Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақстанда жолбарыс популяциясын қалпына келтіру мәселелері талқыланды

2014 жылғы 27 мамырда Назарбаев Университетінде Қазақстанда тұран жолбарысын реинтродукциялау мәселелері жөніндегі конференция өткізілді.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының қоршаған орта және су министрі Нұрлан Қаппаров, Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамның өкілдері және халықаралық сарапшылар қатысты.

Аталған шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген мнистр Н. Қаппаров ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың конференция қатысушыларына жолдаған хатын оқыды.

«Аталған бағдарламаның іске асырылуы Қазақстанның экологиялық дамуында жаңа бағыт ашып, ертеректе жойылған түрлердің қалпына келтірілуіне жаңа экожүйелік тәсілдеме қолдануға жағдай тудырады. Жоба шеңберінде мемлекеттік ұлттық паркты құру, тоғайлы ормандарды қалпына келтіру,  флора мен фаунаның түрлік әралуандығын ұлғайту бойынша үлкен жұмыс атқарылады. Мемлекет қажетті көмек көрсетеді»- делінген ҚР Премьер-министрінің хатында.

Өз кезегінде Н. Қаппаров Қазақстанда жолбарыстардың жоғалуына негізінен браконьерлік, жануардың табиғи қорегі – тұяқтылардың жойылуына әкеліп соқтырған бақылаусыз аңшылық және көптеген ирригациялық жобаларды жүргізу нәтижесінде жануарлардың мекендеу орындарының табиғи бұзылуы себеп болды.

Министр Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына Қазақстанда тұран жолбарысын реинтродукциялау бастамасы үшін алғыс білдіре отырып, бұл жобаға қолдау көрсетілетіндігі туралы айтты. Н. Қаппаров жобаның жүзеге асырылуы үшін бірлесіп, қажетті нақты шараларды белгілеуге және олардың орындалуына жағдай жасауға шақырды.

WWF мәліметтері бойынша, ХХ ғасырдың басында жер бетін жолбарыстың 9 түр тармағына жататын 100 мыңға жуық жануар мекендеген. Ағымдағы ғасырдың басына қарай жолбарыстың жалпы саны 3,5 мыңнан аспаған.  Жолбарыстың 4 түрі жойылған. Жойылған түрлердің арасында тұран (немесе каспийлік) жолбарысы да бар. Бұл жануар Таяу Шығыс, Күнгей Кавказ және Орталық Азиядағы 13 ел аумақтарында мекендеген екен. Тұран жолбарыстарын табиғат аясында соңғы рет 1970-ші жылдарда кездестірген.

Жолбарысты реинтродукциялау мүмкіндіктері қарастырылғаннан кейін оның ареалын құрған елдердің көпшілігінде аңның өмір сүруіне ыңғайлы жағдайлар қамтамасыз етілетін аумақтардың жоқтығы анықталды.

Сондықтан, тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру жобасын жүргізу үшін Балқаш көлінің оңтүстік жиегі, Іле өзенінің сағасы мен оның шығыс бөлігін алып отырған аумақ іріктеліп алынды. Жолбарыстың мекендеуіне ыңғайлы аумақ 1 миллион гектар алқапты алып отыр. Қажетті жағдайлардың бәрі орындалса, Балқаш маңында жолбарыстардың 200 басқа дейінгі топтамасын қалыптастыруға болады.

Жүргізілген цитогенетикалық зерттеулер нәтижесінде тұран және амур жолбарыстарының толық сәйкестік деңгейіндегі ұқсастығы аңғарылды. Сондықтан, Қазақстанда жолбарыс популяциясын қалпына келтіру үшін зообақтарда өсірілген аңдарды (қажетті бейімдеуден өткізілгеннен кейін) немесе ресейлік Қиыр Шығыстың оңтүстігінде мекендейтін  жануарларды табиғат аясынан алуға болады. Бұл ретте, табиғат аясынан жылына 2-3 жануар алынып отырса, жергілікті популяцияға  зиян келтірілмейді. Өйткені бұл аймақта жыл сайын 100 шөнжік туады.

Балқаш маңында жолбарыстарды қалпына келтіру бағдарламасы 3 кезеңге бөлінген:

1.            Мекендеу орындарын дайындау;

2.            Жолбарыстарды табиғат аясына жіберу;

3.            Бағдарламаның сәтті өткізілуін бақылау.

Болашақта бағдарлама шеңберінде жергілікті тұрғындарды қолдау шараларын қарастыратын заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілер қабылданбақ. Сонымен қатар жергілікті фермерлік шаруашылықтардың профильдерін өзгерту (аңшылық шаруашылық жүргізу,  жабайы аң-құстарды өсіру, экотуризм) ынталандырылады.

Жолбарыстардың мекендеу орындарын дайындау жұмыстары шеңберінде ерекше қорғалатын аумақтар белгіленіп, оларда қоршау орнату және табиғи қорек базаларды құру қарастырылған. Сондай-ақ, осы аумақта жабайы тұяқты жануарлардың санын көбейту, гидрологиялық режим мен тоғайлы ормандарды қалпына келтіру шаралары қолға алынады.

Жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасын іске асырудың ұзақ мерзімді жоспарлары аймақтың қоршаған орта саласы мен шаруашылық қызметінде ауқымды қайта құруды, оның ішінде Балқаш көлі экожүйесінің бұрын бұзылған компоненттерін қалпына келтірілуін қажет етеді.

Осы аймақтың жолбарыстың табиғи мекендеу орнына айналуы жергілікті экожүйенің қалпына келуі ғана емес, Қазақстанның табиғатты қорғаудағы жетістігінің белгісі ретінде қабылдауға болады.

 

ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі

http://www.eco.gov.kz/new2012/KK/2014/05/103-83/

 
0
0
900

Осы тақырып бойынша