Қазақ жекпе-жегінің тарландары сұрақтарға жауап берді
Қазақ жекпе-жегінің тарландары сұрақтарға жауап берді
14-наурызда «Әлемфайтерс» жекпе-жек клубында қазақтың жауынгер ұлдарының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Аталған шараға есімі елге танылған джиу-джитсудан екі дүркін Қазақстан чемпионы, панкратионнан бірнеше турнирлердің жеңімпазы, ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Бейбіт Назаров «Әлемфайтерс» клубының жетістіктерін тізбелей келе, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Сондай-ақ АҚШ-тағы белгілі кәсіпқой боксшы, биыл NBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған Жанқош Тұраров та биылғы жылғы чемпиондығын тілге тиек етіп, өзін сөзсіз жеңем деп келген бразилиялық боксшыны 1-раундта-ақ сұлатқанын жеткізді. Талабы таудай Жанқошқа:- Сіздің алға қойған мақсатыңыз барлық тұжырым бойынша чемпион атану екенін білеміз, сол арманыңыздың орындалуына қанша уақыт керек. Жоспарыңыз қандай? - деп сұраған едік. Бұған боксшы тосылмастан:- Бәрі Алланың қалауымен. Менің ойымша мақсатым жүзеге асып келе жатыр. Келесі жылы WBA тұжырымы бойынша әлем чемпиондығына талассам деген үмітім бар. Биыл 3-4 рейтинг көтеру матчына қатысып, содан кейін әлемдегі мықты боксшыларды шақырсам деген ойым бар – деді.Жақында Қытайда ережесіз жекпе-жектен халықаралық жарысқа қатысып қайтқан Айбек Нұрсейіт финалда Қытай азаматы, этникалық қазақ Ғабит Тұрғанбекпен күш сынасуға шыққан еді. Нәтижесінде екі қазақтың бір-біріне қолы батпай, сайыс төрешісі қос қазаққа қызыл қағаз көрсетіп, жарыстан шеттетті. Бұл мәселе қоғамның қызу талқысына түскен еді. Айбектің айтуы бойынша, оның бұл сайысқа баруының өзі 4-5 күн қалғанда белгілі болған. Финалда бауырыма қолым жүрмей қалды деген спортшыға өз тарапымыздан сұрақ қойған едік:- Айбек, финалдан кейін қандай ой түйдің, қоғамның осыншама талқысына түсерін сездің бе? Психологиялық тұрғыда бұған қалай дайындалдың?Бұл сұраққа «менде ешқандай ой болмады, тіпті өзімнің «қызыл қағаз» алғанымды да кейін білдім. Қытайда әлеуметтік желілерге кірудің өзі қиын екен. Елге оралғанда біз қатысқан финалдың соншалықты деңгейде талқыға түскеніне өзім де қатты таң қалдым» деп ағынан жарылған Айбек, - «бірақ мені Үрімжі қаласындағы қазақтар жылап қарсы алды, барлығы разы болып жатыр. Бауырмалдықты керемет сезініп қайттым» деп атап өтті.Бұдан бөлек спортшылар алдағы жоспарларымен бөлісіп, біраз үзілістен кейін алдағы уақыттарда түрлі деңгейдегі спорттық шараларға қатысатындықтарын жеткізді.
http://jasqazaq.kz/2016/03/14/aza-zhekpe-zhegn-tarlandary-sratara-zhauap-berd.html
