АЖЫРАСУЛАР НЕГЕ ЖИіЛЕП КЕТТІ?
Кез-келген бойжеткен мен бозбала өмірде өз теңін тауып, бақытты отбасын құрғысы келеді. Екі жас үйленіп, шаңырақ көтеріп, қоғамымыздың толыққанды мүшесі болып жатыр. Алайда бас қосқан жастарымыз бір жыл толмай жатып түрлі себептермен ажырасып кетіп жатады. Өкінішті.
Осы арада неге ажырасулар жиілеп кетті деген орынды сұрақ пайда болады. Үйленіп, шаңырақ көтеріп жатқан жастарымыздың қатары жыл санап көбейіп жатқаны бәрімізді қуантады. Олардың үлгілі отбасы болып кеткенін іштей тілеп отырамыз. Алайда көп ұзамай ажырасып жатқандары ішінді ашытады. Мемлекеттің өзі отбасыдан құралады емес пе?
«Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» деген мақал бекер айтылмаса керек. Қазіргі жаһандану қоғамында интернет үрдісі жүріп тұрған кез. Әлеуметтік желі арқылы танысып, үйленіп жатқан талай жұпты көрдік. Бір-бірін толық танымай, өзара кемшіліктерін білмей қосылып, кейіннен сол кемшіліктері шығып жатады. Мұндайда ұрыс-керіс жиі туады. Тіпті ажырасуға дейін барып жатады. Міне, осындай сәттерде әке-шешесін танып, біліп, кішкентайынан көз алдындарында өскен қыздарын алса, құрметті де сыйлы құда болар еді деп те ойлап қоямыз. Бұл тұста жастар бір-бірімен тұрып кете ала ма деп те ойланбаймыз. Әрине, өз баласына өмірдің тек жақсылығын тілеген кез-келген ата-ана, ұлдары мен қыздарының текті отбасына жолыққанын армандайды. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған» дұрыс деп, жақын таныс-туыспен құда болғанды дұрыс көретіндер де бар. Себебі қазір жастарымыз бұрынғы салт-дәстүрден басын алып қашып, өзі білгенімен жүреді. Әрине, ол да дұрыс шығар. Өзі жүріп таңдап, сүйіп қосылғаны абзал-ақ. Ата-ананың ықпалымен үйленген жастар арадағы ұрыс-керіске айналадағының бәрін кінәлап жататыны тағы бар. Бұл тұста қай жақты жақтайтынын білмейде қаласың.
Қазіргі жастардың қиындыққа төзе алмай, ұрыс-керістен, даулы мәселелерден басын алып қашып жатқаны қынжылтады. Бұрынғы ата-апаларымыз «сынған нәрсені жөндеп» арадағы татуластықтың дәмін кетірмей, бір-бірлерін сыйлап, тату өмірдің қадірін білген, отбасын айрандай ұйытып отырған. Ал қазір біз сынған дүниені лақтырып тастауға асығамыз, арадағы қарым-қатынаста да солай. Қартайған кезінде ата-әжелеріміз қолтықтасып жүргені қандай әдемі. Неге біз олардан үлгі алмаймыз? Бір-бірімізді қадірлей алғаманымыз ба?
Жалпы дау неден шығады? Әйел азаматы тұрмыс-тіршілкке төзбеуі ме, әлде ер азаматы лайықты өмір сүруге жағдай жасамағаны ма? Ажырасып кетіп жатқан әр екінші отбасында сол айырылысуының өз себебі бар. Бірінде әйелі кінәлі болса, бірінде ері кінәлі. Тіпті кейбіреуінде араға ата-аналары түсіп те жатады. Толыққанды отбасының баянсыз болуына түрлі себеп бар. Басты себеп отағасының жұмыссыз үйде отырып, бала-шағасын асырай алмайтындығы болады. Тіпті жекелеп алғанда, кейбір отбасында отау иесінің жұмыссыз отырғанымен қоймай, ішімдікке салынып, әйеліне қол жұмсап, бала-шағасының үрейін қашырып жатқанын талай естігенбіз. Бұл жайттарға құлағымыз да, етіміз де үйренді. Алайда, ажырасудын алдын алуға бола ма? Ажырасуға дейін жеткізбеуге тырысып көру ол әр отбасы мүшесінің міндеті. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» - демекші, жұбайлардың арасындағы ұрыс-керістің алдын алу мүмкін болмаса да, оны ажырасуға дейін жеткізбеуге болады. Қолдан келетін нәрсені неге істемекке.
Ажырасқандардың басым бөлігі мінездерінің жараспағанын, арадағы некелік қатынастың үзілгенін айтып, некені бұзуды сұранып, сотқа арызданады екен. Жалпы ажырасуға бел буғандарды көптеген құжаттар жинап жүру де тоқтатпайды екен. Ал бұл алған бетінен қайтпайтындарын көрсетсе керек.
Статистикаға жүгінсек, көбіне әйел азаматы ажырасуға бел буып, сотқа шағым түсіреді. Неліктен бұлай? Ер азаматтарымыздың отбасын құрып, оны дөңгелетіп алып кете алмауы ма, әлде әйел затының болмашы нәрсеге ренжіп, айрандай ұйып отырған отбасы шырқын бұзуы ма? Ара-жігін ажыратып көрейік. Қазіргі ер азаматтар өз міндеттерін толық орындамайтындай болып көрінеді. Мәселен, бала-шағасын асырай алмай жатады, әйелінің талаптарын орындай алмайды, жұмыссыздық, маскүнемдік, тағысын тағылар. Бұл тұста тек ер азаматты кінәләй беруде дұрыс емес. Отбасы екі адамнан тұрады. Демек, «Жауапкершілікті» бірдей көтеру керек. Кейбір әйел азаматы еркек тек ақша табатын «машина» деп те ойлайды. Ер азаматына шамадан тыс көп талаптар қояды. Оны орындай алама деп те ойланбайды. Көп нәрсені талап ете берсе, әрине, оған төзетін еркек бар ма? Әйел азаматы да отбасы болған соң, отбасының барлық жауапкершілігін теңдей бөлісу керек. Өмірдің ащы-тұщысын бірге көріп, бірге бөлісіп қана отбасын дөңгелетіп алып кете алады. Сонда ғана отбасында татулық болады деген ойдамыз. Осы жерде үлкендердің ақылы, апаралардың келінге деген тәрбиесі де керек-ақ. Жас жұбайлар қандай жетіспеушілік болып ашу шақырғанмен ашуды ақылға жеңдіргені жөн.
Не болса да тату-тәтті өмір сүруге талпыныс жасаған абзал. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ажырасудан аулақ болайық, ағайын.
Әсел ҚУАНЫШ
