Қазақ тілі ұлттық құндылығымыз!!!
Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры да. Сондықтан тіл әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие. Бұл ретте Қазақстан Республикасының тіл саясаты мемлекеттік тілді дамытуға және республикада қолданылатын өзге де тілдер үшін жағдай жасауға бағытталған.
Бүгінде Елбасының Қазақстан халқына жолдаған жолдауында белгіленген басым бағыттардың бірі – барлық қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы ретінде мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға басты назар аударылып отыр. Сондықтан қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту және оның әлеуметтік-коммуникативтік міндеттерін кеңейту еліміз саясатының басты стратегиялық басымдығы болып қала береді. Басқа ұлт өкілдерінің диаспорасы болып табылатын қазақстандықтар бүгінгі таңда қандай этникалық топқа жататындығына қарамастан, қазақ тілі мен мәдениетіне оның мемлекеттік қызметінің сақталуы мен нығаюының маңыздылығына көңіл бөлуде.
Қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қоғамның жан-жақты салаларында оңтайлы әлеуметтік лингвистикалық кеңістікке қол жеткізу үшін жаңа қадамдар жасалуда. Басты мақсат – тілдік мұраны сақтау және қоғамдық өмірдің барлық саласында қазақ тілінің қолданылуын қамтамасыз етіп, оның барынша дамуына қол жеткізу. Осы мақсатта бірқатар ауқымды іс-шаралар қолға алынуда. Көңілге қуаныш ұялататын жақсы нышан, ол көптеген қазақстандықтардың балаларын қазақ мектептерінде оқытып, олардың мемлекеттік тілде білім алуы үшін жағдай жасауға ұмтылуы болып отыр.Сондықтан да білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілді тереңдетіп енгізу және халықтың ықпалды бөлігі жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді деп ойлаймыз.
Тіл адамның толыққанды жеке тұлға ретінде қарым-қатынас жасауына, ақпарат алмасуға, бала тәрбиелеп, зияткерлік мүмкіндіктерін дамытуға мүмкіндік береді. Тіл арқылы қоғам мүшелері, жеке тұлға мен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынас жасалады. Тіл маңызды коммуникативтік қызмет атқара отырып, сонымен бірге, адамның өз ойын, ниет-пиғылы мен көңіл-күйін білдіріп, ішкі әлемін көрсетеді, білімін жетілдіруге, адам санасының деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Жуалы аудандық Халыққа қызмет көрсету
орталығының инспекторы Ә.Адилова
