Қазақстанның қос қаласында ұлттық лиганың ерлер командалары арасында кезекті тур ойындары басталады
АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін Тараз және Петропавл қалаларында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында үшінші кіші турдың ойындары басталады.
Қазақстан волейбол федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Таразда «Б» тобындағы командалар, атап айтқанда, «Тараз», «ШығысҚорғасынҚұрылыс» (Өскемен), «Алматы» және «Павлодар» сынға түседі. Ал Петропавлда алаң иелері «Есілмен» бірге «Атырау», «ТНК «Казхром» (Хромтау) және «Конденсат-Жайықмұнай» (Орал) клубтары өзара күш сынасады.
Бұл кіші тур ойындары 29 қаңтар күні мәреге жетеді.
Айта кетейік, ел біріншілігінде белоруссиялық маман Виктор Бекша жаттықтыратын «Тараз» командасы 39 ұпаймен жекедара көш бастап келеді. Чемпиондықтан басты үміткер де биыл тараздықтар болып отыр, өйткені екінші орындағы «Павлодар» одан бақандай он ұпайға артта қалды. Өткен жылғы ел чемпионы алматылықтар мен хромтаулықтардың еншісінде 21 ұпай болса, атыраулықтардың бұлардан бір ұпайы кем. Ал батысқазақстандықтар мен өскемендіктерде 18 ұпайдан бар. Осы командалардың жүлделі орындар үшін таласуға әлі де мүмкіндіктері жетеді. Екі-ақ ұпаймен көш соңында қалған «Есіл» ғана енді ешкіммен тайталаса алмайды.

