Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақ вегетариандар қалай күн көреді?

Әлемде етті қасқырлардан соң ең көп жейтін - қазақтар демекші, халқымыз үшін дастарханға қойылған еттің орны бұрыннан бері ерекше. Қазақтың дәстүрлі тағамдарын еске салсақ, тек құрт пен қымыздың ішінде ғана ет жоқ, бұнысы қызық. Онда сұрақ, қазақ адамның басы неден көп ауырар еді: бір күн шай ішпесе ме, әлде бір күн ет жемесе ме? Мен үшін - бірінші нұсқа, өйткені, мен ет жемегелі бір жыл болды. Сол жылдың ішінде менің осылай тамақтануым туралы естімегенім жоқ.

1) "Cонда сен не, бешбармақ жемейсің бе? "

Өкінішке орай, жоқ. Үйде анам бешбармақ дайындап қойса, маған бөлек табаққа тек қамыры мен сорпасын ғана салып береді. Бұндай түсіністікке жету басында оңай болмады. Кейбір кездерде ата-анам күн сайын қоңырау шалатын, олардың ойлауынша, етсіз менің күшім бір күні таусылып, менің ауруханаға түсіп қалуым мүмкін еді. Алайда, менің хал-жағдайым тек жақсара берді, тіпті ең сонғы рет суық тигеннен немесе тұмаудан ауырғаным қашан болғаны есімде де жоқ. Соны байқап жүрген әкем де ұзын қашықтыққа жүгірудің алдында анамнан вегетарианды тағамдарды әзірлеуін сұрайды. Алайда, әкем бұл іс-әрекеттер табиғилыққа қарсы келеді деп ойлайды.

Ал келесі сұрақ маған ең жиі қойылады.

2) "Ал болашақта тұрмысқа шыққанда, балаларыңа және күйеуіңе тамақты етсіз әзірлейсің бе?"

Мінекей, осындай күрделі сұраққа бірден жауап беруіңді күтеді. Ал мен үшін, тұрмысқа шыққаннан соң өмірім - бір жұмбақ. Әрине, қазақ адамдардың арасында меннен басқа вегетариандар бар, бірақ болашақ жарымның қазақ болып, ет жемеуінің ықтималы өте төмен. Ал егер, сондай адамды кездестірсем, балаларымызды өсімдіктен жасалған тағамдарда өсіретінімізге күмәнім жоқ.

3) "Ет жейтін адамдармен бір дастарханға отыру саған жиеркінішті емес пе?"

Ал неліктен жиеркінішті болу керек? Ешқашан ондай ойым болмапты. Әр адам өз таңдауын жасауға лайық, оған мен қарсы шықсам қызық болар еді. Менің байқауым бойынша, керісінше, басқа адамдарға менімен бірге тамақтану бір сынақ секілді. Олар өздерін менен жаманырақ сезіне бастайды, неліктен әлі вегетариан еместігіне менің алдымда өздерін ақтайды. Бірақ, менің ойымша, осындай реакцияның тамырында сол адамдардың өз тамақтану үрдісіне деген күмәні жатыр. Мен үшін, өміріміздегі әрбір затқа шүбә келтіру керек, онсыз даму мен өзгеріс болмайды.

Мінекей, вегетариндарға ең жиі қойылатын 3 сұрақты естіп, олардың өміріне кішігірім зерттеу жасадыңыз. Бір сөзбен айтсақ, Қазақстанда вегетариан болу түк те қиын емес. Біз тұралы уайымдайтын адамдарды қадірлеу керек. Менің ойымша, осындай тітіркендіретін сұрақтарды қоятын жандар бізге деген алаңын көрсетеді. Сондықтан, ет жейтін оқырмандарыма ұсынысым – вегетариан достарыңызды сынамай, олардың таңдауын қолдап, анда-санда жеміс-жидектерді сыйлап қойыңыз. Олардың кейбіреулері шынымен де әлсіреп, ауруханаға түсіп қалуы мүмкін. Ал вегетариандарға айтатын сөзім, осы сіздің тағамдарыңыз – дұрыс тамақтанудың үлгісі болу керек, денсаулығыңыз әрқашан да зор болса, қасыңыздағы адамдар оны байқағаннан кейін ғана олардың вегетариан болуға деген құлшынысы пайда болады, сонда ешқандай дискуссиялардың да қажеті болмайды.

0
1
1195

Осы тақырып бойынша

Қазақ вегетариандар қалай күн көреді? - Yvision.kz