Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақстандағы банк жүйесінің қалыптасуы

Әрбір дамыған елдерде  2 деңгейлі банк жүйесі қалыптасқанымен, Кеңес Одағы кезінде  Қазақстанда Мемлекеттік Банк, Сыртқы Сауда Банкі және Құрылыс Банктерінен құралған  бір деңгейлі банк жүйесі болған еді. Елдің басты банкі ретінде Мемлекеттік банк  ақша-несие саясатына жауап берді: қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді несиелеу, несиені жоспарлау мен  пайыздық саясаттың принциптерін анықтады. Өз кезегінде Сыртқы Сауда Банкі экспортты-импортты операцияларға есептеулер жүргізіп отырса, Құрылыс Банкі Мемлекеттік Банктің  халық шараушалығын қаржыландыру деген шешімін орындап отырды. 1987 ж  Коммунистік Партияның Орталық  Комитеті мен  КСРО Министрлер Кеңесінің  біріккен шешімімен  екі деңгейлі банк жүйесін құру деген қаулы шығарды. Бұл жүйе Орталық банктен және  бірнеше мемлекеттік салаландырылған банктерден құралды. Әрине, алғашқы қадамдар бірден елелулі нәтиже бере қойған жоқ. Банктік жүйе консервативті бағытында қалды.  «Промстройбанк», «Агропромбанк», «Жилсоцбанк», «Сберегательный банк» тәрізді салаландырылған  қаржылай ұйымдар алғашқы бірдеңгейлі жүйенің негативті жақтарын сақтап қалғандықтан, ауыл шарушалығына қажетті несиелендіру саясатын қамтамасыз ете алмады, серіктестерімен әріптестік қарым-қатынас орнатылмады. Ал Мембанктің ақша айналымын басқара алатын ыңғайлы саясаты болған жоқ.

сурет http://pikabu.ru сайтынан алынды. Кеңес Одағы кезіндегі сөздіктегі анықтама

Алғашқы қадам

1988 ж  кеңестік «Кооперация туралы» Заң қабылдады. Дәл осы уақыттан бастап Қазақстандағы банктік жүйе қалыптасуының Бірінші кезеңі басталды. Кооперативтік  қаржылық ұйымдар банктер саласындағы нарықтық қатынастардың қалыптасуына негіз болды. Кооперативтік деген статус арқылы банктер несиенің уақыты мен шарттарын, пйыздық үстеменің деңгейін анықтауда, банктік қызметтің түрлі формаларын қалыптастыру мен  түскен табысты пайдалануда өзіндік ролге ие болды. Айта кету керек, Кеңес Одағындағы алғашқы кооперативті банк Қазақстанда анығырақ Шымкент қаласында «Союзбанк» деген атаумен пайда болды.

1990 ж  25 қазанда Қазақ ССР-нің Жоғары Кеңесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік суверинетті туралы Декларация қабылдады. Бұл Тәуелсіздік қарсаңындағы атаулы даталардың бірі болатын. Дәл осы жылы банк жүйесін реформалау үшін негіз болған «ҚазақССР-дегі банк және банк қызметі туралы» атты Заң қабылданды. Бірінші рет коммерциялық банк сөзіне анықтама берілді. Жекеменшік банктер мен шетелдік капиталдың қатысуымен пайда болған банктердің, ломбард, инвестициялық және зейнетақылық қор  тәрізді басқада несиелеу мекемелері қызметтерінің басталу және тоқтатылу тәртібі бекітілді. Осы арқылы бұрынғы екідеңгейлі банктердің консервативтік жүйесіне тоқтау салынып, орталығы Мемлекеттік банк , екінші деңгейде коммерциялық банктер болатын, нарықтық банк жүйесі пайда болды. Мембанктің статусына да қатысты өзгерістер болды. Енді ол респбуликаның барлық банктік жүйесі туралы туралы барлық есепті Жоғары Кеңеске тапсыратын болды.

Мәскеу бірден пайда болған жоқ...

Банктер қалыптасуының 2-ші кезеңі  90 жылдардан  бастау алады. Кеңес Одағы құлады, яғни бұрынғы банк жүйесі де тоқырауға тап болды.  Қаржылық ұйымдардың платформасы болған консервативтік жүйенің орнына аналогы ретінде нарықтық келеді.  Дәл осы кезде банктердің пайда болуы  жаңбырдан кейінгі қаптаған саңырауқұлақтай әсер қалдырды. Олардың саны  1991 ж -72, 1992-150 жуық  болған. Осы орайда Мембанкте ақша-несие саясатын реттеп, банк қызметіне бақылау жасап отыратын квалификацияың қажетті деңгейде болмағандығын айта кету керек.  Осыншама көп мөлшердегі  банктердің болуына қарамастан, олар несие нарығындағы белсенді түрде операциялар өткізуге мүмкіндіктері болған жоқ.  1992 ж  Мембанк Алматы қаласындағы коммерциялық банктерге  3 айға 86 млр рубль  көлеміндегі кредиттік ресурс берді, оның тек 10 пайызы ғана яғни 8,8 млрд рубль ғана қайтарылды.  Сол кездегі премьер-министр Сергей Терещенко елдің банк жүйесі криминогенді жағдайда деп сипаттауға мәжбүр болды.

Аренада – Ұлттық Банк және «қайта құру» саясаты

1991 ж ел тарихындағы ең маңызды саяси оқиғалардан кейін Қазақстан тәуелсіз ел ретінде жарияланды. Экономикамыздың енді ұлттық сипаты айқындала бастады. Осыған бай-ы 1993 ж  «ҚР-ның Ұлттық Банкі туралы» заң жобалары қабылданды. Ұлттық банк ақша айналымы, несиелендіру, валюта нарығы т.б саласында шешім қабылдауда тәуелсіздікке ие болды. Ол басқа үкімет органдарына емес енді тек Жоғары Кеңес пен Президентке бағынды. Банк саласындағы проблемалардың түйінін шешуде өзіндік құқығы болды. Бірақ ҰБ екінші деңгейлі қаржылық ұйымдардың қызметіне араласқан жоқ, қадағалап, бақылаушы рол атқарды. Несие-ақша жүйесіне кедергі келтіретін негативті процесстердің алдын-алып отыруы қажет болды. Осы жаңа заңға сәйкес енді банктердің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігі мен салымшылардың мүддесін қорғау үшін және аталған орталықтың сапасын арттыру үшін банктерге халықаралық стандарттарға сай талаптар қойыла бастады. Бұл талаптар енді банк басшылығына да қатысты болды.

1993 ж Қазақстан  өзіндік ақша-несие саясатын өткізіп, осы жылы 15 қарашада ұлттық валюта-теңгені айналымға енгізді. Дәл осы  уақыттан  Қазақстандағы банк жүйесі дамуының 3-і кезеңі басталды. Ел экономикасын қажетті қаржылық ресурстармен қамтамасыз ететін банктер  құрылымын қалыптастыру керек деген мәселе күн тізбесінде ең маңызды деген орын алды. Проблема -  банктердің санында емес, олардың өз жұмысын сапалы түрде атқара алуында. 1993 ж  біздің елімізде 240 банк болды (қазір -38)! Бірақ олардың көпшілігі өз фунциясын орындауға дәрменсіз еді. 1995 ж банктер қызметін қалыптастру және бақылаудың халықаралық стандарттарына сай «ҚР банктер және банктік қызмет туралы» Заң қаулысында жаңа өзгерістер болды. Сондай-ақ осы жылы еліміздегі банк жүйесін реформалаудың Бірінші Бағдарламасы іске қосылды. Енді банктер өздері тарта алған  және халықтық жинақ есебінде несие беруші болуы тиіс еді. ҰБ банк жүйесін бақылаушы орган ретінде тазалау шараларын бастады. Әлісз және бәсекеге қабілетсіз банктер толығымен жойылды немесе біріктірілді. Олар қандай банктер? Көп жағдайда банктер өндіріс орындары мен жаңа ашылған коммерциялық фирмаларға жоғары пайыздық үстемемен несие беретін. Егер инфляция жоғары болған жағдайда өндіріс орындары жоғары пайыздарды төлеуге қауқары жетпеді. Ал жаңа пайда болған фирмалардың міндетті кепілдемелері болмағандықтан, олардың несиені қайтару мүмкіндігі 50 де 50 еді. Банк басшылығының пара үшін немесе туыстарына несие беретін кездері де болды. Нақты міндеттемелері болмағандықтан, банктердің шығынға бату қауіптілігі жоғары еді.  Елдегі ең ірі банк саналатын «Тұранбанк» және «Алембанк Қазақстанда да» жағдай мәз емес еді. Олардың  қызметінен елдегі экономикалық жағдайда біршама ықпал ететін болғандықтан ҰБ-тің ұсынысымен мемлекет  екі банкті де сатып алды. 1997 ж екі ұйымның бірігуінен  «Банк ТұранАлем» пайда болды. Жалпы алғанда ҰБ-тың қатаң талаптары  қоя білуі, қаржылық операция орындауға мүмкіндігі жоқ  банктерді жою/біріктіру  арқылы банк секторын «тазалап алуға» мүмкіндік туды.  Яғни халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс жоғарыкапиталды банк қызметтерінің жаңа кезеңі басталды.

Халықаралық стандарттарға көшу

1996 ж ҰБ «Екінші деңгейлі банктердің халықаралық стандарттарға көшуі туралы» жаңа қаулы бекітілді. Аталған Бағдарламаға сәйкес барлық банктер  2000 жылдың соңына дейін капиталдың жеткіліктігі, активтерінің сапалылығы, менеджмент, бухгалтерлік есеп, ақпарат алу, тарату деңгейі жөнінен халықаралық стандарттарға сай болулары тиіс еді. 1999 ж  сәуірінде Үкімет пен Ұлттық Банктің шешімі арқылы  теңге курсының бағамына еркін режим берілді. Яғни ҰБ-қатысуынсыз ұсыныс пен сұранысқа байланысты валюта бағамы қалыптасты.Осы кездегі ҰБ-тың ең бір айтуылы жетістіктерінің бірі  1993 жылы 2153 пайызға!  жеткен гиперинфляцияны тоқтата алуы еді. Қазір Қазақстандағы инфляция деңгейі 4-6 пайыз шамасында, бұл қалыпты саналады.

Осы кезеңде екінші деңгейдегі банктердің экономикадағы несиелеу ролі арта түсті. Банк қызметтерінің сапасының өсе түсуіне елдегі төлем жүйесінің де ролі  зор ықпал етті. Халықаралық сарапшылардың айтуынша  ТМД елдерінің ішінде Қазақстан жалпы әлемдік критерийге сай келетін  төлем жүйесін құра алған.  Бұл жүйе есептеулерге қажетті ақша көлемін азайтты. Сол  жылдары  бір айда орта есеппен 250 млрд теңгенің көлеміндегі 500 мың төлем орындалған.

Сіз Кеңестік кинолардың әуесқойы болсаңыз немесе ата-анаңызбен бірге  отырып, мереке қарсаңында «Иван Васильевич меняет профессию» фильміндегі осы кадр таныс болуы керек. Пәтер ұрысы Жорж Милославскийдің «Азаматтар, ақшаларыңызды жинақ кассаларында сақтаңыздар!» атты фразасын банктермен белсенді жұмыс істеуге шақыру деп қарастырсақ та болады.

Банктердің бірден-бір табыс көзі – депозит. Алғаш рет  1999ж 4-кварталында  депозит көлемінің өсу байқалған. Енді екінші деңгейлі банктерге жеке тұлғалар салынған салымға  ұжымдық түрде сақтандыру беру Ережесі бекітілді. 1999 ж «ҚР екінші деңгейлі банктеріндегі салымдарды сақтандыру қоры» атты ЖАО құрылды. 1999 ж 16 банк  осы қоғамдастықтың мүшесі болса, 2000 ж 18-ге артты. Яғни банк  физикалық тұлғалардан депозит қабылдап қана қоймай, оны сақтандырып отыруға да міндеттелді. Жұртышылықты банктерге салым салуға тартудың нәтижесінде банктегі активті операциялар саны артты, олардың бәсекеге қабілеттігі мен клиенттер үшін қолжетімділігі арта түсті. Депозит қорының  ұлғаюына 2001 ж халық табысын жариялау  себеп болды. Алдымен Президент 2 сәуірде «ҚР азаматтарының қаржысын жариялауға байланысты амнистиялау туралы»  Заң қабылданды. Бұл амнистия жоғарыда айтқан салымды сақтандырудың ұжымдық қоғамдастығына кіретін банктерге қолма-қол ұлттық валюта немесе шетелдік валюта арқылы қаржы салған азаматтарға қатысты болды. Олардың қаржысының көлемі туралы ақпарат таратылған жоқ, сондай-ақ салық салынбады. 1995-2000 ж аралығындағы жеке тұлғалардың табысы және мүлкі туралы декларациялар жойылды. 14 маусым мен 13 шілде 30 күн аралығында болған амнистияның қорытыныдысын жариялаған ҰБ төрағасы Г. Марченко банктердің есебіне  480 217 милл АҚШ доллары түскендігін, олардың 50,5 млн. Шетелден келгендігін хабарлады. 3 мыңға жуық азаматтарымыздың 90 пайызы қолма-қол ақша  әкелген. Дәл осындай салымдарды қорғау шаралары арқылы  тұрғындардың банк жүйесіне деген сенімі ұлғая түсті.

Сөз соңында

Тәуелсіздік алғаннан кейін ел экономикасындағы жағдайдың көңіл көншітерлік емес болғандығы белгілі. 70 жыл бойы боданда болған ел енді ғана етек-жеңін жинап жатты. Сол алғашқы жылдардағы тоқырауда экономика саласындағы елеулі өзгерістер қажеттігінің дәлелі. Банк жүйесі экономикадағы басты орын алатын сектор. Еліміздегі осы сектордың қызметі  саяси-экономикалық өзгерістерге тығыз байланысты болды.  Ұзақ уақыт реформа, өзгерістердің нәтижесінде ғана бұл жүйені қалыпқа келтіруге мүмкіндік болды.  Дәл бүгінгідей банк секторын құру уақыттың сынынан өткен  шаралардың нәтижесі еді.

 
1
0
10575

Осы тақырып бойынша