Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақстандықтармен ашық әңгімелесу

Мен әйгілі британдық журналист Стивен Сакурдың танымал және билік тізгінін ұстаған тұлғалардан алған сұхбаттарын үнемі қызыға көремін.

Жүргізушінің ыңғайсыз сұрақ қойып, өз сұхбаттастарын қыспаққа алған кездері аз емес, бағдарламаның кейбір қонақтары өзін өзі ұстай алмай, ашуланып та кетеді. Жақында Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Сакур мырзаға "Британдық болғаныңызға қарамастан, әдеп сақтағанды мүлде білмейді екенсіз" деп ескерту жасауға мәжбүр болған.

Сакур өз сұхбаттарында өзіне қарсы отырған тұлғаның жеке басына емес, сөз болып отырған мәселені ашып көрсетуге, сұхбаттастың шынайы пікірін, нағыз көзқарасын білуге, одан мардымды жауап алуға баса назар аударады.

Жуырда Стивен Сакур Қазақстанға келіп кетті. Кеше Би-Би-Си телеарнасында оның HARDtalk («Ашық тілдесу») атты бағдарламасының біздің елге арналған шығарылымы көрсетілді.

Әдетте аталған бағдарлама жүргізушісі 30 минут бойы бір ғана адаммен сұхбаттасады. Осы жолы Сакур елімізді аралап, бір емес, бірнеше лауазымды тұлғамен әңгіме құрған екен, олардың ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) жетекшісі, АХҚО арбитраждық орталығының судьясы, Қорғас шекара маңы ынтымақтастығы орталығының қызметкерлері, оппозиционер В.Козлов, ҚР сыртқы істер министрі және т.б. бар.

Бағдарламаның есімде қалған/ұнаған тұстары:

Сакурдың АХҚО қызметкеріне (Ұлыбритания азаматына) айтқан сөзі:

Ағылшын құқығы қағидаттарының Ұлыбританияда ойдағыдай іске асатынына күмәнім жоқ, алайда бұл елде (Қазақстанда) бір ғана адамның (осы кезде Сакур саусағымен арбитраж соты залында ілініп тұрған президент портретіне көрсетеді) дегені болатыны белгілі емес пе?

Сакурдың СІМ басшысы Қ.Әбдірахмановпен сұхбатынан үзінділер

Сакур: Сіз жаңғырту мен өзгерістердің маңыздылығы жайында айтып өттіңіз, сонда 20 жылдан астам уақыт бойы елбасының ауыспағанын қалай түсіндіресіз?

Әбдірахманов: Еліміздің, астанамыздың қаншалықты өзгергенін өз көзіңізбен көрдіңіз ғой – мемлекет басшысының бұған сіңірген еңбегі мол; азаматтардан олардың елбасын қолдайтынын-қолдамайтынын сұрасаңыз болады, олардың елбасына қолдау білдіретініне күмәнім жоқ... Еуропа елдері де бірден демократиялық елдер болып қалыптасқан жоқ қой, бұл көп уақыт алатын үрдіс – ұзақ жол, біздің ел де осы жолға бет алған деп сізді сендіргім келеді.

Сакур: Осы ретте мені емес, өз халқыңызды сендіргеніңіз жөн болар еді.

Қазақстанға арналған бағдарламаның кезекті шығарылымын Сакур мынадай сұрақпен қорытындылайды:

WILL THE OLD RULES OUTLAST THE MAN WHO MADE THEM?

ҚАЛЫПТАСҚАН РЕЖИМНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН ТҰЛҒА БИЛІКТЕН КЕТКЕННЕН КЕЙІН СОЛ РЕЖИМ ҰЗАҚҚА БАРА МА ЕКЕН?

0
0
438

Осы тақырып бойынша

Қазақстандықтармен ашық әңгімелесу - Yvision.kz