Қазақ ырымдарындағы отбасылық құндылықтар мен табиғатты аялау дәстүрі
Кемеңгер ақын Мағжан Жұмабаев “Өркениет дегеніміз эволюциялық белгілі бір дәреже этностармен мемлекеттердің аралас-құралас қана емес тарихи және мәдени біртектілік болмысының автономды дамуы болса керек”,- деп өркениет дамуының негізі тек материалдық дүниемен емес, сондай-ақ халықтың қалыптасқан мәдениті мен рухани құндылықтарының негізінде де жүзеге асатындығын айтады. Бұл ойды әрі қарай тарқататын болсам “біріншіден, көшпенділер басқа көршілес қауымдармен арақатынаста болды, ал ол қауымдар болса, отырықшы егіншілер, қала мәдениеті дамыған өлкелерде тұрды. Екіншіден, көшпенділердің өз ішінде жартылай көшпенді, жартылай отырықшы малшылар болды. Үшіншіден, көшпенділердің отырықшылыққа көшу, қалалық мәдениетпен ұштасу, түйісу тенденциясы тарихта орын алды”, яғни көшпелі халықтың кемелденуіндегі негізгі факторлардың бірі мәдениет екендігін көре аламыз. Мәдениет-адам өмірінің саналы әрекетің көрінісі, яғни рухани құндылықтардың негізінде материалдық артефактілердің пайда болуы. Мәдениет ұғымы арқылы біз қоғамды тұтастай салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды жеке алып қарастыруымызға мүмкіндік туады.
Халқымыз заман тудырған қиындықтарға қарамастан өз мәдениетін, салт-дәстүрін, рухани болмысын, жалпы алғанда ұлттық құндылықтарының іргетасын қалай алды.
Бұл жерде ұлттық құндылық деп отырғанымыз, халықтың рухани өмірі мен тұрмыс-тіршілігі негізінде, сан жылдар бойы қалыптасқан, атадан балаға мирас болып қалған құндылықтар жүйесі. Ол уақыт тезіне төтеп беріп, адамның ішкі жан дүниесінде, рухында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілетін өзеріссіз мәңгілік құндылық. Алайда бұл жерде айта кететін жайт, айтылған құндылықтардың мәңгілік болып қалуы адамға тікелей байланысты, себебі адам өз рухани құндылықтарын көзінің қарасындай сақтап, заман ағымына сай жаңартып, дамытып отырғанда ғана, құндылықтарымыз ұлттық нышанымыз ретінде мәңгі жасайды.
"Қазақ халқының мәдениетінің, рухының қаймағы бұзылған жоқ. Тегі - сол тек, ол - "көк бөрі". Қанша дауыл соқсын, үскірік аяз шалсын қиындықтарды жеңіп, даламен де, қаламен де, жалпы әлеммен бірге үндестікте келе жатыр."
Қай елдің, қай халықтың болмасын өзіне тән құндылықтар жүйесі болады, сол сынды қазақ халқының да өзіндік рухани өмірінің болмысын, тұрмыс тіршілігін айқындайтын салт-дәстүрлері, әдет- ғұрыптары мен ырым-жорамалдары бар.
Салт-дәстүр - халқымыздың өмір сүру қағидаларын, белгілі бір ережелерін құрайтын, санамызда ғасырлардан сіңіп қалған жоралғылар, яғни өмірдің өзі туғызған салттар жиынтығы. Ырым, әдет, ғұрып,тыйым, дағды - бәрі осы салт-дәстүр көрінісі, оның ажырамас бөлігі. Қазақ халқының қай салт-дәстүрін алып қарасақта адамгершілік қасиетке, тәрбиелікке, үлкенге құрмет көрсетуге, мейрімділікке баулиды. Бұл ойыма дәлел ретінде Ғабиден Мұстафинның мына бір айтқан сөзін келтірсем деймін: “Қазақ дәстүрі тек ата-ананы ғана емес, жалпы адамды сыйлауға баулиды”.
“Ел боламын десең, бесігіңді түзе” демекші, халқымыз ұрпақ тәрбиесіне өте үлкен жауапкершіліпен қараған. Бала шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап-ақ оның, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болып өсуі үшін, жастайынан білімге,тәрбиеге баулығын. Осы орайда баланың тәрбиелі азамат болуып өсуінде, түлға ретінде қалыптасуында отбасының атқарар қызметі зор. Отбасы - әрбір адамның жылы ұясы, құтты мекені, тәрбие ошағы. Осы ошақты сақтап қалу, пәле-жаладан алыстату, қауіп-қатерлерден бойын аулақ ұстау мақсатында халқымыз ырым –т ыйымдарды ұстанып, олардың көмегіне жүгініп отырған. Қарап отырсақ, қазақ ырымдардының көбісі отбасы құндылықтарын сақтауға баса назар аударатындығын аңғара аламыз. Соның бір дәлелі ретінде бірнеше ырымдарды мысалға алайын.
Бірінші, “Әкесі тірі адам төрге шықпайды, бас ұстамайды”. Бұл ырымның астарында әкеге деген үлкен құрмет пен сыйластық жатыр. Әкені қастерлеу, құрметтеу әр баланың паразы, себебі бір әкенің берген тәрбиесін мың мектеп бере алмайды. Менің ойымша, бәріміз үшін дүниедегі асыл қазынамыз ,ол біздің ата-анамыз, өйткені біз бұл фәнниге келгеннен бастап, бізге қамқорлық жасап, әлпештеп, жақсы тәрбие беріп,білім нәрімен сусындатып, біз үшін бар байлығын аямайтын жалғыз жандар осы ата-анамыз емес пе? Өкінішке орай, көп жағдайларда біз ата-анамыздың қадірін түсінбей жатамыз. Дөрекі сөйлеп, әдепсіздік танытып жүректеріне қаяу түсіреміз және көп жағдайда өз қателіктерімізді тым кеш түсініп жатамыз. Сол себепті де бұндай қателіктерге боялдырмай, қазірден бастап ата-анамызды ардақтап, көңілдеріне қаяу, жүректеріне қайғы салмайық!
Бала тәрбиесіндегі ең басты ырымдардың бірі-балаға ат қою.
Сәби дүниеге келгенде ата-анасы оған лайықты әрі жарасымды есім беруге тырысады. Кейбірі заманына сай, ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, кейбірі ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есімін қояды.
Қазақтар кісі есімін әртүрлі себептерге байланысты қоятын болған. Сыртқы келбетіндегі ерекшеліктеріне қарай: көздің, шаштың, терінің түсіне байланысты аттар: Қаракөз, Қарашаш, Ақбөпе, Қарабала. Туа бітке қалына байланысты балаларға Қалдыбай, Меңдібай, Меңдігүл сынды аттар қойып отырған.
Ырымдап қойылатын аттар да жиі кездеседі. Балалары жиі шетіней беретін отбасында жаңа туған сәбиге Тоқтар, Тұрсын, Жүрсін, Өлмес деп ат қойған. Егер ылғи қыз бала туылса, оларды Ұлбала, Ұлтай, Ұлболсын деп атаған. Қазақ ырымдағанда да, баласына жаман ат қоймаған. Оның болашағы жарқын болсын, әр бастаған қадамы оң болсын, өсе берсін деген ырыммен Тоқтасын, Өскенбай, Көпбосын сынды есімдерді немесе тілекпен, үмітпен астасып жататын есімдері де қойған. “Мысалға «Нұрсұлтан» атаса, жүзіңде нұры жайнасын, дархан сұлтан болады. «Дінмұхамед» десе, дін қолдаған иман жүзді адам болады “-деп ырымдайды.
Менің ойымша, әрбір ата - ана өзіне Құдайдан аманат етілген балаға әдемі, реңді, атына заты сай азамат болатындай мағыналы һәм мәнді есім қоюы қажет. Себебі, балаға берілетін есім- баланың тұлғасы мен сыртқы, ішкі пішінін айшықтап тұратындай болады. Берілетін есімнің өзі ауыр және сай, дұрыс болып қойылуына да баса назар аударған жөн.
Қазақ халқындағы ең бір мағынаға толы, байырдан келе жатқан ырым -«Тұсау кесер тойы»
“Каз тұрып, апыл-тапыл жүре бастаған баланың тұсауы салтанатты түрде кесіледі. Баланың аяғы ала жіппен тұсалып, байланады да, оны сол ауылдың желаяқ, жылпың, қадірлі кісілердің бірі кеседі. Сонан кейін сәбиді әрі-бері жетелеп жүргізеді. Тұсауы кесілетін баланың қалтасына тәтті тағамдар, күміс тиындар сыкап салынады. Тұсауы кесілген соң тойға келгендер мұны таратып алады. Тұсау кесілмесе — бала сүріншек болады, үлкейгенде топ ауруына шалдығады деп ырымдалады”. Қарап тұрсақ бұл ырымның астарында терең мән жатыр. Халқымыз баланың бойына сәби кезінен бастап адами құнды қасиеттерді дарытып, ақыл өсиеттерін айтып келген. Сәбидің аяғын ала жіппен, ешкімнің ала жібін аттама, кесіріңді тигізбе деген мағынада байлауының өзі қандай мағына десеңізші.
Отбасы, ырыс береке жайлы айтып халқымыздың бойындағы ең бір асыл қасиеттерінің бірі қонақжайлығын айтпай кетсем болмас.
“Қонақ келгенде есікті үй иесінің өзі ашады. Ал қонақ шығарда есікті үй иесі ашпайды, қонақтың өзі ашып шығады. Қонақ үйге келгенде құт бірге кіреді деп жориды. Қонақ кетерде үй иесі есік ашып берсе, құт та әлгі кісімен ілесіп кетеді”- деп ырымдалады. Қазақ халқы танымаса да, «құдайы қонақпын» деген адамды құрметпен қастерлеп өз төрінен орын берген. Жол жүріп келе жатқан адам кез келген ауылға, үйге қонақ болып кіре берген. Қазақ үшін қонақты қарсы алмау, мәденитіне сай күтіп алмау – ұят нәрсе деп саналған.
Біздің ата - бабаларымыз өздері тұрған өлкенің табиғатына да қамқорлық жасап, аялауды өз өмірінен, әдет - ғұрпынан алшақ қарамаған.
“Қазақ халқында Табиғаттың ерекше, тосын құбылыстары құдірет саналған. Топырақ үйілген төбешіктер, құла түздегі жалғыз ағаш, бұтақтары тарбиып өскен бұталардың өнген жері қасиетті делінеді. Сол жерлерге түнейді, шүберек байлайды. Әулие көмілген жерлерге мал сойып, тілеу тілейді.” Бұл дегеніміз халқымыздың табиғат маңыздылығын, адам өмірінде алатын орасан зор орнын, сол заманда-ақ ете түсінгендігін аңғартады.
Әрбір табиғат байлықтарына арнайы айтылатын экологиялық ырымдар, тыиым сөздер халық арасында кеңінен таралған. Ондай ырымдардың тағылымдық та, тәрбиелік те мәні зор. Мысалы, бар тіршіліктің негізі саналатын суға байланысты мына бір ырымды мысалға келтірейік:
“Қазақ баласы бастау басына, бұлақтың қасына дәретке отырмайды. Барлық тірліктің атасы да, жан біткеннің анасы да сол бұлақ, сол бастау деп біледі. Сондықтан бұлай істегенде оның киесі атады, қарғысы тиеді. Тазаны арамдасаң – арың кірленеді, абыройың төгіледі” - деп ырымдайды. Басқа да «суды ластама», «су ішкен құдығыңа түкірме», «өзің ішетін суға өлген ит тастама» деген сынды тыйым сөздерді де айтып отырған. Осы айтылған әрбір сөзде ұлағатты ұғым, қаншама терең мағына жатыр.
Халқымыз тек табиғатты қорғап қоймай, онда өмір сүретін жануарлар әлеміне де аса ілтипатпен, қамқорлықпен қараған. Оған мына ырымдар дәлел бола алады.
“Қазақ торғайдың және басқа құстардың жұмыртқасын шақпайды. Бұлай істесе бетке секпіл түседі деп ырымдайды. Құстар қарғайды деп те нанады. Мәселен, торғай аузынан былайша қарғайды екен:
Торғай деген атым бар,
Бір жапырақ етім бар.
Жұмыртқамды шаққандар
Әкең жауға кетсін де,
Шешең өліп жетім қал!..”,
“Бүркіт бағылатын үйге жын-шайтан жоламайды. Қыранның ісі теріс пиғылдылардың делебесін басады. “- деп ырымдайды. Менің ойымша, жануарлар ол табиғаттың ажырамас бөлігі, байлығы мен әсемдігі, сол себепті де табиғатты, оның тіршілік иелерін қорғау, аялау әр адамның міндеті әрі парызы.
Ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр – ұлттық болмысымыздың айнасы. Келер ұрпақ осы болмысты, дәстүрді, рухани құндылықтарды қадірлеп, оны заман ағымына сай жаңғыртып, ұрпақтан ұрпаққа асыл мұра етіп қалдырса нұр үстіне нұр болар еді.
