Қазақстанда 5G байланысына пилоттық тестілеу жүргізіледі
Еліміздегі Ақпарат және коммуникациялар министрлігі алдағы уақытта 5G ұялы байланыс технологиясына пилоттық тестілеу жүргізу үшін байланыс операторын анықтау жұмыстарын жүргізбек.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша әлемдік тәжірибеде ұялы байланыс стандарттанының жаңа буыны 10 жыл сайын әзірленіп отырады. Алғашқы 1G стандарты 1981 жылы қолданысқа енсе, 1992 жылы – 2G, 2001 жылы – 3G және 2010 жылдың аяғында – 4G енгізілді. Ендігі кезекте 2020 жылға қарай 5G стандартын енгізу күтілуде. 5G ұялы байланысын Қазақстан Республикасының аумағына енгізу Халықаралық электробайланыс одағының 5G стандартын қабылданғаннан кейін мүмкін болады. 2019 жылы Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласында өтетін Дүниежүзілік радиобайланыс конференциясында осы шешімді қабылдау жоспарланған.

Абаевтың айтуынша, Халықаралық электробайланыс одағы 5G стандартын қабылдағаннан кейін ғана телекоммуникациялық жабдықтарды өндірушілер тиісті құрылғылардың жаппай өндірісін бастайды.
«Өз кезегінде Министрлік 2019 жылдың 2 тоқсанында 5G ұялы байланыс технологиясын пилоттық тестілеуден өткізуді жоспарлап отыр. 5G ұялы байланысын пилоттық тестілеу үшін Министрлік жиіліктерді іріктеу жұмысын Астана, Алматы қалаларында және Ақмола, Алматы облыстарында жүргізіп жатыр. Сонымен бірге, Қорғаныс министрлігімен келісілген жиілік ресурстары операторлардың біреуінде ғана 5G технологиясын тестілеуден өткізуге мүмкіндік береді. Яғни, Министрлік жуық арада 5G мобильді байланыс технологиясын пилоттық тестілеуден өткізу үшін байланыс операторын анықтауы қажет», – деді министр.
Ведомство басшысы жалпы, 5G стандарты не үшін қажет екеніне де тоқталып өтті.
«Бұл ең алдымен жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеді. Кейбір сарапшылар 5G қосылған жағдайда пилотсыз көліктер жүргізуге мүмкіндік пайда болатынын айтып отыр. Мысалы үшін: бұл 4G мобильді байланыс технологиясымен салыстырғанда жылдамдығы 40 есе көп технологияны ұсынады. Интернет еш кедергісіз жұмыс істеген жағдайда көптеген артықшылықтарға қол жеткіземіз. Денсаулық сақтау саласында нақты уақыт режимінде қашықтықтан күрделі операциялар жүргізу үшін қолдануға болады. Қауіпті аймақтарда, яғни, кен орнында немесе құрылыс барысында экскаваторды, кранды кабинетте немесе орталық басқару бөлмесінде отырып-ақ белгілі қашықтықтан басқаруға мүмкіндік туады», – деп мәлімдеді Дәурен Әскербекұлы.
