Қазақстанда туберкулездің алдын алуға арналған айлық басталды
2015 жылғы 24 ақпан мен 23 наурыз аралығында еліміздің барлық өңірлерінде Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күніне орай туберкулездің алдын алу жөніндегі айлық шарасы «Қазақстан – туберкулезден азат ел» ұранымен өткізіледі.
Шара мақсаты – медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдары дәрігерлерінің туберкулезді ерте анықтауға қатысты қырағылығын арттыру; салауатты өмір салтын ұстануға және профилактикалық тексерістерді уақытында өтуге жағдай жасау; туберкулездің алғашқы белгілері, уақытында емделудің тиімділігі, темекіден, есірткіден, алкогольдік ішімдіктен бас тарту, дұрыс тамақтану және дене белсенділігі сияқты профилактикалық шаралар туралы тұрғындардың хабардарлығын арттыру болып табылады.
Айлық шеңберінде республика бойынша МСАК ұйымдарының медициналық қызметкерлері үшін туберкулездің алдын алу және ерте диагностикалау жөнінде семинар-тренингтер; фтизиатор және өзге мамандарды тарта отырып, емдеу ұйымдарында ашық есік күндерін; денсаулық мектептерінде туберкулездің алдын алу бойынша сабақтар; кәсіпорындар жетекшілеріне арналған туберкулездің алдын алу және денсаулықты сақтау және нығайтуға, тәуекел топтарына жататын тұлғалардың жыл сайын міндетті түрде флюорографиялық тексерулерден өтуіне жағдай жасау жөнінде семинар-тренингтер өткізіледі.
Туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейін төмендету - «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі. Елімізде соңғы 10 жылда туберкулезбен сырқаттанушылық және одан болатын өлім-жітім азайды. Скринингтік тексерулердің арқасында туберкулезге шалдыққан науқастардың 70% астамы ерте кезеңде анықталады.
Туберкулез – көбінесе өкпені зақымдайтын инфекциялық бактериалдық дерт. Ол адамнан адамға ауа-тамшы арқылы тарап, өлім-жітімге себеп болатын инфекциялар жағынан АИТВ/ЖИТС-тен кейінгі екінші орынды алады.
Туберкулездің белсенді түрі кейде қан аралас түріндегі жөтел, кеуде тұсында сезілетін ауру, әлсіздік, салмақ жоғалту, дене қызуының көтерілуі, түнде терлеу арқылы білінеді.
Дәрігерлерге уақытында қаралу туберкулезді емдеуге мүмкіндік береді.
Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні жыл сайын 24 наурызда атап өтіледі.
