Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақтың көзін ашқан «Қазақ» газеті

Жақында Алаш ұлдарына 100 жыл толуына орай конкурс ұйымдастырылды. Міне төмендегі эссе де соның жемісі. Келешекте керек болар деген ниетпен осында сақтадым.

Осыдан жүз жыл бұрын елім, жерім деген азаматтар ұлт үшін құрбан болды. Олардың есімі әрбір қазақ баласының есінде. Алаш алыптарының есімдерін білгенмен, олардың ел мүддесі үшін қосқан үлестерінен хабардар болмауымыз мүмкін. Осы орайда «Қазақ» газеті туралы сөз қозғағым келеді. Қазақтың тұңғыш басылымының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынов. Газеттің жарыққа шығу жолы өте күрделі болғаны тарихтан аян. Көптеген оқыған, көзі ашық зиялы қауым халқымыздың маңдайалды басылымын шығаруға өз үлестерін қосты, сол замандағы өзекті мәселелерді басылым беттеріне жариялап отырды. Алаштың алып азаматтары басылымның алғашқы бетіне газеттің не үшін керектігін халыққа түсіндіріп, сыртқы хабарлармен қоса, ішкі мәселелерді де қамтып тұрды. Дін мәселесі де қарастырылып, дамыған Еуропа мен оның тарихына да тоқталып өткен. Сонымен қатар сол жылдардағы елдің ішіндегі тонау сияқты қылмыстар да жазылған.

Алаш азаматтарын қатты толғандырған жайттың бірі ­- сол жылдардағы тіл мәселесі. Қазақтың тарихын зерделейтін адамдардың жоқтығы айтылып,  өз елі туралы білетін аңыз-әфсанаар мен қазақтың біртума дара тұлғалары туралы мәліметке қанық жандар болса, «Қазақ» газетіне жазуды да сұраған. Сондай-ақ, «Қазақ» газетінің алғашқы бетінде халықтың сауатын ашуға бағытталған материалдар да шығып тұрған.  Онда қазақ балалары оқыса, өзге елдердей тереземіз тең болып, ұрпағымыз ноғай, сарт медреселерінде оқымай, өз медреселерінде білім алар еді деген сынды мәселелер қозғалған. Осы мәселе төңірегінде кей ауылдарда медресенің жоқтығы да айтылып, ондағы оқыған  бай азаматтарға бір медресе салып берсе деген үндеу іспеттес  мақалалар жарияланды. Сонымен қатар, сол жылдарда несиеге оқып жатқан балаларға қарыздарын сұрамай, тегін көмек беру жағдайы да айтылды. Одан әрі сол жылдары Қытайға қоныстанған қазақ жайы мен оқу мәселесі, ондағы қазақтарға арналған медреселердің жоқтығы сөз болған. Бұл ғана емес, сол кезеңдердегі қазақ жеріндегі қазақ кітаптарының аздығы, кейбір орыс және төте жазуын оқыған қазақтардың жайы айтылған. Олардың өз ана тілінде сөйлеуді ұят санамау керектігі мысал етілген. Оны 1913 жылы  2 ақпанда №1 саны шыққан «Қазақ» газетінің бетінен көре аламыз. Онда былай делінген.

- «Мұнан былай да осы бетімізбен жүре берсек, ықтисадта қазақ тілі азып-тозып, бірте- бірте тұтынудан шығып, әуелі қазақша жазу ұят көріне, онан әрі не болары белгілі».

Оған қоса, газет беттерінде қазақ жеріне қоныстануға барған өзге ұлт өкілдеріне үлестірілген жер мәселесі де тілге тиек етілген. Қазақ өз жерінен айрылып, өзге елдермен араласып кетсе, біздің жоғалып кетуіміз мүмкін деген пікірлер де бар. Бұл туралы да газеттің ілкіде айтқан санында келтірілген. Ондағы Оренбург, 10 феурал деп аталатын мақалада.

- «Ауғанға шейін тұтас тұрған халық едік. Арамызға әр түрлі хан кіріскенде, солармен қатар, атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы – бізді төсекте дөңбекшітіп ұйқымыздан бұзатын нәрсе. Басқа жұртпен араласқанда өз алдына ұлт болып, өз алдына тілі бар, өз тілінде жазылған сөзі (әдебиет) бар жұрттар ғана тұрады».

Газет редакциясына тұс-тұстан жолданған хаттармен қоса, қазаққа алғысын білдіретін өлең шумақтары да келіп тұрған. Соның ішінде кейбірі газетаның шыққанына қуанып, сүйінші сұраса, кей хаттарда қазақ оқу-білімді, хат тануды қажет етпейді деп жазған хаттар да болған. Сонымен қатр, сол жылдардағы шығып тұрған, шығарылып жатқан басылымдарға жазылу жағы айтылып, кейбіріне көмек те сұраған. Жақында шыққан кітаптар мен оларды қай жерден алуға болатындығы да көрсетілген.  Мысалы, Уральск қаласында он шақты нөмері шығып тоқтаған «Қазақстанның» жаңадан шыға бастағандығымен қоса, Троицкіде шығатын «Айқап» журналы туралы да айтылған. Дәл солай «Қазақ» газетіне жазылу дәптері де келтірілген.

«Қазақ», 1913, №1. 2 ақпанда шыққан санында:

- «Қазақ» газетасының мақсаты: жұрттың пайдасына көз, құлақ болу. Елдің қандай мұң-зары Һәм мұқтажы барлықты білдіріп тұру. Қазақ арасына ғылым таралуға, өнер жайылуға басшылық ету. Дүниенің Һәрбір халінен хабар беріп, басқа халықтармен қазақты таныстыру.

Дәл осындай нұсқамен жазылған қазақ газетіндегі қазақ алыптары ел болуды армандаса да, сол кездері сауатсыздықтың кесірінен ел болуға әзір емес еді. Ондағы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы секілді бірқатар қазақ зиялылырының газетке қосқан үлесі көп еді. Олар өз тілін, дінін, жерін қорғап қалуды арман етті. Ал біз сол арманның жемісіміз. Қолда бар алтынның қадірін бағалайық.

«Қазақ» газеті,  1913 жыл,  №1, 2 ақпан.

-«Жұрт үшін шығарылған нәрсе жұртқа жақын болуы тиіс. Аспандағанмен жерден алыс кете алмаспыз, артылдық дегенмен, елден артық кете алмаспыз».

 
0
0
1467

Осы тақырып бойынша

Қазақтың көзін ашқан «Қазақ» газеті - Yvision.kz