Қазақстанның 2020 жылы тәулігіне 2 млн баррель мұнай өндіруге қауқары жетеді
2020 жылы Қазақстан тәулігіне 2 млн баррель мұнай өндіру деңгейіне қол жеткізе алады.
Бұл еліміздің мұнай мен газ өндіретін көшбасшы 10 мемлекеттің қатарына кіруіне септігін тигізеді. KAZENERGY қауымдастығының төрағасы осындай пікірде. Тимур Құлыбаевтың айтуынша, келер жылы Қашаған кен орнын іске қосып, «Теңізшевройл» жобасын кеңейткен жағдайда осындай көрсеткішке қол жеткіземіз.
Ал «ҚазМұнайГаздың» басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев қазір ұлттық компания шығындарын азайтып жатқанын атап өтті. Мәселен, биыл капиталдық салым көлемі 200 миллиард теңгенің үстінде қысқарған. Әрине, қаражатты үнемі қысқарта беруге болмайды. Сондықтан қара алтынның қазіргі нарықтағы бағасы төмен екенін ескеріп, орта мерзімді жоспар әзірленеді, – деді «ҚазМұнайГаз» басшысы.
Тимур Құлыбаев, KAZENERGY қауымдастығының төрағасы:
- Біз халықаралық кеңесшілермен бірлесіп, ұлттық энергетика баяндамасын жасадық. Онда мұнай-газ секторы, көмір мен атом өнеркәсібінде орта мерзім аралағында қандай жағдай болатыны қарастырылған. Аталған баяндама ертең таныстырылады. Құжатта мұнай-газ секторына көптеп көңіл бөлінген. Әрине, мұнай бағасының төмендеуінен әлемнің басқа елдері секілді Қазақстанның да энергетикалық секторында қиындықтар туындады. Дегенмен біздің ірі жобаларымыз еліміздегі мұнай өндіру деңгейін ұстап тұруға, тіпті келешекте бұл көлемді ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Ал елімізде атом электр станциясын салу мәселесі экономикалық дамуымызға тікелей байланысты. Министр Владимир Школьниктің айтуынша, жыл соңына дейін энергетикалық теңгерімнің 2022 жылға дейінгі нақтыланған жоспары әзірленбек. Бұл мәселені сол кезде де қарастыру жоспарланып отыр. Айта кетейік, Атом электр станциясын бұрынғы Семей полигоны немесе Балқаш аймағына салу жоспарлануда.
Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:
- Елбасы мақұлдаған жасыл экономиканы дамыту стратегиясында 2020 жылы өндірелетін энергияның 3%-ын баламалы қуат көздері құрауы тиіс. 2030 жылы бұл көрсеткіш 10%-ға жету керек. Ал 2050 жылы Атом электр станциясы есебінен қуаттың 50%-ын жасыл технология жолымен өндіретін боламыз. Қазір біз атом электр станциясын қашан, қалай салу жөнін ойластырып жатырмыз. Сондай-ақ бүгінгі таңда елімізде энергия қоры жеткілікті. Екібастұздағы станцияларда 2 мың мегаваттан астам энергия қоры бар.
http://gbpp.org/kz/2015/10/8654
