
* * *
11 тамызға дейін созылатын ХХVІІ Азия чемпионатына «Сарықұрлықтың» 16үздік құрамасы қатысуда. Олар төрт топқа тең бөлінген. Қазақстан құрамасыҮндістан, Бахрейн және Таиланд баскетболшыларымен «D» тобына түсті.
Қазақстан құрамасы ертең Бахрейн, ал cенбі күні Үндістан баскетболшыларымен кездеседі. Бұл – Азия чемпионатының бірінші кезеңі ғана. Содан соң төрт топта 1-3-орындарға ие болған 12 құрама екі топқа жіктеледі.
Нақтырақ айтқанда, «А» және «В» топтарында алғашқы үш орынға ие болған алты құрама «Е» тобын құрайды. Ал «С» және «D» топтарында 1-3-орын алғандар «F» тобында додаға түседі.
Бұл Азия чемпионатының екінші кезеңі болып табылады. Мұнда бірінші кезеңде бір топта ойнаған құрамалар бір-бірімен кездеспейді. Яғни алғашқы топтықкезеңдегі ойындарының нәтижелері екінші кезеңде де есепке алынады. Тек басқа топтан келген үш командамен кездесіп шығады.
Содан соң бес ойынның қорытындысы бойынша ширек финалға шығатын сегіз команда анықталады. Яғни екінші кезеңдегі «Е» және «F» топтарында 1-4- орындарды еншілеген азулы құрамалар ширек финалға шығады.
Ширек финалда додаға түсетін жұптар үлгісі алдын-ала бекітіліп қойған: Е1 – F4, Е2 – F3, Е3 – F2, Е4 – F1.
Осы төрт жұпта жеңіске жеткендер жартылай финалға шығып, әрі қарайүйреншікті жүйемен Азия чемпионатының жүлдегерлері анықталады.
Бірден айтайық, биылғы Азия чемпионатының жүлдегерлері 2014 жылы Испанияда өтетін әлем чемпионатына қатысатын болады. Сондықтан жүледі орындарға ие болудың бағасы да, маңызы да зор болмақ.
Қазақстан құрамасы биыл алдына үлкен мақсат қойып, үздік үштікке ілігуді көздеп отыр. Яғни келесі жылы әлем чемпионатына қатысу мақсат тұтылуда.
Осы орайда айта кетейік, Азия чемпионатының алғашқы кезеңіндегіқарсыластарымызды ұтуға болатын сияқты.
Ал екінші кезеңде өте қиын болады. Себебі «С» тобына Азия баскетболыныңөңшең ығай мен сығайлары түскен. Атап айтқанда, Қытай, Оңтүстік Корея және Иран құрамалары екінші кезеңде біздің жігіттермен «F» тобында бірге ойнауы тиіс.
Қазақстан құрамасы биылғы Азия чемпионатына егжей-тегжей дайындалды. Бірінші кезекте, құрама тізгіні «Астана» клубының бас бапкері, Италия маманы Италия маманы Маттео Боничиоллиге ұстатылды.
Содан соң құрама сапы «Астана» клубы сапындағы америкалық ойынүйлестіруші Джерри Джонсонмен күшейтілді. Ұстараның жүзіндей лыпылдаған Джерри Қазақстан азаматтығын алып, біздің елдің намысын қорғауға келісімін берді.
Үшіншіден, осыдан бірер жыл бұрын «Барселона» (Испания) клубына ауысып кеткен Александр Жигулин шақыртылды. Бұған дейін оны ұлттық құрама сапына шақырту қиындықтар туғызып келген.
Ал биыл ел баскетболының қамын ойлаған іскер азаматтар «Барселона» клубымен де, Жигулинің өзімен де тіл табысып, күрмеуі күрделі түйінді түпкілікті шешкендей.
Сонымен қатар осы Азия чемпионаты қарсаңында Қазақстан құрамасы манилада жаттығу жиынын өткізіп, екі жолдастық кездесу өткізді. Әуелі Филиппинқұрамасынан 89:92 есебімен ұтылып қалса, одан соң жергілікті «Сан Мигель Кофе Миксерс» клубынан 87:82 есебімен басым түсті.
Осы ретте айта кетуге тиіспіз, Филиппин құрамасы – өте азулы команда. Бес дүркін Азия чемпионы. Бұл жетістік жағынан олардан тек Қытай құрамасы ғана озық. Қытай баскетблшылары – Азияның 15 дүркін чемпиондары. Қалған алты Азия чемпионатында екі реттен Иран, Оңтүстік Корея және Жапония жігіттері жеңімпаз атанған.
Жалпы, қазір баскетбол Азияда қарқынды түрде дамып келеді. Көптеген елдердің құрамаларының сапында Америка баскетболшылары ойнайды. Солардың бірі – Қазақстан құрамасының «D» тобындағы қарсыласы Бахрейн елі.
Бас бапкерді де АҚШ-та шақыртқан Азия мемлекеттері көп-ақ. Мысалы, «D» тобындағы біздің жігіттердің басты қарсыластары Үндістан құрамасын Скот Флеминг деген маман жаттықтырады. Яғни Қазақстан құрамасына жүлделі орындардың біріне ие болу мүлде оңай болмайды.
Десек те, үмітімізді үзбейміз. Біздің баскетболшылардың көбісі – екі жыл «ВТБ бірегей лигасында» шыңдалып, тәжірибе жинаған жігіттер. Енді солардыңтомағасын сыпырып, бұғаналары әлдеқашан бекіді ғой деп, дүлей додаға қосып отырмыз.
Ал Қазақстан құрамасының толық құрамы төмендегідей:
| № | Аты-жөні | Қай клубтан |
| 4 | Тимур Сұлтанов | «Астана» |
| 5 | Джерри Джонсон | «Астана» |
| 6 | Рустам Мырзағалиев | «Астана» |
| 7 | Михаил Евстигнеев | «Астана» |
| 8 | Виталий Лапченко | «Каспий», Ақтау |
| 9 | Николай Бажин | «Тигры-ЕНУ», Астана |
| 10 | Константин Двирный | «Тобыл», Қостанай |
| 11 | Антон Пономарев | «Астана» |
| 12 | Дмитрий Климов | «Астана» |
| 13 | Рустам Ерғалиев | «Астана» |
| 14 | Леонид Бондарович | «Барсы», Атырау |
| 15 | Александр Жигулин | «Барселона», Испания |
Нұрғазы САСАЕВ

