Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қажылыққа барып келгендер діни білімін арттыруы тиіс

Ғабең (Ғабит Мүсірепов) айтыпты: «Құранды түсiнiп оқығаннан, түсiнбей оқығандағы әсерi күштi болса керек. Аудармасы арқылы оқысаң, Құран ой бiткеннiң әлсiзi, Жартыбайдың ақындығы сияқты. Ал ендi аудармаға қарамай оқығанда араб тiлiнiң әндi-күйлi ырғағы елтiп отырады» деп. Ғабеңнің сөзін бекер мысал еткен жоқпыз. Арабтың сөзін естісе істеген күнәсі көз алдында көлбеңдейтіндер бар. Құран араб тілінде жіберілгенмен, арабтың әр сөзі Алланың уахиі емес.

Елтіп дегеннен шығады. Құранның ырғағына елтіп жүріп, кейбіріміз қажылыққа кетіп қалып жатамыз. Қазір өз қаржысымен қажылыққа барып, Құнанбай құсап мешіт салып қайтатындар некен-саяқ. Бұрынғының байлары айшылық алыс жерлерді күйме арбамен жүріп өтіп, мұсылмандық парызы үшін бар дүниесін тәрк ететін. Қазір олай емес. Ұшақпен барып, ұшақпен қайтасың. Оның үстіне мемлекет жыл сайын мыңдаған адамды «дайындығына» қарамастан араб еліне аттандырып жатыр. Биыл да 5 мың адам бармақ. 1994 жылы қажылыққа Қазақстаннан 170 адам барса, қазіргінің жайы мынадай. Мұсылмандығымыздың артқаны ма? Күйіміздің пісіп, мейманамыздың тасығандығы ма білмеймін, әйтеуір, жыл санап еліміздегі қажылардың қатары өсіп келеді.

Негізі, қағбаны бәріміздің айналғымыз келеді. Құдайдың құдыретімен тұрған қара тасқа тәуе етіп, құлшылықтың бір шыңын бағындырғымыз-ақ бар. Бірақ, бұл бәрінің маңдайына жазылған бақыт емес. Қағбаны айналғандардың барлығының қажылығы қабыл болып, жәннаттан орын сайлады дей алмаймыз. Бірақ, сонда да мемлекет мәдениет пен өнердегі «менмін» дегеннің бәрін жарылқап жатыр. Қайырымдылықтың да шегі болады, иманның да шарты болады. Ел таниды, халық біледі дегеннің бәрі қағбаны айналуы міндетті емес.

Біз бұл пікірді көре алмағаннан айтып отырғанымыз жоқ. Қажылыққа барып келгендердің бірнешесін кездестірдік. Іштей «Одан да Олимпиадаға барып, жанкүйер болып қайтқаның дұрыс еді ғой» деген ойдың жетегінде қаласың. «Қажеке» деп сыйлаудың орнына, «Қазеке» мұның қалай дейсің. Ішіп те жүргені бар, ішкілік сататын дүкендерде кәсібін жүргізіп отырғандары да бар. Міне, осыдан кейін қажылықтың құны түсіп, парыздың парқы бұзылады. Әрине, барлығы ондай емес. Бірақ, дені қажылықты туристік сапар ретінде ауыздың суын ағызып айтады.

Қажылыққа қазақтар да барсын, оған дауымыз жоқ. Жоқ дегенде, елдің тыныштығын тілеп, мемлекеттің мәртебесінің өсуін тілер. Бірақ, қажылыққа баратындарды дайындау курсынан өткізіп, келгеннен кейін де діни сауатын арттыру керек. Өйткені, қазақ отырған жерінде қажысынан бата сұрайды. Уағызды да соған айттырады. Құлшылығы басым, ілімі зор деп халал мен харамды ажыратып беруін сұрайды. Қысқасы, қажылыққа бару қандай мәртебе болса, оған артылатын жауапкершілік те үлкен. Сондықтан, барша қазақстандық қажылардың діни білімін арттыратын әлдебір жобаны қолға алып, білім алуға міндеттеуі тиіс.

0
1
1082

Осы тақырып бойынша

Қажылыққа барып келгендер діни білімін арттыруы тиіс - Yvision.kz