Қазақстандық таэквондошы WTF атқарушы комитетінің құрамына енді
Бутан елінде өтіп жатқан Дүниежүзілік таэквондо федерациясының кезектен тыс жиналысында қазақстандық Арман Чилманов осы федерацияның президенті, доктор Чунг Во Чоның қолынан аталмыш ұйымның атқарушы комитетінің мүшесі сертификатын алды, деп хабарлайды Қазақстан таэквондо федерациясының баспасөз қызметінен.
Енді А.Чилманов WTF-тың барлық шешімдерінде дауыс беру құқығына ие. Ол Дүниежүзілік федерацияның барлық жинастары мен сайлауларына қатысады. Ал осы жиында таэквондо ережелерін өзгертіп, нақ осы спорт түрін кеңінен насихаттау мәселелері талқыланды.
Арман Чилманов таэквондодан Олимпиада ойындарының жүлдесіне қол жеткізген жалғыз қазақстандық, ол қазір Қазақстан таэквондо федерациясының спорт директоры мен мемлекеттік жаттықтырушы қызметінде.
Атап өтерлігі, А.Чилманов WTF-тың атқарушы комитетіне мүшелікке алынған алғашқы қазақстандық. Бұған дейін қазақстандықтар тек Азиялық Одақ құрамында ғана болды. Арман бұл комитетке екі жыл мерзімге — 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына дейін сайланды.
АСТАНА. ҚазАқпарат

