Қазақстандық контингент ҰҚШҰ ҰЖДҚК оқу-жаттығуы шеңберінде бөлімшелерді үйлестіруді пысықтауда
Бес күннен бері Беларусьте өтіп жатқан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық жедел ден қою күштерінің «Өзара іс-қимыл-2013» оқу-жаттығуына қатысушылардың көпұлтты ұжымының құрамында Қазақстан Аэроұтқыр әскерлерінің десанттық-шабуыл батальоны жауынгерлік үйлесу мәселелерін пысықтауда.
Қазақстандық әскери қызметшілер оқу-жаттығудың екі тактикалық эпизодына қатысады. Олардың бірі тікелей Осиповичский полигонында өткізіледі. Әуеден десант түсіріп, әрі қарай шартты қарсыласқа жер үстінде атыспен тосқауыл қоюды ұйымдастыру қазақстандық жауынгерлер міндеттерінің бірі. Десантшы сарбаздар Беларусь аспанында беларустік әскери-әуе күштерінің әскери-көліктік тікұшағынан парашютпен секірді.
Жеке құрам шектеулі және дайындалмаған әрі бейтаныс жерге секіретіндіктен десантшылардан асқан шеберлік пен біліктілік талап етіледі. Қазақстандықтар Беларусь және Ресей қарулы күштері аэроұтқыр топтарымен бірлесіп десант түсіруде.
Осының қарсаңында секірудің барлық элементтерін пысықтау үшін Аэроұтқыр әскерлер қолбасшысы басқармасы әуе десанты қызметінің бастығы майор Әбдірахым Юлдашев сарбаздармен әуе десанты кешенінің тренажерларында сабақтар өткізді. Жер үстіндегі даярлықтың барлық кезеңдерін десантшы жауынгерлер үздік орындап, бұл табысты десант түсірудің кепілі болды.
Қазақстандық әскери қызметшілер Осиповичский полигонының бірнеше нүктесінде жұмыс істеуде. Қойылған міндеттерді орындау ауданында жеткізу үшін қону тәсілімен тікұшақтан десант түсіру ұйымдастырылған. Кейбір топтардың қозғалысы Беларусь Қарулы Күштерінің БТР-80 бронетранспортерлерімен жүзеге асырылады.
Қазақстандық құрамның іс-қимылын нақты басшылық жасауды Қазақстан Қарулы Күштері Аэроұтқыр әскерлері десанттық-шабуыл бригадасы командирінің орынбасары майор Жанат Ермұханов жүзеге асыруда.
Басқа тактикалық эпизод полигоннан 70 км қашықтықта орналасқан Бобруйск әуеайлағының базасында орындалды. Оқу-жаттығудың ой-ниет жоспарының мақсаты бойынша заңсыз қарулы кұралымдардың өкілдері әскери әуеайлақты басып алды. Ұжымдық жедел ден қою күштері стратегиялық маңызды нысанды басып алушылардан босатуы тиіс. Лейтенант Диас Құрсабаев бастаған қазақстандық десанттық-шабуыл ротасы Беларусь, Армения және Ресей қарулы күштері бөлімшелерімен өзара әрекеттесе отырып, белгіленген шепке табысты қоршап, нысанға шабуыл жасады және қарсыласты жойды.
- Көпұлтты әскерлер топтары құрамындағы қазақстандық бөлімшелердің жұмысы ҰҚШҰ ҰЖДҚК басшылығы тарапынан жоғары бағаланғаны мақтаныш сезімін тудырады, - деп Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Талғат Исмайылов атап өтті, - Келісімшарт бойынша әскери қызметке іріктеу принципі өз мақсатын ақтады: Жылдан жылға сарбаздар осындай халықаралық оқу-жаттығуларда өздерінің жауынгерлік дағдыларын арттырып, оны жетілдіріп, кәсіби шеберліктерінің жоғары деңгейін көрсетіп келеді.
Сондай-ақ осы күндері Осиповичский полигонында ҰҚШҰ Ұжымдық жедел ден қою күштерінің «Өзара іс-қимыл-2013» оқу-жаттығуына қастыушылар үшін концерт қойылды. Концертке Қазақстан Аэроұтқыр әскерлері талдықорғандық десанттық-шабуыл бригадасы көркемөнерпаздарының өкілдері қатысты.
«Қазақстаным гүлде!» әні қазақстандық орындаушылардың визиттік кәртішесіне айналды.
Далалық гүл шоқтары, концерттің басты мақсаты болып табылатын көрермендердің ыстық ықыласы, жақсы көңіл-күйі және оқу-жаттығуға қатысушы сарбаздардың көтеріңкі жауынгерлік рухы әртістерге деген басты сыйлық болды.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
