Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинаның физикалық-химиялық және биологиялық көрсеткіштері нормативтерге сай
Қазақстанда жасөспірімдерді иммунизациялау үшін қолданылатын қызылшаға қарсы вакцинаның физикалық-химиялық және биологиялық көрсеткіштері нормативтік талаптарға сай. Мұндай қорытындыға Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығының (бұдан әрі - ДЗММБМТСҰО) мамандары келді.
ДЗММБМТСҰО-ның мәліметтері бойынша, Serum Institute of India (Индия) өндірген қызылшаға қарсы моновакцинаның еріткішпен қоса 16 физикалық-химиялық және биологиялық көрсеткіштері (көрінетін бөлшектер бойынша механикалық қосулар; ылғалдылығы; сипаттамасы; тұнықтығы; түсі, рН; алынатын көлемі; қышқылдығы немесе сілтілігі; меншікті электрөткізгіштігі; заттардың тотығуы; хлоридтер, нитраттар, сульфаттар, кальций және магний; ауыр металлдар; бактериялық эндотоксиндер; кептірілген кезде массаның жоғалуы; улылығы; зарарсыздығы) бойынша сынақтан өтті. Сынақ қорытындылары нормативтік құжаттың талаптарына сай екенін көрсетті.
«Идентификациялау» және «ерекше белсенділігі» көрсеткіштері бойынша сынақтардың өткізілуін бақылау үшін «Serum Institute of India LTD» (Индия) өндіруші «Vero» жасушаларының реагенттері алынды. Сынақ қорытындыларын 2015 жылғы 20 сәуірде алу жоспарлануда.
Бүкіл әлемдегі қызылшамен сырқаттанушылық бойынша күрделі эпидемиологиялық жағдай ескеріліп, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2015 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен 15 және 19 жас аралығындағы тұлғаларды қызылшаға қарсы қосымша иммунизациялауды өткізу туралы шешім қабылданғаны жөнінде бұрын хабарланған.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті (бұдан әрі - ТҚҚК) қызылшаға қарсы сатып алынған моновакцинаның көлемін, сұранысын, техникалық сипаттамасын анықтады. Қызылшаға қарсы вакцинациялауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарын қосымша иммунизациялауды өткізу кезеңінде жоспардан тыс тексеруді ұйымдастырған кезде вакцинаның «салқындату тізбегін» сақтау және тасымалдау ережелерінің бұзылуы анықталған жоқ.
Иммунизациялау барысында республиканың 5 облысында жасөспірімдерді қызылшаға қарсы вакцинациялаудан кейін 396 өтініш тіркелді (Атырау облысында - 26, Қарағанды облысында - 32, Жамбыл облысында - 2, Оңтүстік Қазақстан облысында - 12, Маңғыстау облысында – 324). Жасөспірімдердің 264-і ауруханаға жатқызылды, бүгінгі күні 264-і емделіп шықты. Егілгендердің жалпы санының (529 мың. 422 адам.) ішінен өтініштердің салыстырмалы салмағы 0,07% құрады, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (бұдан әрі - ДДСҰ) мәліметтері бойынша 15%-ға дейін жол беріледі.
ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің ағымдағы жылғы 19 ақпандағы қаулысымен қызылшаға қарсы қосымша иммунизациялау тоқтатылған болатын және ағымдағы жылғы 2 наурыздағы қаулысымен иммунизациялаудың тоқтатылуы 2015 жылғы 4 мамырға дейін ұзартылды.
Қалыптасқан жағдайды зерделеу үшін ҚР ДСӘДМ құрамында ТҚҚК, республикалық медициналық орталықтарының өкілдері, Қазақстандағы ДДСҰ өкілдігі кірген жұмыс тобын құрды.
Жағдайларын верификациялау және ары қарай оңалту қажеттілігі бойынша балалар Алматы және Астана қалаларының республикалық орталықтарына жіберілді. Өз кезегінде, бұл медициналық мекемелердің мамандары көмек көрсету үшін өңірлерге барып қайтты. Бүгінгі күні жасөспірімдердің жағдайы тұрақты, қанағаттанарлық, кейбіреулерінде вакцинациялауға қатысы жоқ соматикалық ауруларының асқынуы байқалады.
Бейінді мамандардың қорытындысы бойынша, көп жағдайда қаралған тұлғаларда эмоционалды жағдайға жататын симптомдар және белгілер анықталды. Олар Халықаралық сыныптамасында «Күйгелектік», «Мазасыздану және қозғыштық» болып сыныпталған. ДДСҰ сарапшыларымен қазақтандық дәрігерлермен қойылған диагноздарының дұрыстығы және жасөспірімдердің стационарларда ары қарай болуының қажетсіздігі дәлелденді. Көрсетілген симптомдардың себептері вакцинациялау емес, вакцинациялаудың процесі болып табылады.
Вакцинациялау вакцинамен басқарылатын, оның ішінде қызылша сияқты жұқпалы аурулардың алдын-алуда бірден-бір әдісі екенін атап өту қажет. Вакцинациялау жасанды иммунитеттің дағдылануына ықпал етеді. Адамда ауруға иммунитеттің жоқтығы асқынуларға және өлімге алып келеді.
Қазақстанда қосымша иммунизациялаудың соңғы науқаны республикада қызылшамен науқастанудың 10 есе (16 мыңнан 13 жағдайға дейін) жіті төмендеуіне алып келген 10 жыл бұрын (2005-2006 ж.ж.) өткен.
