Қазақстандық «Керуен» мотошеруі Парижге жетті
2014 жылдың 11 маусымында Париж қаласында өтіп жатқан Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 155-сессиясында EXPO-2017 көрмесінің туы Қазақстанға ресми түрде табыс етілу салтанатына орай Франция астанасына қазақстандық «Керуен» мотошеруінің қатысушылары да келіп жетті.
Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.
21 мамыр 2014 жылы Астана Экономикалық форумы кезінде сапарға аттанған мотошеру мақсаты — Қазақстанның имиджін, «G-global» жобасы мен Астана ЭКСПО-2017 арнайы көрмесін насихаттау.
Мотошеру 39 күнге жоспарланып, Астанаға — шілденің 6-сы — Елорданың туған күні қарсаңында қайтып оралады деп күтілуде. Оған дейін Швейцария, Италия, Румыния, Түркия, Грузия және Ресей аумағындағы 10 мың шақырымдық жол бар.
Мотошерудің негізгі мақсаты — төрткүл әлемге Қазақстанның мәдениеті мен жетістіктерін, «жасыл экономика» ерекшеліктерін, спорт пен туризмнің даму барысын, сонымен қатар, еліміздің назар аударалық тамаша табиғатын, саяхат орындарын насихаттау.

