Қазақстанда шағын сыйымдылықтағы медициналық-әлеуметтік мекемелерді дамыту жөніндегі пилоттық жоба іске асырылады
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жаңғырту туралы» тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.
Светлана Жақыпова 2009 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерді кезең-кезеңмен енгізу арқылы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын еске салды. Бұл шаралар халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарында анықталған тәртіп пен талаптарға сай іске асырылуда. Стандарттарды іске асыру кезеңінде қазіргі медициналық-әлеуметтік ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жақсартылып, штаттық санын кеңейту есебінен көрсетілетін қызметтердің сапасы арта түсті.
Үкіметтік емес секторда 74 ҮЕҰ арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетті, бұл 2009 жылмен (10 ҮЕҰ) салыстырғанда 7,4 есеге көп. Осы мақсаттарға 2009 жылдан бастап 2014 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2,6 млрд. теңге бөлінді.
2015 жылы мынадай іс-шаралар жоспарлануда:
- БҰҰ ДБ 2015 жылға арналған жобасы шеңберінде елімізде шағын сыйымдылықтағы үйлер (мүгедектер мен қарт адамдарға арналған) желісін дамытудың мониторингі мен орындылығын айқындаумен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс орналастыру немесе қызметтерді сатып алу арқылы шағын сыйымдылықтағы үйлерді дамыту жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру;
- ММ-ны басқа өңірлерде де мүгедектер мен қарт адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелердегі мемлекеттік кәсіпорынға ауыстыруды меншік нысанын алмастыру мәселесін қарастыру және пилоттық жобалардың нәтижелерін зерттеу арқылы 2015 жылы Алматы және Астана қалаларында пилоттық режимде жүзеге асыру.
