Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақтар және қазақ тілі туралы

 

Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Алайда, Қазақстанда мемлекеттік тілді енгізу және дамыту мәселесі қазіргі уақытқа дейін толық шешілген жоқ. Бұл мәселе уақыт еншісінде деп санаймыз. ХХ ғасырдың басында Абай өзінің жиырма бесінші сөзінде «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды.» - деген болатын. Әрине, мақсат орыс тілінен бір күнде бас тарту емес, қазақ тілі мен орыс тілін бір біріне қарсы қою да емес. Дегенмен, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін шын мәнінде алуы ғана мемлекетті мемлекет ете алады. Сондықтан, мемлекеттік, яғни қазақ тілін оқу қажеттілі туып отыр.

Енді, қазақ тілі мен қазақтарға азды-көпті тоқтала кетсек.
Қазақ халқының атауының пайда болуына қатысты көптеген болжамдар бар. Бірақ, біздің ойымша түркі тілдеріндегі «қазақтар» – еркін, бостандық сүйгіш деген ұғым беретін мағынасы көкейге қонады. Өз атауымыз «қазақтан» айырылғанымыз кеше ғана, орыс тілінде казак пен қазақты ажырату үшін «казах» болып жүрген жайымыз бар.

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында мыналар атап көрсетілген: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi.». Конституцияға сүйене отырып, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заң қабылданды. «Тіл туралы» заңға сәйкес 4-бапта: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;  Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға; қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.».
Қазақстан Республикасының тiл саясатының тұжырымдамасы және Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы қабылданып, онда 2010 жылға қарай барлық орталық және жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік тілді кезең кезеңмен енгізу жоспарлануда. Міне, сондықтан мемлекеттік тіл – қазақ тілін қоғамдағы өзінің лайықты орнын алатын күн де алыс емес.

   
0
0
985

Осы тақырып бойынша

Қазақтар және қазақ тілі туралы - Yvision.kz