Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Қазгидромет» ЭКСПО көрмесінде таныстырылған құралды сынақтан өткізуде

Енді мамандар елорда ауасының сапасын жоғары дәлдікке ие фин құралымен бақылайды. Қазіргі таңда аталған құрал сынақтан өтуде. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте «Қазгидромет» РМК лабораториясының бастығы Дана Аманбаева айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қазгидромет» РМК 2005 жылдан бастап Финляндияның Vaisala Group компаниясымен ынтымақтастық орнатқан. Ал «ЭКСПО-2017» көрмесі шеңберінде аталған кәсіпорын AQT-420 aтмосфералық ауа сапасының автоматты датчигін көпшілік қауымның назарына ұсынған. Аталмыш құрал автоматты түрде ауа құрамын ластаушы 6 элементті анықтайды екен. Ол – азот диоксиді, көміртек оксиді, күкірт диоксиді, озон, өлшенген бөлшектер РМ 2,5 және РМ-10. Осы орайда Дана Аманбаева AQT-420 датчигінің ерекшелігіне тоқталды.

«2017 жылдың 11 шілдесінен бері біздің кәсіпорын аталған датчикті қаладағы ауа сапасын бақылайтын №5 автоматты постыда сынақтан өткізіп жатыр. Аталған құралдың ерекшелігіне тоқталайын. Ол шағын көлемді, мобильді, оны қаланың кез келген нүктесіне оңай орналастыруға болады. Сондай-ақ, оған жеке жер телімін бөлудің қажеті жоқ. Екіншіден, күн панелінің арқасында құрал энергияны аз тұтынады. Бұдан басқа, датчик жоғары дәлдікке ие. Қателік кететін болса 1-3 пайыз», - деді маман.

Алайда оның айтуынша, аталған құралдың кемшіліктері де бар екен.

«Сонымен қатар датчиктің кемшін тұстары бар. Оған екі компонент жетіспейді. Яғни құрал атмосфералық ауа ағынында азот оксиді мен күкіртті сутектің құрамын анықтай алмайды. Бұл – ең маңызды көрсеткіштер. Себебі, осы көрсеткіштер арқылы атмосфералық ауаның қаншалықты ластанғаны байқалады. Осы жылдың аяғына дейін Vaisala аталған кемшіліктерді жоюды жоспарлап отыр. Кейін құрал жетілдірілгеннен кейін 2018 жылдың көктем және жаз мезгілінде сынақтан өткізіледі», - деді ол.

Сондай-ақ, «Қазгидромет» РМК лабораториясының бастығы аталмыш датчикті Қазақстанның ауа райына сай келетінін тексеріп жатқанын алға тартты.

«Осы уақыт аралығында аталған датчиктің Қазақстан ауа райына сай келетіндігі тексереледі. Сонымен қатар құрал «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңы бойынша аттестациядан өтуі қажет», - деді Дана Аманбаева.

Айта кетейік, ҚР Энергетика министрлігі «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны атмосфералық ауаның сапасын бақылауды республиканың ірі қалалары мен өнеркәсіп орталықтарында жүргізеді. Қазіргі уақытта атмосфералық ауаны бақылау 49 елді мекендегі 146 бақылау бекетінде, соның ішінде 56 сынамаларды қолмен іріктеу бекетінде және 90 автоматты бекетте жүргізіледі. Сондай-ақ ауаның сапасын бақылау 14 жылжымалы зертханалардың көмегімен жүзеге асырылады.

 

http://baq.kz/kk/news/ekspo_2017/kazgidromet_ekspo_kormesinde_tanistirilgan_kuraldi_sinaktan_otkizude20171005_131300?_utl_t=wh

0
0
332

Осы тақырып бойынша

«Қазгидромет» ЭКСПО көрмесінде таныстырылған құралды сынақтан өткізуде - Yvision.kz