Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақы бренд – қымыз бен қазы ғана ма?

Ұлттық құндылық деп біз нені атаймыз?Ғаламторда бұл ұғымға мынадай түсінік берілген: «ұлттық құндылықтар дегеніміз – халқымыздың ұлттық бет-болмысын, ерекшелігін көрсететін мәдениеті, өнері, тілі. Мысалы: қазақ халқының ұлттық құндылықтарының қатарына домбыра іспеттес ұлттық аспаптары және қайталанбас бауырсақ сияқты ұлттық тағамдары, тағы да басқа заттар жатады», - делінген.

Болашақ ұлт жанашырларын осы құндылықтарды қастерлеуге, мақтан тұтуға тәрбиелейміз. Осы ұлтты сақтап қалуға, әрі оған өзіндік үлесіңді қос деп насихат жасаймыз. Ал осы шараның барлығы қаншалықты дұрыс немесе қаншалықты өз деңдейінде өтіп жатыр?

Қазақилықты жойып алмайық деп, біз салт-дәстүр, ұлттық тағам, ұлттық аспаптарды көп дәріптейміз. Осыған көп алаңдаймыз. Ұлттық құндылық – бұл бүкіл бір ұлтты танытатын брендке айналуы тиіс.Қазақы бренд қалыптастыру – қазақ ұлтын кең танытуға зор ықпал жасар еді. Ал біздің тек қымыз бен қазыны бренд деп танитындығымызды дұрыс түсінік деу – қате.

«Немістер қымызды патенттеп алыпты» деп бір уақытта жұрттың алаң болғаны есіңізде ме? Шын мәнінде, ондай жағдай орын алған жоқ еді. Ұлттық сусынымыздың дәміне тәнті болған неміс азаматтары қымызды өз елдерінде өндіріп, бизнес ретінде сатылымға шығарып қана тұрған. Тағы бірде «француздар қазыны меншіктеп алыпты» деп бір шуладық. Францияның дәріханаларында кептірілген қазылар сатылады. Бұл жылқы етінің адам денсаулығына пайдасының зор екендігіне байланысты атқарылып

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу дегенде, әлбетте, осы аталмыш тағамдарды, ұлттық аспап, ұлттық киім, салт-дәстүрді ғана ойлайтынымыз рас. Неліктен қазақы бренд деп біз осыларды ғана танимыз? Мәселен, Жапония техникалық жаңалықтарымен, яғни, ғылыммен барша  жұртқа танылып отыр. Демек, ол техниканы өзіндік бренд ретінде таныта білді. Содан кейін ғана жапонның ұлттық тағамдарына, тұрмыс-салтына деген қызығушылық оянды.

Италия пиццасымен, Франция мұнарасымен, Араб елдері мұнайымен, Қытай медицинасымен, Швейцария банк жүйесі және сағатымен әйгілі, АҚШ пен Ресей ірі держава ретінде баршамызға белгілі. Қазақ та дәл осылай өзіндік бренд қалыптастырса, мерейі өсері хақ. Яғни, бұл аталмыш брендтер табиғатынан емес, әр ұлт өз қолымен жасаған, өзі ойлап тапқан. Бұны алға ұмтылу, даму дейді. Қазақ халқы жаңалыққа үнемі дайын бола бермейтінін жасыра алмаймыз.Кейде өз тарапымыздан қолдау көрсету де аз.

Бүгінгі күні ата-ана баласының болашақ мамандық таңдауына үлкен үлес қосуға тырысады. Баласының болашақ мамандығы, ата-ананың нұсқауымен – экономист, заңгер, есепші, менеджер, мұнай саласының маманы немесе әртіс. Дәл осы мамандықтар –  Қазақстандағы ең кең таралған мамандықтар. Қазір кішкентай баланың ешбірі «ғарышкер болсам, мықты дәрігер болсам, ұстаз, ғалым болсам» деп армандамайды, «әкем сияқты бастық боламын, президент боламын, шетелде тұрамын» дейді. Ақыры, сол мамандықтың шыңынан көріну үшін емес, кейін сандықтың түбінде қалатын диплом алу үшін ғана жоғарғы оқу оқитын дәрежеге жеттік. Одан қалса, «бір қазақ биікке көтеріле бастаса, екінші қазақ етегінен тартады» деген күлкі

Менің айтпағым, дәстүрлі құндылықтармен ғана шектелмеген жөн. Мысал ретінде, ғарышты алайық. «Байқоңыр» ғарышқа ұшу алаңы – Қазақстанның нағыз бренді болар ме еді? Ол туралы білмейтін адам баласы жоқ шығар. Алайда, Байқоңыр – Ресейдің қарамағында, оған басшылық ететін де сол, сондықтан Байқоңыр – ресейлік меншік деп қабылдайды.

Өз елімізде тұрған Байқоңырдан ғарышқа неге үш қазақ қана ұшқан? Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айтымбетов – қазақстандық ғарышкерлер. Алайда, ұлттық құндылықтардың ең негізгісі – тіл екенін ескере кетсек, дәл осы үш ғарышкердің үшеуі де қазақ тіліне шорқақ. «Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деген жолдар еріксіз ойыңа оралады. Тілсіз ұлт, ұлтсыз тіл болмайды. Сондықтан тіл – кез келген ұлт өкілі үшін байлық.

Ғылымға келгенде де, қазақтың аты сирек естіледі. Математика, физика, химия сынды ғылым салаларындағы адамзатқа әкелген пайдалы жаңалықтарымен, жетістіктерімен көптеген мемлекеттер өз ғалымдарымен мақтана алады. Жақында өзінің 60 жалдық мерейтойына байланысты математикалық жарыс жариялаған Асқар Жұмаділдаев – бііз танитын және шетелдіктер де білетін жалғыз қазақ математигі. Ғылымның бұл саласына қазақ балалары арасында қызығушылық танытатындар өте аз. Қабілетінің жоқтығын алға тарта жөнеледі. Әрі математиканың өмірде еш пайдасы жоқ дейді екен. Бұған қарағанда, қазағымыз тілге шешен, жүйрік. Шын мәнінде, математика тек ойлау қабілеті үшін қажет емес, ол өміріміздің әр бұрышынан табылады, тіпті, мәдениет пен өркениетті дамытуда да оның әсері мол.

Спорт саласынан Денис Тен, Геннадий Головкин, Елена Хрусталева, Илья Ильиндердің есімі жақсы танылған. Неліктен қазақ спортшыларын да қолдап, брендке айналдыра алмаймыз?

Өнер, мәдениетке келгенде, Қазақстанда танымал болған тұлғаларға ғана қарап тұрамыз. Халықаралық, әлемдік деңгейлерде өтіп жатқан байқауларға Қазақстан атын қорғап шығып жатқан өнерпаздардың бар екенінен хабарсызбыз, яғни, оларға лайықты түрде қолдау көрсетілмейді. Цирк өнерінің өзінен иллюзиялық бағдарламасымен әлемді таңғалдырған Алтынай Байтоқановадан кейін танылған қазақ жоқ.

Қазақтың төл аспабы – домбырамен орындайтын әсерлі әуендерімен Асылбек Енсепов өзге ұлтты таңдай қақтырды. Американдықтар қос ішекті домбыра аспабына «екі ғана ішектің мұндай түрлі дыбыстар шығаруы – ғажап» деп таңдана қарайды.

Ал ақпараттық технологиялар мен интернет-индустрия еліміздегі ең жас әрі мамандықтарға сұранысы жоғары салалардың бірі. Бұл бағытта бүгінде Силикон алқабында қызмет атқарып жатқан жас талант – Арман Сүлейменов. Осы салаға да жаңалыққа құмар, креативті қазақ балаларын тартсақ, елімізге де үлесі зор болар ма еді деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, дәстүрлі құндылықтармен қатар, ғылым, техника, медицина сынды тағы да басқа салалар арқылы да ұлттық бренд қалыптастыруға болады және соған жету жолында тырысуымыз қажет.

 
0
0
3188

Осы тақырып бойынша