Міржақып Дулатовтың бұл мақаласы - оқырманды тәнті етіп, автордың батырлығы мен өткірлігіне таңқалдыратыны анық. Мақала “Серке” газетіне шығарылғаннан кейін, газеттің бірден жабылып қалуынан-ақ материалдың саяси астары мен мәні зор екенін аңғарсақ болады. Жазушы бәріне түсінікті жалпақ тілмен, көп адамның айтуға батылы жетпейтін ащы шындықты ашып көрсеткен. Мысалы, Ресей қазақ халқына үстемдік көрсетіп, түрлі салық төлетіп, дін және неке мәселесіне араласып, тіл мен әдет-ғұрпымызды, жерімізді тартып алып, түбегейлі жойып жібергісі келетіндерін еш жасқанбай жазған. Осы мақала арқылы қазақ жерлерін тартып алып жатқан және қазақтарды шоқындыруды көздеген патша саясатына қарсы шықты. Менің ойымша, бұл мақаланың саяси мәні - Ресей бодандығынан құтылып, қазақтың шұрайлы жерлерін қайтару болды. Халық күйзелісі мен азабын жан-тәнімен сезінген жазушы бұл әділетсіздікке шыдай алмай, халықтың көзін ашпақ ниетпен, жер мен елдің тәуелсіздігін алуды насихаттады. Тағы бір байқағаным, бұл мақалада Міржақып Дулатов бай мен кедей теңсіздігін де көтерген. Мысалы, оны мына тұсынан байқасақ болады: “Россиядағы кедейлерді чиновниктер мен байлар қазақ жеріне аударып жатыр, қарапайым қазақ халқы соның зардабын шегеді, ал ең бай қазақтар бұрынғысынша өз жерінің қожасы болып қала береді”.
Мақаланы демократиялық бағыт бойынша талдайтын болсам, сол кездің өзінде халық пен биліктің арасында байланыс жоқ екенін көріп отырмыз. Және сөз бостандығы да жоқ. Ал, осыған дәлел - М.Дулатовтың бұл мақаланы жасырын атпен шығаруы. Егер өз атынан шығарса не боларын кім білсін…
Міржақып атамыздың осы мақаласын бүгінгі күнмен салыстыратын болсам, Қазақстан “сөз бостандығы” жөнінен 158 орында тұрғанын ескеріп, қазіргі журналистер де ашық түрде жазуға қорқады деп ойлаймын… Тіптен бәрі қорқады демеймін, қазіргі таңда керісінше ашық түрде айтып жүргендердің саны көбейді. Бірақ, олардың бірі эфирден, бірі жұмысынан кетіп жатыр. Мысалы, шындықты айтып, саясатқа қарсы келгені үшін эфирден шыққан журналист Жанат Бақыт; биліктегі кісілердің кемшіліктері туралы ой қозғап, жеті жыл жұмыссыз қалған Несіп Жүнісбайұлы дәлел бола алады. Бұл - баспасөз бостандығы жоқ дегенді білдіреді. Бір қуантатыны - әлеуметтік желілерде сөз бостандығы бар. Осыны пайдаланып қазақтың көптеген азаматтары өз ойларын ашық түрде жеткізіп жүр. Дәлел ретінде, сайлаудың әділ өтпегені жөнінде “инстаграм” желісі арқылы өз ойын ашып айтқан журналист Мақсат Толықбай мен айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовты айтсам болады.
Қазір қоғамның дамуына үлесін қосып, ақиқатты аса шеберлікпен ән, бейнеклип, кино және “вайн” арқылы жеткізіп жүрген талантты жастар өте көп. Мысалы, Ирина Қайратқызы тобының “5000” бейнеклипі ең патриоттық материал деп білемін.
Мен бұрынғы қазақта, қазіргі қазақта бас көтерген ұлтшыл әрі білімді жастардың болғанына және барына қуанамын. Әлі де болады. Әрбіріміздің жүргеміздегі еліміз бен жерімізге деген махаббатымыз өшпесін!