Қазақ тілінің анасы
Қазақтың ғалым қызының тойы

Академик Рәбиға Сәтіғалиқызын өзіне пір тұтып жүрген Тіл білімі институтының 1-курс магистранты Райма Әуезхан
Үстіміздегі жылдың 10-қазанында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында академик Рәбиға Сыздықованың 90 жылдық мерейтойына орай: «Түркітану мен қазақ филологиясының дамуы: ғылыми мұра мен ғалым феномені» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Дүбірлі жиынға қазақ ғылымында, оның ішінде филология ғылымының көшін түзеп жүрген ірі ғалымдар мен ұстаздар, әдебиетшілер, парламент өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Түркиядан, Қырғызстаннан, Әзербайжан Республикасынан арнайы қонақтар келіп, академик Рәбиға Сыздықоваға өз ықыластарын білдіріп, мерейтойымен құттықтады.
Рәбиға Сыздықова өзінің саналы ғұмырында жан аямай еңбек етіп, өзінің туған халқына, өзінің ана тіліне өлшеусіз еңбек сіңірген санаулы қазақ әйелдерінің бірі. Осынау көзі тірі ірі тұлғаның туған күніне Білім және ғылым министрі Аслан Бәкенұлы Сәрінжіпов арнайы құттықтау хатын жолдады. Құттықтау хатында: «Құрметті де қадірлі Рәбиға Сәтіғалиқызы! Сізді 90 жылдық мерейтойыңызбен ҚР Білім және ғылым министрлігі атынан шын жүректен құттықтаймын! Ширек ғасырдан астам өмір жолыңыз, ғылыми және ұстаздық қызметіңіз – осының бәрі Қазақстанның ғылымына еңбек етудің жарқын үлгісі. Ғылыми жұртшылық сізді республиканың ғылым және білім беру саласында сан жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан білгір маман, ҚР ұлттық ғылым академиясының академигі, елімізде ғана емес, шетел ғалымдары арасында да кеңінен танымал, ардақты қайраткер ретінде аса құрметтейді. Сіздің «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қадырғалидың «Жылнамалар жинағы» тәрізді тілдің тарихын кеңінен зерттеген еңбектеріңізді, «Абай шығармаларының тілі», «Сөздер сөйлейді», «Тілдің пайда болуы және оның қалыптасуы» атты кітаптарыңызды қазақ тілінің сөз мәдениетін саралаған, сүбелі жақсы дүниелер екенін білеміз. Сізді ғылыми жұртшылық тіл ғылымының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбанов тәрізді біртуар тау-тұлғаларды танытушы ғалым есебінде де жоғары құрметтейді. Ғылыми ой-өрістің айшықты үлгісі болып табылатын ондаған монография, 200-ден астам ғылыми еңбектеріңіз сізді ірі ғылыми тұлға екеніңізді айғақтайды. Қадірлі, Рәбиға Сәтіғалиқызы, сізді торқалы 90-ға келген мерейтойыңызбен құттықтай отырып, ғылымдағы ғұмырыңыздың ұзақ болуын, еңбектеріңіздің ғасырлар өткен сайын құндылықтары арта түсіп, келешек ұрпақтың рухани азығына айнала беруіне тілектеспін!» - деген ой-тілектер мен мадақтаулар айтылған. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов денсаулығы нашарлап, ауруханадан шыға алмауына байланысты «Құттықтау хаты» мен бірге «Құрмет грамотасын» да жіберіпті. Құрмет грамотасында: «ҚР Ұлттық ғылым академиясы академик Сыздықова Рәбиға Сәтіғалиқызын ғылыми-зерттеу үстіндегі және инновациялық қызметтегі зор табыстары үшін марапаттайды!» - деп жазылған.

Ғалымның еңбектері

Академиктің тойын бүкіл халыққа көрсетуге арнайы телеарналардан келген тілшілер

Тойдың төрінде отырып, ең алғаш сөз алған ҚР Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин қазақтың ғалым қызына өз тілек-ниеттерін білдірді. Депутат өз сөзінде: «Ардақты әлеумет, қадірлі қауым! Бүгін жалғыз тіл ғылымының ғана емес, жалғыз рухани әлемнің ғана емес, жалпы жүрегі қазақ деп соғатын, жаны алаш деп тебіренетін, бүкіл қазақ қауымының және бүкіл түркі жұртының дүбірлі үлкен тойы! Менің бұлай деуіме толық себеп бар, өйткені осы залда отырған бір дәуірді шығарып салып, екінші жаңа дәуірді қарсы алып жатқан кезеңде біз өзімізге ұлт ретінде, ғылымды жасап жатқан мәдениеті мен өркениеті бар, өрістеген халық ретінде әлемге танылып отырмыз. «Өткенімізде не бітірдік? Алдымызда не тұр? Қазір не істеп жатырмыз?» дейтін сауалдарға сұрақ іздейтін болсақ, міне, тіл білімі, тіл ғылымы дейтін қазақтың көсегесін көгертетін, қазақтың халық болып ұйысуына, ұлт болып қалуына іргесін бекітіп, болашаққа қадам тастауына үлкен өзінің мүмкіндігінің барын жасап келе жатқан тіл екені, тіл білімі екені анық. Ал, осы тіл білімінің қазіргі көшін бастап келе жатқан – дәл қазір біздің төрімізде отырған Рәбиға Сәтіғалиқызы апайымыз!» - деді. Тілегін білдіріп болған депутат той иесіне қазақтың дәстүрі бойынша шапан жапты.

Сенат депутаты Нұрлан Оразалин тілек білдіруде
Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Қалиұлы Ахетов: «Қадірлі қауым! Қазақта мынадай бір тәмсіл бар: «Егер, осы дүниенің қамын ойласаң – сауда жаса, арғы дүниенің қамын ойласаң – күндіз-түні құдайға құлшылық қыл, ал екі дүниенің де қамын ойласаң – онда ғылыммен айналыс!». Біз бүгін шын мәніндегі осы екі дүниенің де зейнетіне бөленуге лайықты Рәбиға апайдың тойына арнайы келіп отырмыз. Сөз – алтын адамнан да қымбат. Денесіне уақыттың салатын таңбалары бар, соның бәрін нағыз ғалым көрсетіп бергенде ғана сөздің сырлары ашылады. Апайдың еңбектерін оқып отырып, өзімнің жеке көзім жеткен бір мәселе бар. Тарихтан белгілі, бізде «би» деген, «билер» деген үлкен институт болған және осы билерден тарайтын үлкен-үлкен ұлы сөздер бар. Сонымен қатар, бидің өзі «би» болса, оның әйелін «бибі», оның қызын «бикеш», ал енді соның ұлын елден ерекше ғылып «шора» деп атаған екен. Осылардың бәрін Рәбиға апайдың кітабынан оқып, үйреніп, танып-білдік. Тағысын тағы көптеген сөздерді сөйлеткен кезде апай сол уақыттың салған таңбасын, уақыттың салған бедерлерінің барлығы, кешегі біз тауып, қуанып жүрген алтын адамнан да қымбат осы «ұлы сөз» екені баршамызға белгілі. Ендеше, құрметті Рәбиға апай! Алматы қаласы әкімдігінің атынан сізді мерейтойыңызбен құттықтай отырып, Нұрлан ағамыз секілді бізге де шапан жабуға рұқсат етіңіз!» - деп сөзін аяқтады.
Жиын бір жағынан халықаралық конференция ретінде өткендіктен, алғаш сөз алып, бас баяндаманы жасау үшін ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы ортаға шықты. Баяндамасының тақырыбы: «Қазақ сөзінің құдіретін танытқан тұлға». Өмірзақ Айтбайұлы өз баяндамасында ғалым туралы тың деректерді келтірді және өмір жолын аса эмоциялық бейнеде баяндап берді: «Рәбиға Сәтіғалиқызы Ақтөбе облысына қарасты Ойыл қалашығында 1924 жылы дүниеге келген. Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілесің деп қазекең тегін айтпаса керек-ті. Рәбиға өскен ұяның адам тәрбиелеудегі өнегесі өзгеше болғанға ұқсайды. Оның үстіне сол кездің ауыртпалығы жас қыздың жанын болаттай етіп тәрбиелейді. Сол кездегі кіші жұттар, отызыншы жылдардағы ұлы жұт елді есеңгіретіп тастағаны белгілі. Ол аз болғандай халқымыздың ардақты азаматтарын қудалау басталды. Әкесі Сәтіғали Алаш азаматтары құрамында болғандықтан ұсталып, халық жауы атанып, 37-жылы атылған кезде Рәбиға бар-жоғы 13 жаста ғана еді. Жас өскін өзінің әкесі тәрізді айтулы азамат болуға тырысады» - деп баяндамасын бастаған баяндамашы небір қиыншылықтарға душар болған жас қыздың өмірі жайлы көптеген деректер мен оқиғаларды айтып берді. Сонымен қатар, Рәбиға апайдың Ақтөбеден Алматыға аттанып, ҚазПИ-ге бірден 3-курсқа қабылдануы туралы дерек бәрімізді таңдандырды. Бұл – Рәбиға апайдың жас кезінен-ақ өте білімді, ойы ұшқыр, қадамы алғыр екенін танытады.

Өмірзақ Айтбайұлы баяндама жасауда
Құттықтау тілектері жалғасып, ҚызПУ-дың филология факультетінің деканы Айгүл Амантаева кезекті сөзін алды. Ол өз сөзінде апайды құттықтай отырып, ректорының құттықтау хатын оқып берді. «Құрметті Рәбиға Сәтіғалиқызы! ҚызПУ-дың ұжымы бүгінгі атаулы мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтайды! Сіздің еңбектеріңіз бүгінгі руханият әлемінде қазақ қызының қарымы мен қабілетінің қаншалықты жоғары екендігін паш ететін ғажайып туындылар болса, сыртқы сымбатыңыз бен ішкі әсем жан дүниеңіз, мінезіңіздегі кішіпейілдік пен ажарлылығыңыз бүкіл қазақ қызына үлгі боларлық аса зор қасиеттер. Сондықтан да өзіңіз бір жылдары қызмет еткен, еліміздің парасат мектебіне айналған еңбектеріңізді құныға оқитын қыздардың аяулы ордасы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті сізді айрықша құрметтейді және жақында ғана тұсауы кесілген академик Рәбиға Сыздық атындағы дәрісхана соның бір мысалы деп қабылдағайсыз» - деп жазылыпты құттықтау хатында. Жалпы, ашылған дәрісхана үшін келген қонақтар мен көрермендер қуанып, шапалақпен қошемет білдіріп, Тіл білімі институтының ұжымы ҚызПУ-дың ректорына Рәбиға Сыздық атындағы дәрісхана ашқаны үшін өз алғыстарын білдірді.


Ғалымның кіндік қаны тамған жерден, яғни Ақтөбе облысынан арнайы келген делегаттар
«Қырғыз-қазақ бір туған». Қыр асып, сонау Қырғыз елінен, бауырымыз, Қарабаев атындағы Қырғыз Мемлекеттік университетінің Лингвистика институтының директоры, Қырғыз Республикасының Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Сыртбай Жолдошұлы Мұсаев сөз тізгінін ұстады. Ол: «Құрматли бауырлашлар! Мен алдыменен барлығыңызды тоқсан жылдық торқалы тойменен шын жүректен құттықтағым келеді. Рәбиға апай, сіздің ғұмыр жасыңыз бұдан да ұзақ бола берсін. Бала-шағаңыздың, немере-шөберелеріңіздің қызығын көріңіз. Қырғызда мынадай бір сөз бар: «Тілді көрінген қызмет деп түсінбе, бұрын шапқын, суық-жалын, бәрі-бәрі қызыл тілдің ішінде» - деген. Рәбиға апай тілдің ыстығына күйіп, суығына тоңып, мынаадай үлкен дәрежеге, үлкен қадір-құрметке бөленіп отыр. Жолдастар шығып айтып жатыр: «Рәбиға апай қазақ тілін осындай дәрежеге жеткізді» - деп, мен бұл сөзбен келісем, бірақ керісінше «Қазақ тілі Рәбиға апайды осындай дәрежеге жеткізді» десек, өте дұрыс болар еді. Жалпы, барлық ілімнің өзінің өзгешеліктері бар. Тілші болғаным үшін емес, гуманитарлық ғылымдардың ішінде тіл білімі адамның рухан қалыптастыратын, адамды адам қылатын, ұлтты ұлт қылатын ұлы ілім деп есептеймін. Сондықтан, осы ілімді зерттеп жүрген адамдарды өз басым ерекше құрметтеймін. Айтматов айтпақшы, химияны, биологияны, физиканы бізсіз де бүкіл әлем зерттеп жатыр. Ал, қазақ тілін қазақтардан басқа, қырғыз тілін қырғыздардан басқа ешкім зерттемейді. Сондықтан, тілші-ғалымдардың барлығы да ұлттың патриоттары, ұлттың қорғаныштары! Ал, дәл бүгін қазақ тілін қызғыштай қорғап жүрген аса патриот апайымыздың үлкен тойы өтуде. Бұл барлықтарыңыздың қуаныштарыңыз, мен осы қуаныштарыңызбен құттықтаймын!» - дейді. Қырғызстаннан келген бауырымыз қазақ қызы бедерленген картинаны апайымызға сый-тарту етті. Сонымен қатар, Сыртбай Жолдошұлы қазақ пен қырғыздың достығы туралы біршама сөйлеп өтті.

Қырғызстаннан келген қонақ Сыртбай Жолдошұлы


Баршамызға белгілі, Елордамызда елбасымыз Н.Назарбаевтің бастамасымен Түркі академиясы ашылған болатын. Бүгінде Түркі академиясының мәртебесі күн сайын өсіп, өзгеріп, шын мәнінде, үлкен халықаралық ұйымға айналып отыр. Сонау Астанамыздан келіп, келесі сөз кезегін алған Түркі академиясының директоры, ф.ғ.д., профессор Дарқан Қуандықұлы да Рәбиға апайға деген өзінің жылы лебіздерін білдірді. Ол өз сөзінде: «Рәбиға апай, қадірлі қауым, құрметті әріптестер! Ең әуелі баршаңызды бүгінгі түркітанудың, тілтанудың үлкен торқалы тойымен құттықтаймын! Сондықтан біз Астанадан арнайы келіп отырмыз. Жаңа Нұрлан ағамыз жақсы айтып кетті: «бүгін өтіп жатқан Рәбиға апайдың тойы – бұл бүкіл бір қазақтың, алаштың, түркінің тойы» - деп. Мен осы пікірмен келісемін. Ендеше, бүкіл Түркінің тойы құтты болсын! Жалпы, біз Түркі академиясы болғандықтан, түркі мемлекеттерімен жиі араласамыз. Сонда «Қадырғали Жалайыр менің ғана атам» деп бір башқұрттың ғалымы шықты. Содан соң артынан әңгімелесе келіп, мен Рәбиға Сыздықтың еңбегі арқылы Қадырғалидің қазаққа да, жалпы бүкіл бір түркіге ортақ екеніне көзін жеткіздім. Башқұрт ғалымы Рәбиға апайдың ғана еңбегіне тоқтап, кері пікірлеп жүргеніне көз жеткізді. Сол сияқты татарға барсақ та, басқаға барсақ та біз Рәбиға апайдың еңбектерін қолымыздан тастамаймыз!» - дейді. Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінің деканы: «Ерте аты аңызға айналған, ісі баршамызға үлгі болған қазақтың ардақты қыздары аса көп емес. Бүгін бәріміздің де сүйіктіміз, бәріміздің де ардақтайтынымыз, еңбегін де азаматтығын да, адамдығын да қадірлейтін ұлы қазақтың ғалым қызының тойында отыру – біз үшін үлкен бақыт!» - дей отырып, ҚазҰУ-дың бренді бедерленген сыйлықтарды табыстады.

Түркі академиясының директоры Дарқан Қуандықұлы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы Өмірхан Әбдіманұлы


Түркиядан арнайы келген, профессор Кенан Кодш. Қазақшаны таза сөйлейтін ғалымның Рәбиға Сәтіғалиқызы туралы айтқан естеліктері бәрімізді сүйсіндірді. Түрік бауырымыздың бауырмалдығында шек жоқ

Сүлеймен Демирел атындағы Қазақ-түрік университетінің профессоры Д.Сқақов

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүлтас Сайынқызы Құрманбай баяндама жасау үстінде

Тіл білімі институты Рәбиға Сәтіғалиқызын 90 жылдық мерейтойымен марапаттауда

ҚР Ұлттық ғылым академиясы төсбелгімен марапаттауда

Келген қонақтар мен көрермендерге Рәбиға Сәтіғалиқызы өз лебізін білдіруде
Жалпы, Рәбиға Сәтіғалиқызының 90 жастық мерейтойы өз дәрежесінде өтіп, академик туралы айтылған естеліктер мен баяндамалардан, әсіресе, студент жастар зор сусындап, тәлім алып қайтты. Мерейтойда академик туралы арнайы фильм көрсетіліп, ҚызПУ-дың өнерпаздары тарапынан құлақтың құрышы қандырылатын қазақи әуендерді тыңдадық. Кеш соңында қонақтар мен көрермендер академикті ортаға алып, естелікке фото-суретке түсті.
Дінмұхамед Аязбеков
бас редактор
