Қазақтың “қарапайым” құдалығы...
Менің бүгінгі қозғайын деп отырған тақырыбым нонсенс емес ,керісінше, күннен-күнге қызықты “жазылмаған зандарға ” толығып , таңғалдырып келеді жұртты. Біз қазақ тойшыл қауымбыз. Лайым солай болсын. Қазақтың тойы бітпесін. Дегенімен, кейде құдалықты саудаға, арзан көңіл көтеруге айналдырып жіберетіндер де кездеседі қазір.
Бір-біріне “сүйем-күйем” деп жүрген жастардың өмірі бір сәтте –ақ өзгеріп шыға келеді. Неге дейсіз бе?! Кездесіп жүріп ,отбасын құрамыз деген жігіттер мен қыздарымыздың көбісі осы бір “шаңырақ құрамыз ” деген тіркестің астарында қаншама еңбек жатқаны жайлы ойлай қоймайды. Еңбек деп отырғаным – шығын. Жастар үйлену мәселесін біржола кесіп-пішіп қойғаннан кейін ғана ата-анасына айтады. Ұлдың әке-шешесі аяқ астынан әбігерге түсіп, қыздың ата-анасының алдынан өтуге дайындалады. Тіпті екі жақ кафе-мейрамханада кездесіп, «Сен бізге осынша алтын, осынша ақша, осынша киіт әкелесің» деп қып-қызыл сауданың көрінісін қыздырып отыратынымыз өтірік емес.
Сөйтіп, бір-бірін ешқашан көрмеген,танымаған екі ел танысып,табысып, туыс болады. Екі жастың арқасында әрине. «Құда мың жылдық» деп жатады құдасын құдайдай сыйлаған қазағым. Сол себепті болар, бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарайды. Жата жастанса да баласына той жасап бермей, көңілі орнына түспейтін халық – қазақ. Құдасын төбесіне көтеріп, асын аузына тосып, барын кигізіп жіберетін де – қазақ. Бұның барлығы керемет арине. Бірақ осы соңғы уақыттағы той жасауды бәсекеге айналдыру , ұлттық көзқарасқа сәйкестігі жоқ өзіміз шығарып алған “зандар” бізге қажет пе?!
Шашылып, ел болып шабылып үйлендірген жастарымыз уақыт өте келе «көңіліміз жараспады» дегенді айтуды да қалыпқа айналдырды. Үлкендердің жас келінге «барған жеріне тастай батып, судай сін» дейтіні де осыдан болар. Айтады әрине. Айтады да қояды. Бірақ, қайтіп келген қызды “ішіме сыйған балам,сыртыма да сыйады ” деп жұбататындар да көп.
Қазіргі қазақтың “қарапайым ” құдалығы :бағалы бұйымдар, киіт, дорба, қымбат арақ-шарап. Келген құдаларды сылқитып ашшы суға тойғыздыру,билету - қарсы алушы жақтың басты міндеті. Ия, қазіргі құдалықтың сәні – би мен арақ.Бір сөзбен айтқанда , үлкен шығын. Ал егер қарапайым отбасыдан шыққан жігіт байдың қызымен көңілі жарасса ше? Жастар өз арасында келіссе де, үлкендер жағы ондайды түсінбейді. Өйткені ,
“ұят болады ”,“ жұрт не айтады” деген тағы бар.
«Заманына қарай талабы» дейді. Рас, қазіргі құдалық та заманына қарай өзгерді, бірақ ең бастысы — екі бала бас қосып, ел қатарлы отау құрып кетсе деген ниет түзу болсын.
Жупар КАРИМОВА
