Қазақстанда қыркүйек айында жаңа спорт туралы заң шығады
Кеше Астанада Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінде жаңа редакциядағы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасы кеңінен талқыланды. Талқылау шынымен қызу әрі мазмұнды өтті, деп хабарлайды Sports.kz.
Барлық спорт қауымдастығы өз ұсыныстарын айтып, жаңа заңды қызу талқылады. Мемлекеттік ведомстводан мәлім еткендей, аталмыш заң бұқаралық спортты дамытуға және қазақстандық спорттың болашағын қалыптастыруға бағытталған. Құжатты 2013 жылдың қыркүйегінде Мәжілістің талқылауына ұсыну жоспарланып отыр.
Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатовтың айтуынша, бұған дейін қабылданған заң үлкен өзгеріске ұшырап, заман талабына сай құрылатын болады.
«Спорт туралы заң шамамен 10 жылда бір рет өзгеріп тұруы тиіс. Бүгін біз жаңа заңды толықтай талқылап, оның артықшылықтары мен кешіліктерін анықтамақпыз. Қолданыстағы заң айтарлықтай ескіріп қалды. Соған байланысты заңды жаңадан редакциялау туралы шешім қабылданды. Заң 70%-ға өзгереді. Біздің пайымымызша, ол Қазақстан спортын дамытуға үлкен көмек болады. Біз басқа елдердің осыған ұқсас бірқатар заңдарын саралап, оның озық тұстарын өзіміздің заңға енгізуге тырыстық. Жаңа заң жобасына сәйкес, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, Қазақстан спортын дамытуға үлкен үлес қосқан спортшылардың жалақысы өсетін болды. Егер заң жобасына қатысты басқа да қосымша ұсыныстар жасалатын болса, оны да асықпай талқылауға әзірміз. Осы мақсатта біз арнайы жұмыс тобын құрып, ол парламент депутаттарының қатысуымен бірнеше отырыстар өткізіп үлгерді. Сиднейде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Шишигина аталмыш заңды талқылауға белсенді қатысып, қолдау білдіруде, сондықтан осынау құжат заң шығарушы органда да қолдау табады деген сенімдеміз. Заңды сапалы әрі бұқаралық спорты дамытуға көмектесетіндей етіп жасау үшін бар күшімізді салып жатырмыз», — деді Елсияр Қанағатов.

