Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында дифтериямен сырқаттану 30 есеге төмендеді

Кең көлемді вакцинациялау нәтижесінде соңғы 25 жылда республикада дифтериямен сырқаттану деңгейі 30 есеге азайды. 2015 жылы дифтерияның бірде бір жағдайы тіркелмеген, ал 1991 жылы дифтериямен сырқаттанудың 30 жағдайы (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,18 жағдай), 14 жасқа дейінгі балалар арасында 8 жағдай (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,15 жағдай) тіркелген.

Дифтерия – ауа-тамшылы жолмен жұғатын, ауыр түрде өтетін жұқпалы ауру. Дифтерия таяқшалары мұрын, аңқа, жоғары тыныс жолдарының шырышты қабатына түскенде жылдам көбейіп, орталық жүйке жүйесін, тамырлар мен жүректі зақымдайтын ерекше дифтериялық улы затты бөледі.

Дифтерия ауруы дене қызуының жоғарылауы, жалпы әлсіздіктен басталады да, жұтынғанда ауырсыну белгілері байқалады. Көп жағдайда адамдар аурудың алғашқы белгілерін баспа (ангина) деп қабылдап, өздігінен емдеуді бастап кетеді, бұл өте қауіпті және аурудың ауыр салдарына алып келуі мүмкін.

Дифтерия өзге жұқпалы ауруларға қарағанда, көптеген асқынуларға: жүрек бұлшықетінің, тыныс алу жолдары мен диафрагма, жұмсақ таңдай, бет, мойын, дене және қол-аяқ бұшықеттерінің сал ауруларына әкеледі. Мұндай жұқпалы дертте өлім қаупі жоғары, жыл сайын 10-нан 20%-ға дейін ауруға шалдыққан сырқат адамдардың өліміне әкеледі.

Аурудың алдын-алудың негізгі әдісі вакцинациялау болып табылады. Халықты иммундау мақсатында дифтерия, көкжөтел, сіреспеге қарсы иммунитетті көтеретін кешенді вакцина қолданылады. Вакцинациялау ҚР Ұлттық екпе күнтізбесіне сай  2 айдан бастап 60 жасқа дейін жасалады. Егуден бас тарту -  инфекцияға бейім адамдардың санын артуы және сырқаттанушылықтың бұрқ етпесін тудыруы мүмкін.

 
0
0
330

Осы тақырып бойынша

Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында дифтериямен сырқаттану 30 есеге төмендеді - Yvision.kz