Қазақстанның онкологтары мен радиологтарының V съезі отандық және халықаралық мамандар үшін бірегей тәжірибе алмасу алаңына айналды
Бүгін Алматыда Қазақстанның онкологтары мен радиологтарының V съезі өз жұмысын аяқтайды. Съезде еліміздің әр аймағынан жиналған 500-ден астам және Ресей, Австрия, Германия, Малайзия, Австралия, Жапониядан келген делегаттар бас қосты.
Маңызды мәселелер талқыланған съезд жұмысына арналған баспасөз мәслихатына Еуропа онкология мектебінің өкілі Марко Росселли дель Турко, Санкт-Петербург онкологтары ғылыми қоғамдастығының өкілі Владимир Семиглазов, Герминия остео-онкологтар қоғамдастығының президенті Диел Инго, сонымен бірге, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру Департаменті директорының орынбасары Гүлнар Құлқаева мен Қазақ Онкология және радиология институты директорының орынбасары Дәулет Байпеисов қатысты.
Жиында еліміздегі қатерлі ісікті алғашқы сатысында емдеудің скринингтік бағдарламаларының бүгінгі таңдағы жетістіктері мен нәтижелері, обырды емдеудің жаңа әрі ұтымды тәсілдері жөнінде айтылды. Қазақ онкология және радиология институты диреторының орынбасары Дәулет Байпеисовтің айтуынша, өткен жылы қатерлі ісікке 33 029 адам шалдыққан. Дәл қазіргі таңда 146 000 адам тіркеуде тұр. Басқосуда халықты қатерлі ісіктің алдын алу туралы ақпараттандыру мен денсаулығын күту мәдениетін көтеру мәселесіне баса мән берілді. Дәрігер мен науқас арасындағы ортақ жауапкершілік жайы сөз болды.
«Халықты профилактикалық бағдарламалар туралы ақпараттандыру заңдағы жаңа өзгерістерге сәйкес, енді тұрғылықты мекенжай ғана емес, жұмыс орны бойынша да жүргізіледі», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Құлқаева.
Сингапур университетінің профессоры Филипп Йау дәл осы съезге қатысу үшін мотоциклмен 9 мың шақырымды қашықтықты жүріп өткен. Ол журналистерге Қазақстан-Сингапур сапарының қызығын әңгімелеп берді. Және бұл қадамға әлемдік қатерлі ісік мәселесіне назар аударту мақсатында барғанын айтты.
Ауқымды мәселелерге арналған съезд бүгін жұмысын аяқтайды.
Анықтама:
Қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзарту мен өмір сапасын арттыру мақсатында 2012-2016 жылдарға арналған онкологиялық көмек
көрсетуді дамытудың төртжылдық мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Қазіргі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жатыр мойны қатерлі ісігі, сүт безі қатерлі ісігі, қуықасты бездің қатерлі ісігі,өңеш және асқазан, бауыр қатерлі ісігі, оған қоса, қатерлі ісікті алғашқы сатысында анықтау мен оны толық емдеу және өлім көрсеткішін азайтуға бағытталған 6 скринингтік бағдарламаны іске қосты.
